Дүниедегі мамандық атаулының төресі – ұстаздық

Дүниедегі мамандық атаулының төресі – ұстаздық. Қай қоғамда да ұстаз құрметті орындардың төрінен табылады. Осындай қадірлі мамандықтың иесі Ш.Уәлиханов атындағы жалпы білім беретін мектебінде ұзақ жыл ұстаздық қызмет атқарып, бүгінде зейнет жасқа толған, ұлағатты ұстазға тән үлгі көрсеткен, талай шәкірттердің жүрегінен орын алып, тәлімді тәрбие берген ардақты ұстаз #Абдрахманова Светлана Жәкішқызы.
Жолдасы Мейрам екеуі бастауыш сынып мұғалімдері дипломдарын қолдарына алғаннан кейін жолдамамен Жанкелдин ауданы Ақшығанақ ауылына барып сол жерде 1985 жылы ұстаздық қызметке кіріскен. Отбасында 4 бала өмірге келіп, олардың тәрбиесіне жете мән беріп,оларды оқытып,еңбекке бағыттауда жақсы нәтижеге жеткен. Соның арқасында 3 қыз баласы ата-ана жолын қуып ұстаздық мамандықты таңдады. Кәзіргі таңда үлкен қызы Салтанат информатика-математика пәнінің, одан кейінгі Гаухар тарих пәнінің және Гүлжанаты қазақ тілі әдебиеті пәнінің мұғалімі болып Қостанай қаласындағы Озат мектебінде ұстаздық еңбек қызмет атқарып жүр. Ұлы Мұратбек болса Жангелдин ауданы полиция бөлімшесінде, ал оның жары Айымгүлде ұстаздық қызметте.
Светлана Жәкішқызының ішкі дүниесі мен сыртқы келбетінің үйлесімділігі, ұрпақ тәрбиелеудегі даналығы, адамды жақсы мен жаман деп бөліп жармайтын кейіпі көпке үлгі. Тұлғаны тани білетін қасиеті мен қандай істе де әділеттілігі,артық әңгіме мен пайдасыз іспен араласуды жақтырмайтын бейнесі өз алдына бөлек әңгіме.Кеңпейілділігі мен сөйлеу шеберлігі, өз мамандығының шебері болуы әкесі Жәкіш атамыз бен анасы Исабекқызы Құндызайдан дарыған қасиет екені сөзсіз. Осы қасиеттер оның кісілік келбетін ашады.
Ұрпаққа тәрбие беру, білім нәрімен сусындату – екінің бірінің қолынан да келе бермейді. Сондықтан, ұстаз болу – жүректің батырлығы деп бағалауға болады. Осы орайда Светлана Жәкішқызы өзінің біліктілігінің арқасында өз уақытын аямай, шәкірттерін сапалы білім нәрімен сусындатуда ерекше жетістіктерге жете білді. Әр оқушының жан дүниесіне үңіліп, сырласа білу, олардың жүректеріне жол табу, ата-аналардың көңілін табу — осының бәрі ұстаздың ерең еңбегі.
Биылғы оқу жылында Светлана Жәкішқызы өмір жолындағы елеулі сәттердің бірі – зейнетке шықты. Себебі адам баласы үшін қандай да бір қызметтің, мансап жолының аяқталар тұсы болады. Ал бір салаға талай жылын арнап, сол бір жұмыстың тасын өрге домалату үшін білімі мен еңбегін аямаған жандарға жылы лебіз айту ерекше құрмет болып саналады.
Қабажаева Тамаша Мешітбайқызы «Ш.Уәлиханов атындағыТорғай жалпы білім беретін мектебі КММ»бастауыш кәсіподақ төрайымы