Биғожина Гүлжанат Абдуғалиқызы 1964 жылы Қостанай облысы, Қонай ауылында дүниеге келген.Саналы ғұмырын ұстаздыққа арнаған Гүлжанат Абдуғалиқызы Ы.Алтынсарин атындағы жалпы білім беретін мектебінде 42 жыл қажырлы еңбек етіп келе жатқан, тәжірибелі бастауыш сынып мұғалімі ретінде баршаға танымал кісі. Балалық шағынан білімге құштар болып өскен Гүлжанат Абдуғалиқызы мектеп табалдырығын алғаш аттаған бүлдіршіндерге сауат ашқызып, олардың бойына ізгілік пен білімге деген сүйіспеншілікті сіңіруді өмірлік мақсаты еткен асыл жандардың бірі. Ұстаздық жолында тәжірибесі мол мұғалім, әр оқушының жүрегіне жол таба біліп, шәкірттерінің саналы азамат болып қалыптасуына зор үлесін қосып келеді. Гүлжанат Абдуғалиқызы өз мамандығына адалдық танытқан, балаларға мейірім мен білім нәрін дарытқан ,ізгілікті ту еткен адал ұстаздардың бірі де, бірегейі десем артық айтқандық болмас. Осындай ұлағатты ұстаздың өлшеусіз еңбегі елеусіз қалмауы тиіс. Өзінің өмірінде Ұстаздық жолындағы адал еңбегі еленген Гүлжанат Абдуғалиқызы көптеген алғыс хаттар мен мадақтамаларға ие болып келеді. Соның бір айғағы ретінде, «Қостанай облысы, білім және ғылым ұйымдары қызметкерлерінің кәсіптік одағы» қоғамдық бірлестігінің «Еңбек ардагері» медалімен марапатталуы- Гүлжанат Абдуғалиқызы қажырлы еңбегіне берілген үлкен құрмет деп білемін. Әрине, бұл кісі туралы, соның ішінде бастауыш мұғалімі туралы том-том кітап жазу да артық болмас еді…
Гүлжанат Абдуғалиқызы –әріптестеріне үлгі, шәкірттеріне мейірім шуағын төккен ардақты ұстаз. Бұл кісі үшін ұстаздық — жай ғана мамандық емес, жүрек қалауымен таңдалған өмірлік жол. Оның еңбек жолы жас мамандар үшін үлгі болып, ұрпақ тәрбиесіндегі зор жауапкершілікті айқындай түсетін бірден бір тұлға деп айтсам қателік болмас.Бүгінде Гүлжанат Абдуғалиқызы өз ісіне адалдығының арқасында шәкірттерінің, әріптестерінің, ата-аналардың ыстық ықыласына бөленіп, «Ұстаз деген-ұлы тұлға» деген сөздің шынайы бейнесін көрсетіп келе жатқан ардақты ана, асыл әже.
Ы.Алтынсарин атындағы жалпы білім беретін мектебінің бастауыш сынып мұғалімі, әріптесі Сармантаева Сандуғаш Еркінқызы.