Сүйікті жар, аяулы ана, ардақты әже
#Рамазанова Шолпан Кульжановна саналы ғұмырын ұстаздыққа арнаған білікті жан. Ұстаздық жолды таңдауына мұғалім кейін мектеп директоры болған нағашы атасы Хасанов Оспанның ықпалы зор болды. Сол кісіге ұқсап мұғалім болып, шәкірт тәрбиелесем деген балалық шағының арманы орындалып, 1979 жылы Қостанай педагогикалық институтының физика-математика факультетінің «математика» бөліміне оқуға түсіп, 1983 жылы математика пәні мұғалімі мамандығын алып шығады.
Алғашқы еңбек жолын туған ауылы Мағнай мектебінен математика пәні мұғалімі болып бастап, Тастыөзек, Ново-Троиц орта мектептерінде жұмыс істейді. 2012 жылы отбасы жағдайымен Рудный қаласына қоныс аударып, Рудный қаласындағы №19 орта мектепте жұмысын жалғастырады.
Отбасында үш қыз, бір ер бала тәрбиелеп отырған бақытты жан. Тұңғыш қызы Айгүл анасының жолын қуып ұстаздық жолды таңдады. Қазіргі таңда Қостанай қаласындағы №9 Ғ. Қайырбеков атындағы ЖББМ мектебінде математика пәні мұғалімі болып жұмыс істейді.
Әр ұстаздың өз ерекшелігі болады. Шолпан Кульжановна сабырлылығы мен шыдамдылығы, көп тыңдап аз сөйлейтін мінезі әріптестері мен оқушыларына үлгі болып келеді. Педагог К.Д.Ушинскийдің «Мұғалім — өзінің білімін үздіксіз көтеріп отырғанда ғана мұғалім» деген сөзі Шолпан Кульжановна үшін айтылғандай. Үнемі іздену мен кәсіби дамып отыратын ұстаздың жетістіктері де айтарлықтай. Еңбегі еленіп, «Шәкірт жүрегіне жол тапқан ұстаз» ҚР Білім беру жүйесінің үздік қызметкерлері енген жинақта есімі аталса, 2017 жылы республикалық «1000 үздік ашық сабақ» атты жинақ кітабына енгені үшін «Ұлт ұстазы» төсбелгісімен марапатталды.
Сонымен қатар, «Теңдеулер және теңсіздіктер» атты авторлық бағдарлама жазып, 2022 жылы «Үздік авторлық бағдарлама» республикалық конкурсының облыстық кезеңінде жүлделі ІІ орын иеленді. Облыс көлемінде әріптестеріне «Математика сабағында деңгейлеп-саралап оқыту арқылы оқушылардың білім сапасын арттыру» тақырыбында педагогикалық тәжірибе таратты.
«Ұстаздан шәкір озғар» дегендей ақты ғылымдар атасы математикадан жетістіктерге жеткен шәкірттері де аз емес. 10 «А» сыныбының оқушысы Садуақасова Әсел, Бекетаева Ажар жалпы білім беретін пәндер бойынша республикалық олимпиаданың қалалық кезеңінің жүлдегерлері болса, Сарибаева Нұрсила «Дарын» ғылыми-практикалық орталығы ұйымдастырған инновациялық идеялар конкурсында жүлделі ІІ орын иегеленді.
Ұстаз жолын қуған шәкірті Бекназарова Жұлдыз қазіргі таңда А. Байтұрсынов атындағы Қостанай университетінде математика пәнінің мұғалімі мамандығынан білім алуда.
Ұстаз еңбегінің жанғаны осы болар…
Рудный қаласы Ахмет Байтұрсынов атындағы мектебінің бастауыш кәсіподақ ұйымы