«Еңбек етсең ерінбей, тояды қарның тіленбей» деп Абай атамыз айтқандай, адал еңбек адамды биік белестерге жетелейді. Қай салада болмасын, табысқа жету үшін қажырлы еңбек пен табандылық қажет.
Қоғамда ерекше құрметке лайық жандардың бірі – ұстаздар. Біздің қоғамда осындай құрметке лайық жандардың бірі – Ақышбекова Айсұлу Сабырқызы. Ол өзінің саналы ғұмырын өскелең ұрпақты оқыту мен тәрбиелеуге арнап, бірнеше буын шәкірт тәрбиелеп шығарды.
Айсұлу Сабырқызы Арқалық қаласы Т.Әубәкіров атындағы негізгі орта мектебінде жылдар бойы мұғалімдік қызметті абыроймен атқарып, білімі мен тәжірибесін жас ұрпаққа үйретуден жалыққан емес. Қажырлы еңбет ете білген,құрметті ұстаз бүгінде зейнетте.Ұстаздың әрбір сабағы – оқушылар үшін жаңа әлемнің есігін ашқандай әсер қалдыратын. Ол тек оқулықтағы біліммен шектелмей, балалардың өмірге деген көзқарасын қалыптастыруға, олардың бойына ізгілік, адалдық, еңбекқорлық қасиеттерін сіңіруге көп күш жұмсады. Шәкірттері де оның еңбегін бағалап, үлкен жетістіктерге жетіп, ұстаз атына лайықты азамат болып қалыптасты. Оның педагогикалық қызметі ел ішінде жоғары бағаланып, түрлі марапаттарға ие болды. Бірақ ол үшін ең үлкен марапат – шәкірттерінің биік белестерді бағындыруы, олардың өмірден өз орнын табуы еді. Ұстаздық қызмет атқарған жылдары оқушыларды түрлі сайыстарға қатыстырып, белгілі нәтижелерге қол жеткізе білді. Өз уақытын аямай, өзгенің бақытын бағалай білді.
Айсұлу Сабырқызы – ұлағатты ұстаз, ақылшы, білім мен тәрбиені ұштастыра білген үлкен жүректі жан. Оның еңбегі ешқашан ұмытылмайды, себебі ол білім нәрін себу арқылы болашаққа жол салып берді. Мұндай ұстаздар – нағыз ұлт болашағының шамшырағы.