Бүгінгі біздің сыр шертер кейіпкеріміз, өзінің саналы ғұмырын ұлы жол — Ұстаздыққа, педагогика саласына арнаған Нұғыманов Нұрлан Мұқатайұлы жөнінде болмақ. Нұрлан Мұқатайұлы 1961 жылы 5 — қыркүйекте дүниеге келген. Қасиетті мекен, ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынұлы дүниеге келген өңірде туып, дүние есігін ашқан Нұрлан Мұқатайұлы сияқты әр жанның қарапайым адам болуға қақысы жоқ шығар.
Қарасу ауылында, Қарасу орта мектебін 1978 жылы үздіктер қатарында тәмәмдап, болашақ мамандығын таңдау алдында үлкен жауапкершілік тұрды. Осы жолда Нұрлан Мұқатайұлы болашақта өз еліне Ахмет аталарымыздай қызмет ету, өскелең ұрпақты оқытуға, білімді етуге атсалыспақ болуды шешіп, ұстаздық, ағартушылық мамандығын таңдады.
Алматыдағы С. М. Киров атындағы мемлекеттік университетті 1989 жылы химия оқытушысы мамандығы бойынша тәмәмдап, осы жылдан бастап мұғалім болып қызметтік жолын бастаған. 1992 жылы А. Байтұрсынов атындағы орта мектебінде оқу ісінің меңгерушісі, 1993 жылы А. Қоңқабаев атындағы орта мектебінде директор қызметін атқарды. 2000 жылы А.Байтұрсынов атындағы орта мектебінде директор қызметінде болды. 2008 жылы отбасылық жағдайына байланысты Арқалық қаласына қоныс аударып, қосымша білім беру орталығында ұстаздық жолын жалғастырады. Аталған мекемеде мектептегі пәндер бойынша ұйымдастырылатын қалалық олимпиада, сайыстар мен зияткерлік байқаулардың ұйымдастырушысы, әрі ұйытқысы болып, бұл қызметке жаңадан бір серпін бере білді.
Қосымша білім беру орталығындағы қызметі барысында Нұрлан Мұқатайұлы қала мен қалаға қарасты ауыл мектептері оқушыларының сабақтан тыс уақытта олардың пән бойынша білім деңгейлерін көтеру мақсатында «ХХI ғасыр көшбасшысы», «Зерде», «Кім? Не? Қашан?», «Полиглот» т.б. сияқты республикалық телевизиялық жобаларының Арқалық қаласындағы алғашқы ұйымдастырушысы Нұрлан Мұқатайұлы бола білді. Бұл жобалар ұстаздар арасында көптеген жағымды оң пікірлер қалыптастырып, әр оқушыға аталған жобалардың қатысушысы болу үлкен мәртебе болды. Үздіктерден іріктілеп шыққан үздіктер қала намысын облыс, республика көлемінде қорғап, азғантай уақыттың ішінде-ақ жұмысы, еңбегі өз нәтижесін де беріп жатты. Қала намысын асқақтатқан оқушыларымыз да жетіп артылар деңгейге жетті.
Аталған қосымша білім беру орталығында 2010 жылға дейін жұмыс атқарып, 2010 жылдан кейін қызмет бабымен Арқалық қаласындағы білім бөліміне ауысты.
Академик, жазушы З. Қабдолов «Ұстаз көрмеген кісі — үлгі, өнеге көрмеген кісі. Ал үлгісіз, өнегесіз адамда қандай қасиет болмақ?» — дегендей, университет қабырғасында жүріп, шебер ұстаздардан тәлімді, тағылымды тәжірбие жинап, ұстаз мамандығының қиыны мен қызығын жақсы түсіне білді. Осының нәтижесінде Нұрлан Мұқатайұлы қай ұжымда болмасын өзінің іскерлігімен, адамгершілігімен, қарапайымдылығы және өзіндік болмысымен ерекшеленіп, кез-келген ұжымда абыройға ие бола білді. Әрқашанда кез-келген жұмыстарды атқару барысында асқан жанашырлық танытып, өзінің педагогикалық тәжірибесінің арқасында жүзеге асырудың тиімді жолдарын ұсынып отырады. «Ұстаздық жол — өзгелерге үйретуден шаршамайтын, өзі де үйренуден, ізденуден тынбайтын ұлы мамандық».
Осы жолда Нұрлан Мұқатайұлы кейінгі толқын және жас педагогтарға педагогика саласының қыр-сырын, білікті, білімді ұстаз болудағы ұстанымдар жөнінде үнемі өзінің ақыл-кеңесін беруде еш аянып қалмайды.
Үйретуден балаға — деп ұлы Абай жырлағандай өскелең ұрпаққа тәрбие мен білім берудің бағбаны бола білген Нұрлан Мұқатайұлының педагогика саласына сіңірген еңбегі өлшеусіз. Бүгінде ұжымның қызметкерлері барлығы үлгі тұтып, ерекше құрметтейтін ел ағасын 63 жасқа толғалы отырған торқалы тойымен шын жүректен құттықтап, ұзақ ғұмыр жас, отбасына амандық және деніне саулық тілейміз.
Арқалық қаласы білім бөлімінің кәсіподақ ұйымының төрайымы Жақыбаева Жанаргүл Алимжановна