Білім саласының көшін бастау үлкен талапшылдықты, қажырлы еңбекті, аянбай арнайтын уақытты, адамгершілік қасиеттің биік сатысында тұруды, мейірімділікті талап етеді. Осы талаптардың әр сатысынан өтіп, бүгінгі таңда Арқалық қаласының білім саласының дамуына зор үлес қосып, көшін бастап келе жатқан тұлғалардың бірі – Жанат #Хасенқызы. Өз ісінің білгірі саналған Жанат Хасенқызын Арқалық қаласы білім саласының майталманы десек еш артық айтпағандығымыз.
Білімділік адамның мінезі мен ісінен көрінеді. «Білім – ағаш, іс- жеміс» деген сөз бар. Білім иесі оны пайдалану үшін іске жұмсайды, ал егер білгенін асыра алмаса, онда білімді деп айтуға келмейді. Осы тұрғыдан алып қарағанда білгенін кейінгілерге үйреткен, өзінің іс- әрекетінің жемісін көрген ұлағатты, іскер маман ретінде Жанат Хасенқызын атап көрсетуіміз еш дәлелдеуді қажет етпейтін аксиома.
Ұлағатты ұстаз, білікті маман ретінде Жанат Хасенқызының қызмет жолы да үлкен еңбекпен өрілген. Шәкірт шырағын жағуға деген құлшынысты ұстаздық қызметінің басты ұстанымы ете отырып, сапалы білім мен саналы тәрбие беру мақсатында алғашқы еңбек жолын ұстаздық қызметтен бастады. Ұлттық тіліміздің мәртебесін көтеру мақсатында талай игі істердің бастамашысы болды. Арқалық қаласындағы А.Құнанбаев атындағы орта мектебінде білімді ұстаз, білікті басшы Орал Дәулетқызының қарамағында жұмыс істеп, тәжірибенің жаңа сатысына қадам басты. Тәжірибелі маман ретінде білім бөлімінде білім мен біліктілікті дағдыға ұштастырған әдіскер, жетекші маман, бас маман, сектор меңгерушісі қызметіне дейін көтеріліп, 2014 жылдан бастап басшының орынбасары қызметін атқарып, қаламыздың білім саласының дамуына сүбелі үлес қосуда.
Салмағы басым, жауапкершілігі жоғары білім саласында жүріп Жанат Хасенқызы Білім басқармасының, Білім министрлігінің марапаттарымен марапатталып және 2019 жылы Ы.Алтынсарин төсбелгісінің иегері атанды. Сондай-ақ, Жанат Хасенқызы кәсіподақ мүшелерінің әлеуметтік-экономикалық және еңбек құқықтары мен мүдделерін қорғауға қосқан үлесі үшін «Қостанай облысы білім қызметкерлерінің кәсіподақ қозғалысына сіңірген еңбегі үшін» Жергілікті білім беру кәсіподағының төсбелгісімен марапатталды.
Өз ісінің білгірі бола білген Жанат Хасенқызы өмірде екі баланың аяулы анасы, немерелерінің ардақты әжесі ретінде үлкен жетістікке жеткен жан.
Жанат Хасенқызының еңбек жолы кейінгілерге үлгі боларлық дара жол, талай жандардың тұлға ретінде қалыптасуына ықпал еткен жарқын жол. Білімді ұстаз тұғырынан білікті маман тұғырына жету – екінің бірінің маңдайына бұйыра бермесі анық. Олай болса, Жанат Хасенқызының жолы қаламыздың білім саласының дамуының сара жолы.
Бүгін Жанат Хасенқызы тамаша мерейтойын атап өтуде! Осы күнде зор денсаулық, амандық, жаңа кәсіби табыстар мен жақсы көңіл-күй тілейміз!
Қостанай облысы білім және ғылым ұйымдары қызметкерлерінің жергілікті кәсіптік одағы» қоғамдық бірлестігінің «Арқалық қаласы білім қызметкерлерінің кәсіподақ ұйымы» филиалы