🔹Ұлы Абайдың «Тегінде адам баласы адам баласынан ақыл, ғылым, ар, мінез деген нәрсемен озады. Одан басқа нәрсемен оздым ғой демектің бәрі де артық» деген тамаша сөзі бар. Осы пікірге #Мұсабаева Камила Сапарбекқызының өмірі мен қызметі айқын дәлел.
🔹Абай атамыз тағы бір сөзінде «Артық ғылым кітапта, Ерінбей оқып көруге» дейді. Рухани байлығымыз кітапты насихаттауда, оқырмандарды оқуға тәрбиелеуде, құнды мәдениетімізді ұрпаққа жеткізуде мектебіміздің кітапханашысы Камила Сапарбекқызының еңбеге орасан зор.
🔹Білікті маман Мұсабаева Камила Қостанай облысы, Амангелді ауданы, Қарасу ауылында дүниеге келген. Мектеп жасынан бастап шағын әңгімелер, ертегілер, аңыздарды оқып кітапқа деген сүйіспеншілігі арта түскен. Кітапқа деген ерекше ықыласы бүгінгі мамандығының қас шебері болуға жетелеген.
🔹Алматы қаласындағы Қазақтың Мемлекеттік Қыздар Педагогика институтының кітапханашы – библиограф мамандығын меңгеріп, Қостанай облысы Амангелді ауданындағы аудандық орталық кітапхананың абонемент бөлімінде қызмет жолын бастаған. Аудандық кітапханада 5 жыл аудан халқының оқырмандарына қызмет көрсетіп, білімнің қара шаңырағы, ұлы ұстаз атындағы Ыбырай Алтынсарин мектебінде еңбек жолын жалғастырып келеді. 43 жыл еңбек жолында аудандық, облыстық, республикалық марапаттарға ие болды.
🔹Болашағымыздың жарқын болып, ел егемендігінің мәңгі сақталуы, ұрпақтарымыздың саналы, білімді болуы осы жолда аянбай қызмет етуде Камила Сапарбекқызының еңбегі ерекше. «Оқуға құштар мектеп – оқуға құштар ұлт» жобасы аясында мектеп кітапханасы жаңа үлгі электронды жүйеге көшіп, оқырмандардың кітап алып оқуына жағдай жасап отыр.
🔹Мектебіміздің кітапсүйер оқырмандарына түрлі жобалар, акциялар, байқаулар, челлендждер, буктрейллер, буккросинг ұйымдастырып, мәдени мұраларымызды ұрпақ бойына сіңіру жолында жұмыс жасап келе жатыр.
🔹Қазақстан бойынша жылдағы дәстүрге айналған «Бір ел – бір кітап» акциясы бойынша жұмыс жүргізіліп келеді. Биылғы жылғы Төлен Әбдіковтың шығармаларын оқу бекітілді. Осыған орай шығармаларынан бірнеше іс –шара, оқулар, конкурстар жоспарлануда.
🔹Терең ой мен біліктілікті, зиялылық пен тектілікті, кішіпейілділік пен парасаттылықты бойына жиған Камила Сапарбекқызы осы жылдар аралығында адами тәрбие, рухани азық алған ұстаз-кітапханашы тұлғасын қалыптастырды.
🔹«Адамды адам еткен – кітап, адамзат еткен – кітапхана» деп Ә. Кекілбаев айтқандай білім алушыларды өзіндік дербес ізденіске баулу, ойлау қабілетін жетілдіру арқылы оқудың мәнін түсінуге итермелей отырып, оқуға деген қызығушылығын арттырып, қазақтың салт-дәстүрін, мәдениеті мен әдебиетін, тарихын оқып, біліп насихаттауда ұлан-ғайыр еңбек етуде.
🔹Сонымен қатар оқырмандарын ақпараттық–коммуникациялық технологиямен де жұмыс жасауда өз бетімен ізденуге, ой түйіндеуге бағыттап отырады.
🔹Өмірімен кітапты байланыстырған Камила Сапарбекқызының балалары Көркем Амантайқызы Мұсабаева аудандық орталық кітапхана директоры, Мұсабаева Ақнұр Амантайқызы Наурызым ауданы, Мереке ауылдық кітапханасында еңбек еткен, Мұсабаева Зарина Амантайқызы Амангелді аудандық балалар кітапханасының меңгерушісі болып абыройлы қызмет атқарып келеді.
🔹Білімнің қайнар бұлағы болған, кітапхананы кітапсүйер қауымға толтырған Камила Сапарбекқызының қызмет жолы жастарға үлгі – өнеге.
Қарабасова Қарлығаш Мәлікзадақызы,
«Амангелді ауданы білім бөлімінің Ы.Алтынсарин атындағы жалпы білім беретін мектебі» КММ бастауыш кәсіподақ ұйымының мүшесі.