Бүгінде еңбек адамы деп кімдерді айтуға болады? Қазіргі қоғамда еңбек адамдарына деген құрмет қаншалықты көрсетіліп жатыр?
Еңбек адамы деп мен әуелі таза жұмыс істейтін адамды айтар едім. Ол қандай салада жүрсе де өз адал еңбегімен, маңдай терімен жұмыс істеп жүрген адам. Жұмыстың қай түрінен де, мейлі ауыр болсын, лас жұмыс болсын, қашпайтын, атақ, бедел іздемейтін қарапайым ғана отбасын асырап жүрген адамдар қоғамда көп.
Бүгінгі менің кейіпкерім де-сол қарапайым жұмыскер адам. Бөлеков Қайрат Егімбайұлы 1968 жылы Байғабыл ауылында дүниеге келген. 1983-1986 жылдары Амангелді ауданында кәсіптік білім беретін училищеде машинист -тракторист мамандығын алып шығады. Отбасында ер азаматтың бас көтерері болғандықтан әрі қарай оқуын жалғастырмастан, «екі қолға бір күрек» деп сол кездегі «Қазақстанның қырық жылдығы» атындағы совхозда әр түрлі жұмыстар істеп, өзінен кейінгі бауырларының оқу оқуына көмек береді. Десе де заманның ағымына ілесу үшін екі жылдай телемастер оқуын да оқып алады.
Бүгінгі таңда ауылдағы мектебімізде бірнеше жылдан бері күзетшілік қызмет атқарады. Күзетшілікті де жеңіл — желпі жұмыс деп қарауға болмайды. Әр істің өз маңызы, жауапкершілігі, талабы болады. Міне, Қайрат ағамыз осы жұмысымен отбасын асырап отырғандықтан, қызметіне жүрдім-бардым қарауды білмейтін, ақырын жүріп, анық басатын жан. Бүгінде осындай қарапайым отбасында үш ұл тәрбиеленіп, халыққа қызмет етуде.
Олар Қазақстанның әр жерінде елдің тыныштығы үшін жұмыс атқарады. Отбасында «әке көрген оқ жонар» сияқты тәрбиені бойына сіңірген ұрпақтары да адал еңбектің, адал азаматтың жарқын үлгілері бола алуда.