Еңбек адамы – мақтанышымыз

Тазалыққа әркімнің жаны құмар-ақ. Тазалықты жай ғана қарапайым сөз емес, үлкен мағыналы сөз деп түсінуіміз керек. Ол – жан-жақты адам өмірін, болашағын, ақыретін, имандылығы мен адамгершілік секілді кісі ғұмырына тән көптеген қасиеттерді қамтиды. Тазалық – иманнан. Тазалық бар жерде береке бар екенін бәріміз жақсы білеміз.

Барлығымыздың үлкен ғимаратқа барсақ та, кез-келген қызмет орнына кірсек те әуелі сол жердің тазалығана көзіміздің түсетіні рас. Менің ойымша, ең адал, ең ауыр жұмыс жасайтын тазалықшылар. Олар таң атқаннан кеш батқанға дейін күл-қоқыстың қалдығына дейін қалдырмай, тазалап, сіз бен біздің таза жерде жүріп-тұруымызға септігін тигізуде. Аптап ыстықта да, қақақаған суықта да тазалық үшін барын салатын еңбек адамдарына неге ерекше құрмет көрсетпеске?

Әр адам өз несібесін еңбектен ғана табады. Қолынан келгенін аянбайтын адамға әркез сый-құрмет көрсетілуі тиіс. Президенттің: «Қарапайым еңбек адамына деген құрметті арттырып, ел сүйсініп қарайтындай жағдай жасау қажет» – деп атап өтуі өте орынды. Нәпақасын маңдай тер, адал еңбектен тауып жүрген #Биғанша Оспанқызының ісі көпке үлгі. Ұзақ жылдардан бері Ыбырай Алтынсарин атындағы мектепте жұмыс жасайды. Таң бозымен балалар келместен бұрын мектепті айнадай етіп жуып, қашан балалар тарап кеткенше мектепте болатын Биғанша Оспанқызының өз ісіне жауапкершілігі, үнемі жинақы қалыпта жүруі көп адамның қолынан келмес іс.

Еңбек адамы дегеніміз, ең алдымен, өз міндетіне адал адам. Өзінің табысын маңдай терімен табатын, жанын салып жұмыс істейтін жанды еңбек адамы деп есептеймін. Ол — диқан бола ма, ол — малшы бола ма, ол — жазушы бола ма, ол — өнер адамы бола ма, әртіс бола ма, бәрібір. Адал маңдай терін сіңіріп тұрып еңбек етуі керек. Биғанша Оспанқызы – нағыз еңбек адамы.
Ауыр еңбектің ыстығы мен суығына қатар төзетін еңбек адамы қашанда мақтанышымызға айнала бермек.

Тұрмағанбетова Ботагоз, Жангелді ауданы, Жергілікті кәсіподақ мүшесі