
Ұстаздық ету — бұл ұлылық.Уақытыңмен санаспай, бағытыңнан адаспай ұстаздық ете білу де – қажырлы еңбек.
#Канапина Зибагүл Сейдәліқызының ұстаздық жолды таңдауына себепкер болған жандар — ол ата-анасы болған екен. Ұстаздық оқуға барам деген арманына демеу болып, жолына сәттілік тілеп, ұстаздық оқуға аттандырған.

Зибагүл Сейдәліқызы 1989 жылы Аркалық педагогикалық училищесін бастауыш сынып мұғалімі мамандығы бойынша бітірді. Алғашқы еңбек жолын Державин ауданындағы «Өмірлік» орта мектебінде бастаған.

1990 жылы отбасын құрып, еңбек жолын Жасбуын орта мектебінен жалғастырып және осы мектепте үздіксіз еңбек етіп келеді. Жолдасының отбасында бауырлары ұстаздық жолда еңбек етеді.
Математика, қазақ тілі, информатика, денешынықтыру мұғалімдері және тәрбиешілік қызметтерде жұмыс атқарады.

Жоғары білім алу үшін білімін әрі қарай жалғастырып 2004 жылы және 2017 жылы Аркалық мемлекеттік педагогикалық институтында «Ағылшын тілінің мұғалімі» және «география пәні мұғалімі» бакалаврі бойынша бітіріп, еңбек жолын әрі қарай жалғастырған. «Мектеп мені жылдар бойы есейтіп, шығармашылық табысымды шыңдады» — дейді ұстаз. Қазіргі таңда мектепте бастауыш сынып мұғалімі болып және география пәнінен сабақ беріп еңбек етіп келеді.

Осы ұстаздық жолында жүргеніне 2023 жылы 34 жыл толады екен. Қазіргі таңдағы білім беру жүйесінің ең басты міндеті — жан-жақты дамыған жеке тұлғаны оқыту, тәрбиелеу болса, осы бағытта еңбек етуді алдына мақсат ете отырып, өз білімін жетілдіру жолында біліктілік курстарынан өтіп тұрған. Қазіргі заман мұғалімі – рухани жағынан дамыған, өз ісінің білікті маманы болу керек. Осы ұстаздық жолында бірнеше мәрте алдынан шәкірттерін ұшырып отырды.

Қазіргі таңда алдынан білім алған шәкірттерінің алды жоғары оқу орындарын бітіріп, отбасын құрып, білікті маман болып түрлі салаларда қызмет етуде. Шәкірттерінің дені ұстаздық жолда қызмет етеді. Мұғалімнің алдындағы мақсат-оқушылардың ынталарын арттыру, білім сапасын көтеру. Мұғалім еңбегінің жемісі — ол шәкірттерінің оқудағы жетістіктері. Зибагүл Сейдәліқызының оқытқан оқушылары үнемі білім сайыстарынан жақсы нәтиже көрсетеді.

Ғылыми жұмыстар, пәндік олимпиада, «Кенгуру», «Ақбота», «Бастау» олимпиадаларынан оқушылары жақсы нәтиже көрсетіп жүр. Осынау еңбек жолында, өз тәжірибесінде әрбір оқушыны жеке тұлға ретінде қалыптастыруға, тәрбиелеуге, оқытуға еңбектенетін ұстазға еңбегіне жеміс, білімді шәкірттері көп болсын деп тілейміз.
Какимжанова Нұргүл Кабидоллақызы, Амангелді ауданының білім бөлімінің әдіскері, Жергілікті кәсіподақ мүшесі