Дүниедегі мамандық атаулының төресі – ұстаздық.

Дүниедегі мамандық атаулының төресі – ұстаздық. Қай қоғамда да ұстаз құрметті орындардың төрінен табылады. Осындай қадірлі мамандықтың иесі болып, ұлағатты ұстазға тән үлгі көрсеткен, талай шәкірттердің жүрегінен орын алып, тәлімді тәрбие берген ардақты ұстаз, қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі #Дарибаева Назгүл Едресқызы. Назгүл Едресқызы киелі Торғай даласының Сужарған ауылындағы Қанапия Қайдосов атындағы жалпы білім беретін мектебінде 14 жыл ұстаздық қызмет атқарды.
2024 жылдан бастап зейнетке шықты. Ата-анасынан тағылымды тәрбие алып, жастайынан әдеби кітап оқып өскен баланың өресі қашанда биік болады. Білім алуға бейім болған отбасы балаларының барлығы қазір өз еңбектерінің нәтижесін көруде. Арбаның алдыңғы дөңгелегі қалай жүрсе артқы дөңгелегі де солай қарай домалайды емес пе? Оның екі баласы да анасының жолын қуып, қазіргі таңда ұстаздық қызмет атқаруда. Үлкені Гүлнұр Торғай селосындағы Ы.Алтынсарин атындағы қарашаңырақ мектепте тәрбиеші, ал ұлы Ернұр Рудный қаласы №15 мектепте геогорафия пәнінен сабақ береді. Екеуі де жауапты қызметтің тізгінін ұстап отыр.
Ұстаз – ұлағатты есім. Шәкірттерін білім нәрімен сусындатып, тәлім-тәрбие беру, жақсы қасиеттерді бойына дарытып, адамгершілік рухта бағыт-бағдар беруде ұстаздың еңбегі зор. Шәкірттерінің жүрегінен жол тауып, тәлім-тәрбие беруде, өзінің ана тіліне деген сүйіспеншіліктерін арттыруда Назгүл Дарибаева ізденді, еңбегін аямады. Соның нәтижесінде оқушылары аудандық, облыстық, республикалық байқаулардың жүлдегерлері атанды. Ұстаз әрқашан өзі оқытқан шәкірттерін биік қойып, әрқайсысының орны ерекше, солардың ішінде оза шапқан дараларым деп Жақан Ақмаралды, Тайшина Әлияны, Саруар Азаматты, Мұрат Наурызбайды, Төреғұл Нұрасылды, Сағындыққызы Таңсұлуды ерекше айтып отырады. Өйткені, дарынды оқушылар әрдайым бәйгеден оза шабатыны рас. Оқушыларының алды қазіргі таңда қызмет жасап жатса, арты жоғары оқу орындарының студенттері. «Өнегелі ұстаздан жақсы шәкірт шығатыны сөзсіз»,- деген осы болар.
Дарибаева Назгүл Едресқызын ұлағатты ұстаз, білім саласының майталманы, көшбасшы тұлға екенін барша білім саласындағы әріптестері мен шәкірттері толық мойындайды. Оның ішкі дүниесі мен сыртқы келбетінің үйлесімділігі, ұрпақ тәрбиелеудегі даналығы, адамды жақсы мен жаман деп бөліп жармайтын кейіпі көпке үлгі. Тұлғаны тани білетін қасиеті мен қандай істе де әділеттілігі, талап қоя білетін өткір мінезі өз алдына бөлек әңгіме.
Ұстаздың еңбегі бағаланып Қостанай облысы әкімдігінің, Білім басқармасының Құрмет грамотасымен, Қазақстан Республикасы Оқу-ағарту министрінің Алғысымен марапатталды.
Мен өзімді бақытты сезінемін. Ұстаз болғаныма мақтанамын. Өйткені ұстаз – мақтан тұтар мамандық-дейді Назгүл Едресқызы.
Мақатов Ерік Есламбекұлы-Қайдосов атындағы жалпы білім беретін мектебінің бастауыш кәсіподақ ұйымының төрағасы