Бадаева Сәуле Сейдағалиқызы. Арқалықтың тіл мамандарының көшбасшысы

Ұстаз болу — адам бойындағы ұлы қасиеттердің бірі. Осынау үлкен ұғымдағы ұстаздық қасиетке барынша адалдық танытып, нағыз адамзаттық қасиеттерге ие, бар саналы ғұмырын осы салаға арнаған ұлағатты ұстаз Бадаева Сәуле Сейдағалиқызы Қарағанды мемлекеттік университетінің филология факультетін 1986 жылы тәмамдап, 1990 жылға дейін Амангелді ауданындағы мектептерде қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі, аудандық білім бөлімінде әдіскер, 1991- 1997 жж.
Торғай облыстық БҚБА және ҚДИ қазақ тілі мен әдебиеті кабинетінің меңгерушісі, 1997-2000 жж. № 10 орта мектебінде қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі, 2000- 2022 жылға дейін Арқалық қаласының білім бөлімінде қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің әдіскері болып қызмет атқарды. Жұмыс істей жүріп, Ы. Алтынсарин атындағы гимназияда да қазақ тілі мен әдебиеті пәнінен сабақ берді. Өмірінің 40 жылын ұстаздық қызметке арнап, кейінгі ұрпаққа өнегелі жол көрсете білді.
Талай дарынды оқушылардың шамшырағын жағып, ұлтқа қызмет ететін тұлғаларды қалыптастырған – көшбасшы ұстаз. Оқушылары Мұқатай Елдос, Қалтай Аяужан бірнеше дүркін қазақ тілі мен әдебиеті пәнінен облыстық, республикалық олимпиаданың жүлдегері, республикалық «Абай оқуларының» жеңімпазы атанды.
Ұстаз бақытына бөлену әрбір адамның маңдайына бұйыра бермейді. Ұстаз бақыты дегеніміз – шәкірттердің шын ықыласы, әріптестердің сыйластығы. Осындай бақытқа лайық Сәуле апай ғасырда туатын санаулы жандардың қатарынан десек артық айтқандық емес.
Қазақилықтың қаймағы бұзылмаған Арқалық қаласында тіл мамандарының көшбасшысы болған әдіскер Сәуле Сейдағалиқызының орны біз үшін қашанда бөлек. Өз пәнін терең меңгерген, кәсіби деңгейі жоғары, өзіндік әдістемесі қалыптасқан, шығармашылықпен жұмыс істейтін әдіскер ұстаз бойынан адамдықтың, мәдениеттіліктің үлгісін көретінбіз. Жұмыста талап қоя білетіндігі, турашылдығы, адами болмысы бізге үлгі- өнеге бола білді. Кейде адамның есімінің өзгелерге әсер ететін сәті болады. Біз қаламымызға арқау еткен Сәуле апайымыз да есіміне заты сай тұлға. Сәуле десе сәуле. Жан –жағындағыларға жарық сәулесін шашып, нұрын төгіп тұрады. Білім саласының жілігін шағып, майын ішкен, өз ісінің Һас шебері деп бағалаймыз.
Қоғамға қызмет етіп, тәуелсіз еліміздің дамуына үлес қосқан Сәуле Сейдағалиқызының жолы – дара жол, дана жол. Бұл – дәлелдеуді қажет етпейтін аксиома.
Ұлағатты ұстаздың білім беру саласының көкейкесті тақырыптарында жазған мақалалары газет- журнал беттерінде жарияланып тұрды, баяндамалары қалалық, облыстық педагогикалық оқуларда жоғары бағаланып, Құрмет грамоталарына ие болды. Ұстаздық еңбегі жоғары бағаланып, Қостанай облысы білім басқармасы, Қазақстан Республикасының Білім және ғылым министрлігінің Құрмет грамоталарына ие болды. 1916 жылғы ұлт- азаттық көтерілістің 100 жылдығының құрметіне естелік медалі, Қазақстан Республикасы Президентінің 2021 жылғы 2 желтоқсандағы Жарлығы бойынша «Қазақстан Тәуелсіздігіне 30 жыл» мерекелік медалі, Қазақстан Республикасы Оқу- ағарту министрлігі «Еңбек ардагері» (2024ж) медалінің иегері.
Тіл жанашыры болып, қаламызда тіл мәртебесінің асқақтауына сүбелі үлес қосқан – ұлт жанашыры.
Тіл мамандарының көшін қалыптастырып, өзіндік сара жолды қалыптастырған – білікті маман.
Ұлттың данасы Абай шығармаларын дәріптеу мақсатында ұйымдастырылатын дәстүрлі «Абай оқулары» байқауының республикалық кезеңінде қаламыздың оқушылары әрқашан жақсы нәтиже көрсетіп келеді. Бұл – Сәуле апайдың ұлтқа жасаған ерекше құрметінің белгісі.
Қазіргі таңда Сәуле Сейдағалиқызы қалыптастырған сара жол өз жалғасын тауып келеді. Қаламыздың тарихында Сәуле апайдың орны ерекше. Әр тіл маманының жас шыбықтай болған сәтінен мәуелі бәйтерекке айналуына да Сәуле Сейдағалиқызының ықпалы зор.
Қостанай облысы білім және ғылым ұйымдары қызметкерлерінің жергілікті кәсіптік одағы» қоғамдық бірлестігінің «Арқалық қаласы білім қызметкерлерінің кәсіподақ ұйымы» филиалы