Білім – ұлттың болашағын қалыптастыратын негізгі күш десек, ұстаз – сол білімнің шамшырағы іспетті. Осы мәртебелі мамандықты мәңгілік еңбек жолына айналдырған, педагог, тәрбиеші Самратова Ұмсынай Мұхтарқызының жарқын өмір жолы мен жетістіктері туралы сөз қозғау орынды.
Ұмсынай Мұхтарқызы – білім-ағарту саласына ғұмырының 45 жылын арнаған ұлағатты ұстаз. Ол жарты ғасырға жақын педагогикалық қызметінің негізін тәрбиешілік қызметке арнап, көптеген білім алушының жүрегіне біліммен қатар, адамдық пен адалдықтың негізін сала білді.
Ұмсынай Самратова 1962 жылы 1 қазанда Қостанай облысының Меңдіқара ауданы, Жарқайың ауылында дүниеге келді. Бала кезінен білімге құштарлығы болашағын педагогикалық жолмен байланыстырды. Осылайша Қостанай қаласындағы Мемлекеттік педагогикалық институттың биология-химия факультетінде жоғары білім алып, білім саласындағы алғашқы қадамдарын жасады.
1989 жылы Ұмсынай Мұхтарқызы Ы.Алтынсарин атындағы дарынды балаларға арналған мектеп-интернаттың тәрбиешісі болып жұмысқа тұрады. Осы кезеңнен бастап, оның бала тәрбиелеу ісіндегі жауапты қызметі бастау алады.
Тәрбиешілік қызметі барысында түрлі сыныптарға жетекшілік етіп, олардың сапалы білім алып, әрқайсының адал әрі үлгілі тұлға болып қалыптасуы үшін қажырлы еңбек ете білді.
Ұмсынай Мұхтарқызының еңбек жолы – оның қоғамға адал қызметінің айғағы. Ол әрқашан өз ісіне берілген маман ретінде жас ұрпақтың бойында білім мен тәрбиеге деген жауапкершілік сезімін қалыптастыра алды. Оның еліміздің білім беру жүйесін жетілдіруге және ұрпақ тәрбиелеуге қосқан үлесі жоғары бағаға ие.
Аяулы ұстаз 2022 және 2023 жылдары Қостанай облысы әкімінің және облыстық білім басқармасының құрмет граматоларына ие болды. 2024 жылы «Дарын» республикалық ғылыми-практикалық орталығының алғыс хаты мен марапатын иеленіп, педагогикалық шеберлігі мен шығармашылық жұмысының бағасын алды. Бұл марапаттар оның білім беру саласындағы қажырлы еңбегінің нәтижесі болып саналады.
Ұмсынай Мұхтарқызының отбасылық өмірі де көпке үлгі боларлықтай. Ол бүгінде – адал жар, 2 баланың аяулы анасы және 6 немересіне асыл әжесі болып отырған бақытты әйел. Отбасы – ол үшін өмірдегі басты құндылықтарының бірі.
Ардақты ұстаздың өмірі мен еңбек жолы – білім беру саласындағы барлық мұғалімдер үшін үлгі. Оның ұзақ жылғы қызметі мен кәсіби шеберлігі оқушылар мен әріптестерінің алдында зор құрметке ие. Ұмсынай апайдың тәрбиесін алған шәкірттер бүгінгі күні қоғамның әр саласында қызметтеріне адалдық танытып, еліміздің өркендеуі жолына өз үлестерін қосуда.
Жергілікті білім беру кәсіподағының Ы. Алтынсарин атындағы мамандандырылған мектеп-гимназия-интернатының бастауыш кәсіподақ ұйымы