Ол адам бойына, адам жүрегіне адамгершілік пен білім нәрін себуші. Хийсхан #Гарифулла да сол білім нәрін себуші- ұстаздар отбасынан.
Ұстаз берген білім мен тәрбие – адамзат баласына берген рухани азық, әркімнің өміріне салып берер сүрлеуі. Хийсхан Гарифулла да сол сүрлеумен ұстаз мамандығына өз жүрек қалауыммен келген. Әкесі де, шешесі де, жан жары мен қыздары да мұғалім. Ұстаздық мамандығын таңдағанына өкінбейді. Өз мамандығын мақтан тұтады. Тұтпағанда ше?.. Тәрбиелеген шәкірттерің, халқың өзіңді сыйлап, мақтан тұтып жатса.
1991 жылдың көктемінде армиядан келген кезі екен. Бір күні әкесі оны жанына шақырып алып:
-Бай-Өлкедегі педучилищенің жанынан ашылған 45 күндік курске барасың. Дайындала бер,-деді. Бұл оның ұстаздық жолының ең алғашқы бастамасы еді.
Сол жылы, тәуелсіздік алардан 4-5 ай бұрын. Өзге елден атамекеніне үдере көшкен нөпір халықпен бірге оның отбасы да қазіргі Қарабатыр ауылына қоныс тепкен еді. Ворошиловский өңіріне келеді, аты республикаға танымал басшы, марқұм, Жәзит Кәрімұлының мұрындық болуымен Ақсу орта мектебінің жанынан тұңғыш қазақ бастауыш сыныптары ашылды. Әкесі- завуч, шешесі Жазихан және Хийсхан Гарифулла сол кезде ашылған екі бастауыш қазақ сыныбының алғашқы мұғалімдері болды.
Әкесі ат жалын тартып мініп, еңбек жолын мұғалімдіктен бастағаннан-ақ өзінің ұстаздық қызметіне қабілетінің қандай екенін көрсете білген жан.
«Шәкіртсіз-ұстаз тұл». Әкесі өз ұлы Қыдырбектің бойындағы дарындылықты, алғырлықты байқап, сөз өнеріне тәрбиелейді. Төл шәкірті Қыдырбек оқушылар және үлкендер арасында өткен республикалық, облыстық айтыстардың жеңімпаз, жүлдегері, лауреаты болды. Бұл да әкесінің өз ісінің шебері екенінің бір дәлелі. Мұғалім ретінде Қазақстан тарихы мен географиядан сабақ берді. Әкесі өмірінің соңына дейін мектеп директорының оқу-ісі жөніндегі орынбасары қызметін атқарып, 2000 жылы 6 қаңтарда қайтпас сапарға аттанды.
Шешесі Жазихан 1968 жылы Ұланбатыр қаласынан педучилище бітіріп, алғаш еңбек жолын туған жері Бұлғында бала бақша тәрбиешісінен бастаған кейін бала бақша меңгерушісі болды, 1987 жылдан бастап бастауыш сынып мұғалімі қызметін атқарады. Тәрбиелеген шәкірттеріне сапалы білім ғана беріп қоймай, түрлі деңгейдегі іс-шараларға белсене араластырып, жоғарғы жетістіктерге жетті.
2002 жылы құрмет демалысына шықты.
​«Ұяда не көрсең, ұшқанда соны ілесің». Туған балалары да тәрбиеден ада болмады. Әке –шеше ізін жалғастырды. Қазір Хийсхан Гарифулла әке-шеше жолын қуған, өзіндік ұстанымыммен терең көзқарасы бар қазақ тіл мен әдебиеті пән мұғалімі. Оқушылары оза шауып, талай белестерді бағындырды, талай додаларда топ жарып, қанжығалары майланды.
Білімді, саналы ұрпақ болмаса, қоғамның дамуы неғайбыл. Жолдасы Ибрагимова Торғын да аталмыш мектепте тәрбие ісінің орынбасары қызметін ойдағыдай атқарып жүр.
Екі қызы педагог. Үлкені – психолог, кіші қызы – ҚосМУ-да тарих факультетінің студенті. Олар да ата-анасының салған сара жолмен жүріп, талай жетістіктерге жетері хақ.
Қамысты ауданы Қарабатыр  мектебінің бастауыш кәсіподақ ұйымы