«Білім туралы» Қазақстан Республикасы Заңының жобасы туралы

Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2007 жылғы 28 маусымдағы N 546 Қаулысы.

      Қазақстан Республикасының Үкіметі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:
«Білім туралы» Қазақстан Республикасы Заңының жобасы Қазақстан Республикасы Парламентінің қарауына енгізілсін.

      Қазақстан Республикасының
      Премьер-Министрі

«Білім беру туралы»
Қазақстан Республикасының Заңы

      Осы Заң білім беру саласындағы қоғамдық қатынастарды реттейді, осы аядағы мемлекеттік саясаттың негізгі принциптерін белгілейді және Қазақстан Республикасы азаматтарының, сондай-ақ Қазақстан Республикасында тұрақты тұратын шетелдіктердің және азаматтығы жоқ адамдардың білім алуға конституциялық құқығын қамтамасыз етуге бағытталған.

1-тарау. Жалпы ережелер

      1-бап. Осы Заңда пайдаланылатын негізгі ұғымдар
Осы Заңда мынадай негізгі ұғымдар пайдаланылады:
1) академия – мамандықтардың бір-екі топтары бойынша жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім берудің кәсіптік оқу бағдарламаларын іске асыратын, ғылыми және педагогтік қызметті, кадрлардың біліктілігін арттыруды және қайта даярлауды жүзеге асыратын, өз қызметінің салаларында ғылыми зерттеулерді орындайтын оқу орны;
2) инновациялық-білім беру консорциумы – жоғары оқу орындары, ғылыми ұйымдар мен өндірістік кәсіпорындар іргелі, қолданбалы ғылыми зерттеулер мен технологиялық инновациялар негізінде бәсекеге қабілетті жоғары білікті мамандар даярлау үшін зияткерлік, қаржылық және өзге де ресурстарды біріктіретін бірлескен қызмет туралы шарт негізіндегі ерікті тең құқықты бірлестік;
3) атаулы стипендия – тиісті білім беру бағдарламаларын ойдағыдай меңгерген, ғылыми-зерттеу жұмыстарымен айналысатын, оқу орнының қоғамдық, мәдени және спорттық өміріне белсене қатысатын неғұрлым қабілетті білім алушыларды көтермелеу үшін жеке немесе заңды тұлғалар тағайындайтын стипендия;
4) бакалавр – жоғары білім берудің тиісті білім беру бағдарламаларын меңгерген адамдарға берілетін академиялық дәреже;
5) бейін алды даярлық – білім алушылардың жеке білім беру траекториясының негізгі орта білім беруді таңдауын мақсатты педагогикалық қолдау;
6) бейінді оқыту – білім алушылардың мүдделерін, бейімділігі мен қабілеттерін ескере отырып, оқыту процесін саралау және даралау процесі, білім беру процесін ұйымдастыру;
7) «Болашақ» халықаралық стипендиясы – Қазақстан Республикасы Президентінің Қазақстан Республикасының азаматтарына күндізгі оқыту нысанында шетелдік оқу орындарында оқуы үшін тағайындайтын стипендиясы;
8) білім беру ұйымдарын аккредиттеу – білім беру қызметтерінің сапасы туралы объективті ақпарат беру, сондай-ақ оны жетілдірудің тиімді тетіктерінің бар екенін растау мақсатында аккредиттеу органының олардың белгіленген талаптарға сәйкестігін тану рәсімі;
9) білім беру ұйымдарын мемлекеттік аттестаттау – білім беру қызметтерінің білім беру ұйымдары көрсететін мемлекеттік жалпыға міндетті стандарт талаптарына сәйкестігін бақылау мақсатымен жүргізілетін рәсім;
10) білім алушыларды қорытынды аттестаттау – тиісті білім беру деңгейінің мемлекеттік жалпыға міндетті стандартта көзделген оқу пәндерінің көлемін олардың меңгеру дәрежесін айқындау мақсатында жүргізілетін рәсім;
11) интеграцияланған білім беретін оқу бағдарламалары – білім беру деңгейі мен мазмұнының үздіксіздігін және сабақтастығын ескере отырып әзірленген білім беретін оқу бағдарламалары;
12) білім беру туралы құжаттарды нострификациялау – басқа мемлекеттерде, халықаралық немесе шетелдік оқу орындарында (олардың филиалдарында) білім алған адамдарға берілген құжаттардың баламалылығын айқындау мақсатында жүргізілетін рәсім;
13) білім беру қызметі – білім беру субъектілерінің мақсатты, педагогтік негізделген, дәйекті өзара іс-қимылы барысында жеке адамды оқыту, дамыту және тәрбиелеу міндеттері шешілетін процесс;
14) білім беру гранты – білім алушыларға кәсіптік білімге төлеу үшін Қазақстан Республикасының заңнамасымен белгіленген жағдайда берілетін ақша қаражатының нысаналы сомасы;
15) білім беру мониторингі – білім беру процестерін жүзеге асырудың нәтижелері мен шарттарының, білім алушылар контингентінің, білім беру ұйымдары желісінің жай-күйін және өзгерістер серпінін жүйелі түрде байқау, талдау, бағалау және болжау;
16) білім алушыларды аралық аттестаттау – білім алушылардың бір оқу пәнін оны зерделеп бітіргеннен кейінгі бір бөлігінің немесе бүкіл көлемінің мазмұнын меңгеру сапасын бағалау мақсатында жүргізілетін рәсім;
17) білім беру саласындағы уәкілетті орган – білім беру саласындағы басшылықты және салааралық үйлестіруді жүзеге асыратын Қазақстан Республикасының орталық атқарушы органы;
18) білім беру сапасын бағалаудың ұлттық жүйесі – білім беру сапасының мемлекеттік жалпыға міндетті білім беру стандарттарына, жеке адамның, қоғам мен мемлекеттің қажеттілігіне сәйкестігін белгілеудің институционалды құрылымдары, рәсімдері, нысандары мен әдістерінің жиынтығы;
19) бірыңғай ұлттық тестілеу – орта білімнен кейінгі және (немесе) жоғары білім беретін білім беру ұйымдарына түсу емтихандарымен біріктірілетін жалпы орта білім беру ұйымдарының білім алушыларын қорытынды аттестаттау нысандарының бірі;
20) гимназия – білім алушылардың бейімділігі мен қабілетіне сәйкес бастауыш, негізгі орта және гуманитарлық бейіндер бойынша жалпы орта білім берудің оқу бағдарламаларын іске асыратын оқу орны;
21) докторантура – жоғары оқу орындары мен ғылыми ұйымдарда біліктілігі жоғары ғылыми және ғылыми-педагог кадрлар даярлау нысаны;
22) доцент, профессор:
тиісті жоғары оқу орны беретін академиялық атақ; жоғары оқу орнының немесе ғылыми ұйымдардың өтініші бойынша білім беру саласындағы уәкілетті орган беретін ғылыми атақ:
23) институт – мамандықтардың бір-екі топтары бойынша жоғары білім берудің оқу бағдарламаларын іске асыратын, ғылыми және педагогтік қызметті, кадрлардың біліктілігін арттыруды және қайта даярлауды жүзеге асыратын оқу орны;
24) инновациялық университет – идеялар кезін, іргелі және іздестіру зерттеулерін, қолданбалы зерттеулер мен тәжірибелік-конструкторлық әзірлемелерді жүргізуді және өндіріске ғылыми зерттеулер нәтижелерін енгізуді қамтитын инновациялық қызметтің толық циклін іске асыруға қабілетті ғылыми-білім беру кешені;
25) институционалдық аккредитеу – білім беру ұйымының мәлімделген мәртебесіне сәйкес білім беру бағдарламаларын сапалы ұсынуы жөніндегі қызметін бағалау;
26) интернаттық ұйымдар – белгілі бір санаттағы адамдардың жатын орны беріле отырып, білім алу құқығына мемлекеттік кепілдікті қамтамасыз ететін жалпы орта білім беретін ұйымдар;
27) интернатура – медициналық жоғары оқу орындарының білім алушыларын базалық медициналық білім беру шеңберінде бір немесе екі жылдық даярлау нысаны;
28) қабылдау квотасы – I, II топтағы мүгедектер, жеңілдіктер мен кепілдіктер бойынша соғысқа қатысушылар мен соғыс мүгедектеріне теңестірілген адамдар, бала кезінен мүгедектер, мүгедек балалар, ауыл (село) жастары арасынан шыққан адамдар мен Қазақстан Республикасының азаматтары болып табылмайтын ұлты қазақ адамдарды, сондай-ақ жетім балалар мен ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларды техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі және жоғары білім беретін білім беру ұйымдарына қабылдау үшін бөлінетін мемлекеттік білім беру тапсырысының, оның ішінде білім беру гранттары көлемінің шекті саны;
29) клиникалық база – материалдық-техникалық базасының жоғары деңгейі болатын және ұйымдық-әдістемелік, оқу, емдеу-диагностикалық және ғылыми-зерттеу жұмысының қазіргі заманғы әдістері негізінде дәрігерлерді, ғылыми кадрларды даярлауды және қайта даярлауды жүзеге асыратын және медициналық көмектің барлық түрлерін көрсететін жоғары оқу орнының немесе жергілікті денсаулық сақтау ұйымдарының базасында жұмыс істейтін денсаулық сақтау ұйымының клиникасы;
30) кәсіптік даярлықты бағалау – техникалық кәсіптік және орта білімнен кейінгі кәсіптік оқу бағдарламаларын іске асыратын білім беру ұйымдары білім алушылары кәсіптік даярлығы деңгейінің мемлекеттік жалпыға міндетті білім беру стандарттарымен белгіленген талаптарға сәйкес келу дәрежесін айқындау;
31) колледж – жалпы орта білім берудің жалпы білім беретін оқу бағдарламаларын және техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі кәсіптік оқу бағдарламаларын іске асыратын оқу орны;
32) кредиттік оқыту технологиясы – білім алушының оқытушының оқу жұмысының көлемін өлшеудің сәйкестендірілген бірлігі ретінде кредитті пайдалана отырып, пәнді оқып зерделеу дәйектілігінің білім алушылардың таңдауы және дербес жоспарлауы негізіндегі оқыту;
33) кәсіптік бағдар – білім алушының кәсіптік қызығушылықтарына, жеке қабілеттері мен психикалық-физиологиялық ерекшеліктеріне сәйкес білім беру және кәсіптік мүмкіндіктері, мамандығы мен оқитын орнын еркін және саналы таңдау саласында оның құқықтарын іске асыруға ақпараттар мен консультациялық көмек беру;
34) кәсіптік оқыту – техникалық, қызмет көрсету және басқару еңбегінің мамандарын жедел даярлауды, қайта даярлауды және біліктілігін арттыруды қамтитын кәсіптік білім беру жүйесінің бір бөлігі;
35) қашықтықтан білім беру технологиясы – білім алушы мен педагог қызметкердің жанама (алыстан) немесе толық емес жанама өзара іс-қимылы кезінде ақпараттық және телекоммуникациялық құралдарды қолдана отырып жүзеге асырылатын оқыту;
36) қосымша білім беру – білім алушының білім алу қажеттерін жан-жақты қанағаттандыру мақсатында жүзеге асырылатын тәрбиелеу мен оқыту процесі;
37) кешенді тестілеу – ақпараттық технологияларды қолдану арқылы бірнеше оқу пәндері бойынша бір мезгілде өткізілетін емтихан нысаны;
38) лицей – бастауыш, негізгі орта және жалпы орта білім берудің жаратылыстану-ғылыми, физика-математикалық бейіндері бойынша жалпы білім беретін оқу бағдарламаларын немесе білім алушылардың бейімділігі мен қабілетіне сәйкес техникалық және кәсіптік білім берудің кәсіптік оқу бағдарламаларын іске асыратын оқу орны;
39) магистр – жоғары оқу орнынан кейінгі білім берудің кәсіптік оқу бағдарламаларын меңгерген адамдарға берілетін академиялық дәреже;
40) мамандандырылған аккредиттеу – білім беру ұйымы іске асыратын жекелеген білім беру бағдарламаларының сапасын бағалау;
41) мемлекеттік атаулы стипендия – Қазақстан Республикасының Президенті және (немесе) Қазақстан Республикасының Үкіметі тағайындайтын стипендия;
42) мемлекеттік білім беру тапсырысы – мектепке дейінгі тәрбие мен оқыту жөнінде, экономиканың қажеттілігін қамтамасыз ету және білікті жұмыс күші мен қоғамның зияткерлік әлеуетін молықтыру үшін білікті жұмысшылар мен мамандарды даярлау, біліктілігін арттыру және қайта даярлау жөнінде, сондай-ақ білім беру жүйесін оқу-әдістемелік қамтамасыз ету жөнінде мемлекет қаржыландыратын қызмет көрсетулер көлемі;
43) мемлекеттік аралық бақылау – оқыту сапасын білім беру ұйымдарына тәуелсіз бақылаудың бір түрі;
44) оқу бағдарламасы – әрбір оқу пәні бойынша меңгерілуге тиісті білімнің, шеберлік пен дағдылардың мазмұны мен көлемін айқындайтын бағдарлама;
45) оқу жоспары – білім берудің тиісті деңгейіндегі оқу пәндерінің (предметтерінің) тізбесі мен көлемін, оларды зерделеу тәртібі мен бақылау нысандарын регламенттейтін құжат;
46) оқу-клиникалық орталығы – кәзіргі заманғы аппаратурамен, фантомдармен және муляждармен жабдықталған және білім алушылардың және/немесе медицина қызметкерлерінің практикалық (клиникалық) машықтарды меңгеруіне және оларды бақылауға арналған медициналық жоғары оқу орнының құрылымдық бөлімшесі;
47) педагог қызметкерлерді аттестаттау – педагог қызметкердің біліктілік деңгейінің біліктілік талаптарына сәйкестігін айқындау мақсатында жүргізілетін рәсім;
48) резидентура – клиникалық мамандықтар бойынша жоғары оқу орнынан кейінгі тереңдетілген медициналық білім алу нысаны;
49) рухани (діни) білім беру ұйымдары – дін қызметкерлерін даярлаудың кәсіптік оқу бағдарламаларын іске асыратын оқу орындары;
50) стипендия – білім алушыларға олардың тамағына, күнелтуіне және оқу әдебиетін сатып алуына жұмсалатын шығындарды ішінара жабу үшін берілетін ақша сомасы;
51) университет – мамандықтың үш тобынан кем емес (медициналық университет – екіден кем емес) жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім берудің кәсіптік оқу бағдарламаларын іске асыратын, ғылыми және педагогтік қызметті, кадрлардың біліктілігін арттыруды және қайта даярлауды жүзеге асыратын және өз қызметі саласында жетекші ғылыми және әдістемелік орталық болып табылатын оқу орны;
52) философия докторы – тиісті мамандықтар бойынша докторантураның (Рh.D) кәсіптік оқу бағдарламаларын меңгерген адамдарға берілетін жоғары академиялық дәреже;
53) шағын жинақты мектеп – сынып-жинақтары аралас және оқу сабақтарын ұйымдастырудың өзіндік нысаны бар, білім алушылар контингенті шағын жалпы білім беретін мектеп;
54) экстернат – білім алушы сабаққа үнемі қатыспай-ақ тиісті білім беру бағдарламасының оқу пәндерін өз бетімен оқитын оқыту нысандарының бірі;
55) элиталық білім – дарынды адамдар үшін мамандандырылған білім беру ұйымдарында іске асырылатын арнайы білім беретін оқу бағдарламалары бойынша алынатын білім;
56) эксперименттік алаң – жаңа педагогтік технологиялар мен білім беретін оқу бағдарламаларын мақұлдаудан өткізуге арналған эксперимент режимінде білім беретін оқу бағдарламаларын іске асыратын білім беру ұйымы.

      2-бап. Қазақстан Республикасының білім беру саласындағы
      заңнамасы
1. Қазақстан Республикасының білім беру саласындағы заңнамасы Қазақстан Республикасының Конституциясына негізделеді, осы Заңнан және Қазақстан Республикасының өзге де нормативтік құқықтық актілерінен тұрады.
2. Егер Қазақстан Республикасы ратификациялаған халықаралық шартта осы Заңдағыдан өзгеше ережелер белгіленсе, онда халықаралық шарттың ережелері қолданылады.

      3-бап. Білім беру саласындағы мемлекеттік саясаттың
      принциптері
1. Білім беру саласындағы мемлекеттік саясаттың негізгі принциптері мыналар болып табылады:
1) барлығының сапалы білім алуға құқықтарының теңдігі;
2) білім беру жүйесін дамытудың басымдығы;
3) әрбір адамның зияткерлік дамуы, психикалық-физиологиялық және жеке ерекшеліктері ескеріле отырып, халықтың барлық деңгейдегі білімге қол жеткізуі;
4) білім берудің зайырлы, гуманистік және дамытушылық сипаты, азаматтық құндылықтардың, адам өмірі мен денсаулығының, жеке адамның еркін дамуының басымдығы;
5) адамның құқықтары мен бостандықтарын құрметтеу;
6) жеке адамды білімдарлыққа ынталандыру және дарындылығын дамыту;
7) білім беру деңгейлерінің сабақтастығын қамтамасыз ететін білім беру процесінің үздіксіздігі; оқыту мен тәрбиенің бірлігі;
8) білім беруді басқарудың демократиялық сипаты, білім беру жүйесі қызметінің ашықтығы;
9) білім беру ұйымдарының меншік нысандары, оқыту мен тәрбиенің нысандары, білім беру бағыттары бойынша алуан түрлі болуы.
2. Білім беру ұйымдарында саяси партиялар мен діни ұйымдардың (бірлестіктердің) ұйымдық құрылымдарын құруға және олардың қызметіне жол берілмейді.

      4-бап. Білім беру саласындағы мемлекеттік кепілдіктер
1. Мемлекет білім алу құқығын білім беру жүйесін дамыту, оның жұмыс істеуінің құқықтық негізін жетілдіру және Қазақстан Республикасының Конституциясына сәйкес білім алу үшін қажетті әлеуметтік-экономикалық жағдай жасау арқылы қамтамасыз етеді.
Білім беру сапасын мемлекеттік бақылау сапаны бағалаудың ұлттық жүйесін жасау және оның жұмыс істеуін қамтамасыз ету арқылы жүзеге асырылады.
2. Мемлекет Қазақстан Республикасы азаматтарының тегін мектеп алдындағы, бастауыш, негізгі орта және жалпы орта білім алуын және егер азамат осы деңгейлердің әрқайсысында бірінші рет білім алатын болса конкурстық негізде мемлекеттік білім беру тапсырысына сәйкес тегін техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі, жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім алуын қамтамасыз етеді.
Қазақстан Республикасында тұрақты тұратын шетелдіктердің және азаматтығы жоқ адамдардың Қазақстан Республикасының азаматтарымен бірдей бастауыш, негізгі орта және жалпы орта білімді білім беру саласындағы уәкілетті орган белгілеген тәртіппен алуға құқығы бар.
Қазақстан Республикасында тұрақты тұратын азаматтығы жоқ адамдарға, егер олар осы деңгейлердің әрқайсысында бірінші рет білім алатын болса, конкурстық негізде мемлекеттік білім беру тапсырысына сәйкес тегін техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі, жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім алуға құқық беріледі.
Шетелдіктердің мемлекеттік білім беру тапсырысына сәйкес конкурстық негізде тегін техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі, жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім алуға құқығы Қазақстан Республикасының халықаралық шарттарымен айқындалады.
3. Техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі, жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім алуға қол жеткізуді қамтамасыз ету мақсатында мемлекеттік емес білім беру кредиттерін дамыту үшін жағдайлар жасалады.
Мемлекет екінші деңгейдегі банктер беретін білім беру кредиттерінің кепілдік жүйесін құру және білім беру кредиттері бойынша талап ету құқықтарын иелену арқылы екінші деңгейдегі банктерді кері қаржыландыру жөнінде шаралар қабылдайды.
4. Мемлекет әлеуметтік көмекке мұқтаж Қазақстан Республикасы азаматтарын олардың білім алуы кезеңінде ұстауға шығыстарды толық немесе ішінара өтейді.
Әлеуметтік көмек көрсетілетін Қазақстан Республикасы азаматтарының санатына:
жетім балалар, ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалар;
даму мүмкіндіктері шектеулі балалар, мүгедектер және бала кезінен мүгедектер, мүгедек балалар;
көп балалы отбасылардың балалары;
Қазақстан Республикасының заңдарымен айқындалатын азаматтардың өзге де санаттары жатады.
Әлеуметтік көмектің мөлшері мен көздерін Қазақстан Республикасының Үкіметі айқындайды.
5. Денсаулық жағдайына қарай ұзақ уақыт бойы бастауыш, негізгі орта, жалпы орта білім беретін ұйымдарға бара алмайтын адамдар үшін үйде немесе емдеу ұйымдарында тегін жеке оқыту ұйымдастырылады.
6. Мемлекет даму мүмкіндіктері шектеулі адамдардың білім алуына, дамуындағы ауытқуды түзетуіне және әлеуметтік бейімделуіне жағдай жасауды қамтамасыз етеді.
7. Мемлекет тұрғындар саны аз елді мекендерде тұратын балалардың бастауыш, негізгі орта, жалпы орта білім алу құқықтарын қамтамасыз ету үшін шағын жинақты мектептер мен интернат ұйымдарының жұмыс істеуіне кепілдік береді.
8. Мемлекет дарынды адамдардың элитарлық білім, оның ішінде шетелде білім алуына қажетті жағдай жасайды.

      5-бап. Оқыту және тәрбиелеу тілі
1. Білім беру ұйымдарындағы тіл саясаты Қазақстан Республикасының Конституциясына және Қазақстан Республикасының тіл туралы заңнамасына сәйкес жүзеге асырылады.
2. Меншік нысандарына қарамастан, барлық білім беру ұйымдары білім алушылардың мемлекеттік тіл ретінде қазақ тілін білуін, сондай-ақ білім берудің тиісті деңгейінің мемлекеттік жалпыға міндетті стандартына сәйкес орыс тілін және бір шетел тілін оқып-үйренуді қамтамасыз етуге тиіс.
3. Адамдардың ана тілінде білім алу құқығы тиісті білім беру ұйымдарының мүмкіндіктері болған жағдайда сыныптар, топтар құрумен, сондай-ақ олардың жұмыс істеуіне жағдай жасаумен қамтамасыз етіледі.
4. Мемлекеттік және орыс тілдері бірыңғай ұлттық тестілеу бағдарламасына енгізілетін міндетті пәндер болып табылады.

2-тарау. Білім беру жүйесі

      6-бап. Білім беру жүйесі ұғымы
Қазақстан Республикасының білім беру жүйесі өзара іс-қимыл жасайтын:
1) білім беру деңгейінің сабақтастығын қамтамасыз ететін білім беретін оқу бағдарламалары және мемлекеттік жалпыға міндетті білім беру стандарттарының;
2) меншік нысандарына, үлгілері мен түрлеріне қарамастан, білім беру бағдарламаларын іске асыратын білім беру ұйымдарының;
3) білім беруді басқару органдары және тиісті инфрақұрылымдар, оның ішінде білім сапасы мониторингін жүзеге асыратын ғылыми және оқу-әдістемелік қамтамасыз ету ұйымдарының жиынтығын білдіреді.

      7-бап. Білім беру жүйесінің міндеттері
1. Білім беру жүйесінің міндеттері:
1) жалпы адамзаттық құндылықтар, ғылым мен практика жетістіктері негізінде жеке адамды қалыптастыруға, дамытуға және кәсіптік шыңдауға бағытталған сапалы білім алу үшін қажетті жағдайлар жасау.
2) жеке адамның шығармашылық, рухани және дене мүмкіндіктерін дамыту, адамгершілік пен салауатты өмір салтының берік негіздерін қалыптастыру, даралықты дамыту үшін жағдай жасау арқылы интеллектіні байыту;
3) азаматтық пен патриотизмге, өз Отаны – Қазақстан Республикасына сүйіспеншілікке, мемлекеттік нышандарды құрметтеуге, халық дәстүрлерін қастерлеуге, Конституцияға қайшы және қоғамға жат кез келген көріністерге төзбеуге тәрбиелеу;
4) белсенді азаматтық ұстанымы бар жеке адамды тәрбиелеу, республиканың қоғамдық-саяси, экономикалық және мәдени өміріне қатысу қажеттігін, жеке адамның өз құқықтары мен міндеттеріне саналы көзқарасын қалыптастыру;
5) отандық және дүниежүзілік мәдениеттің жетістіктеріне баулу; қазақ халқы мен республиканың басқа да халықтарының тарихын, әдет-ғұрпы мен дәстүрлерін зерделеу; мемлекеттік тілді, орыс, шетел тілдерін меңгеру;
6) педагог қызметкерлердің жоғары әлеуметтік мәртебесін қамтамасыз ету;
7) білім беру ұйымдарының еркіндігін, дербестігін кеңейту, білім беру ісін басқаруды демократияландыру;
8) қоғам мен экономиканың қажеттеріне жауап беретін білім беру сапасын бағалаудың ұлттық жүйесін жұмыс істеуі;
9) оқытудың жаңа технологияларын, оның ішінде қоғам мен еңбек нарығының өзгеріп отыратын қажеттеріне кәсіптік білім беру бағдарламаларының тез бейімделуіне ықпал ететін кредиттік, қашықтықтан оқыту, ақпараттық-коммуникациялық технологияларды енгізу және тиімді пайдалану;
10) жалпы оқытудың, жұмыс орны бойынша және еңбек нарығының қажеттері арасындағы оқытудың өзара байланысын қамтамасыз ететін және әркімге білімге негізделген өзінің жеке әлеуетін қоғамда барынша пайдалануға көмектесетін оқыту жүйесін өмір бойы дамыту;
11) білімді, ғылымды және өндірісті интеграциялау;
12) білім алушылардың кәсіптік бағдарлануын қамтамасыз ету;
13) жұмыс берушілермен және басқа да әлеуметтік әріптестермен белсенді өзара іс-қимыл арқылы техникалық және кәсіптік білім берудің озық қарқынмен дамытылуын қамтамасыз ету болып табылады.

      8-бап. Білім беру деңгейлері
Қазақстан Республикасындағы білім беру жүйесі білім беретін оқу бағдарламаларының үздіксіздігі және сабақтастығы принципі негізінде мынадай білім беру деңгейлерін:
1) мектепке дейінгі тәрбие мен оқытуды;
2) бастауыш білім беруді;
3) негізгі орта білім беруді;
4) орта білім беруді (жалпы орта білім беруді, техникалық және кәсіптік білім беруді);
5) орта білімнен кейінгі білім беруді;
6) жоғары білім беруді;
7) жоғары оқу орнынан кейінгі білім беруді қамтиды.

3-тарау. Білім беру мазмұны

      9-бап. Білім беру мазмұнының ұғымы
Білім беру мазмұны – жеке адамның біліктілігі мен жан-жақты дамуын қалыптастыру үшін негіз болып табылатын білім берудің әрбір деңгейі бойынша білімдер жүйесі (кешені).
Білім беру мазмұны білім берудің мемлекеттік жалпыға міндетті стандарттары негізінде әзірленетін білім беретін оқу бағдарламаларымен айқындалады.

      10-бап. Білім беретін оқу бағдарламалары
1. Білім беретін оқу бағдарламалары мазмұны мен бағыттарына (міндеттеріне) қатысты:

  • жалпы білім беретін (үлгілік, жұмыстық);
  • кәсіптік (үлгілік, жұмыстық);
  • қосымша болып бөлінеді.
    Үлгілік жалпы білім беретін және кәсіптік оқу бағдарламалары мемлекеттік жалпыға міндетті білім беру стандарттарының талаптарына сәйкес әзірленеді.
    Жұмыстық жалпы білім беретін және кәсіптік оқу бағдарламалары тиісті үлгілік оқу бағдарламаларының негізінде әзірленеді.
    Жалпы білім беретін оқу бағдарламалары жеке адамның жалпы мәдениетін қалыптастырудың, жеке адамды қоғамдағы өмірге бейімдеудің міндеттерін шешуге, мамандықты саналы түрде таңдау мен меңгеру үшін негіз жасауға бағытталған.
    Жалпы білім беретін оқу бағдарламалары мазмұнына қатысты мынадай оқу бағдарламаларына:
    1) мектепке дейінгі тәрбие мен оқыту;
    2) бастауыш білім беру;
    3) негізгі орта білім беру;
    4) жалпы орта білім беру болып бөлінеді.
    Дарынды адамдардың әлеуетті мүмкіндіктерін неғұрлым толық дамыту үшін оқу бағдарламаларының жекелеген пәндерін тереңдетіп оқытуды көздейтін мамандандырылған білім беретін оқу бағдарламалары әзірленеді.
    Адамдардың жекелеген санаттары үшін психологиялық-медициналық -педагогтік консультациялар ұсыныстары ескеріле отырып айқындалатын білім алушылар мен тәрбиеленушілердің даму және әлеуетті мүмкіндіктерінің ерекшеліктері ескерілетін арнайы білім беретін оқу бағдарламалары әзірленеді.
    3. Кәсіптік оқу бағдарламалары жеке адамның экономика саласындағы кәсіптік және жалпы білім деңгейін жүйелі арттырудың кәсіптік қызметтерінің бағыттары бойынша техникалық, қызмет көрсету және басқарушылық еңбек мамандарын даярлауға бағытталған;
    Кәсіптік оқу бағдарламалары мазмұнына қатысты оқу бағдарламаларына:
  • техникалық және кәсіптік білім беру;
  • орта білімнен кейінгі білім беру;
  • жоғары білім беру;
  • жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру болып бөлінеді.
    Қосымша білім берудің білім беретін оқу бағдарламалары жеке адамның өзін-өзі билеуін, білім алушылардың шығармашылығын дамыту, олардың қабілеттерін іске асыру, қоғам өміріне бейімделуін, азаматтық сана-сезімін, жалпы мәдениетін, салауатты өмір салтын қалыптастыру, бос уақытын мазмұнды ұйымдастыру үшін жағдайлар жасауды көздейді.
    5. Оқытудың жаңа технологияларын сынақтан өткізу, білім берудің жаңа мазмұнын енгізу үшін эксперимент режимімен (эксперименттік алаңдарда) жұмыс істейтін білім беру ұйымдарында іске асырылатын эксперименттік білім беретін оқу бағдарламалары әзірленеді.
    6. Интеграцияланған білім беретін оқу бағдарламалары білім беру саласындағы уәкілетті органмен келісімі бойынша білім беру ұйымдарында әзірленеді. Интеграцияланған білім беретін оқу бағдарламалары пәнаралық және деңгейаралық, жоғары оқу орындары аралық және халықаралық болуы мүмкін.
    7. Әскери мамандықтар бойынша кәсіптік оқу бағдарламаларын білім беру саласындағы уәкілетті органмен келісім бойынша Қазақстан Республикасының Қорғаныс министрлігі бекітеді.
    8. Медициналық және фармацевтік мамандықтар бойынша үлгілік кәсіптік оқу бағдарламаларын денсаулық сақтау саласындағы уәкілетті орган бекітеді.
    9. Білім беру ұйымдары лицензиясы болған жағдайда әртүрлі деңгейдегі оқыту бағдарламаларын іске асыруға құқылы.

      11-бап. Мектепке дейінгі тәрбие мен оқытудың жалпы
      білім беретін оқу бағдарламалары
1. Мектепке дейінгі тәрбие мен оқытудың жалпы білім беретін оқу бағдарламалары іс-әрекет түрлерінің мектепке дейінгі балалалар үшін жас ерекшеліктерін ескере отырып, мектепке дейінгі тәрбие мен оқытудың мемлекеттік жалпыға міндетті стандартының негізінде әзірленеді.
2. Мектепке дейінгі тәрбие мен оқытудың жалпы білім беретін оқу бағдарламалары:
балаларды тәрбиелеу, оқыту, дамыту және сауықтыру принциптерін ескере отырып, мектепке дейінгі және бастауыш білім берудің сабақтастығы мен үздіксіздігін қамтамасыз етеді;
әр баланың қимылын, бейімділігін, қабілеттілігін, дарындылығын іске асыруға және оның даму ерекшеліктері мен денсаулық жағдайын ескере отырып, дара әдіс негізінде бастауыш білім берудің білім беру бағдарламасын меңгеруге даярлауға бағдарланады;
3. Мектепке дейінгі оқытудың жалпы білім беретін оқу бағдарламасы оқудың, жазудың, есептеудің және тілдік қатынас тәжірибесінің қарапайым дағдыларын қалыптастырады және бастауыш білім беруді меңгеру үшін бірдей бастапқы жағдайларды жасауды көздейді.
Мектепке дейінгі оқыту мектепте балаларды оқытуға мектеп алды дайындық түрінде бес жастан бастап жүзеге асырылады.

      12-бап. Бастауыш, негізгі орта және жалпы орта білім
      берудің жалпы білім беретін оқу бағдарламалары
1. Бастауыш білім берудің жалпы білім беретін оқу бағдарламалары баланың жеке басын қалыптастыруға, оның жеке қабілеттерін, оқу қызметіндегі оң себептер мен іскерліктерін: негізгі мектептің білім беру бағдарламаларын кейіннен меңгеру үшін оқудың, жазудың, есептеудің, тілдік қатынастың, шығармашылық тұрғысынан өзін-өзі көрсетудің, мінез-құлық мәдениетінің қарапайым дағдыларын дамытуға бағытталған.
Бастауыш білім берудің жалпы білім беретін оқу бағдарламасын игеру мерзімі – 4 жыл.
Жалпы білім беретін оқу бағдарламасын игеру білім алушылар біліміне аралық бақылаумен және білім алушылардың оқу жетістіктерін іріктеп мониторингтік бағалаумен аяқталады.
2. Негізгі орта білім берудің жалпы білім беретін оқу бағдарламалары білім алушылардың ғылым жүйесінің базистік негіздерін меңгеруге, олардың жеке адам аралық және этника аралық қатынастағы жоғары мәдениетін қалыптастыруға, жеке адамның өзін-өзі билеуіне және кәсіптік бағдарлануына бағытталады.
Жалпы білім беретін оқу бағдарламасы білім алушылардың бейін алды даярлығын қамтиды.
Әрбір пәннің мазмұнын зерделеу негізгі орта білім беру деңгейінде аяқталады.
2. Негізгі орта білім берудің жалпы білім беретін оқу бағдарламасын игеру мерзімі – 6 жыл.
3. Жалпы орта білім берудің жалпы білім беретін оқу бағдарламалары білім алушылардың бағдарланатын кәсіпке дейінгі даярлығын жүзеге асыру үшін әлеуметтік-гуманитарлық, жаратылыстану-ғылыми, технологиялық және басқа да бағыттар бойынша бейіндік оқытуды енгізе отырып саралау, интеграциялау және білім беру мазмұнын кәсіптік бағдарлау негізінде әзірленеді.
Жалпы орта білім берудің жалпы білім беретін оқу бағдарламасын игеру мерзімі – 2 жыл.

      13-бап. Техникалық және кәсіптік білім берудің білім
      беретін оқу бағдарламалары
1. Техникалық және кәсіптік білім беру орта білім беру деңгейінің құрамдас бөлігі болып табылады және қоғамдық пайдалы кәсіптік қызметтердің негізгі бағыттары бойынша техникалық және еңбек қызметін көрсететін білікті мамандарын даярлауға бағытталған.
2. Техникалық және кәсіптік білім берудің білім беретін оқу бағдарламалары бағдарлама мазмұнына және білім алушылардың даярлық біліктілігінің деңгейіне қатысты:
1) техникалық және еңбек қызметін көрсететін жаппай кәсіптер бойынша кадрлар даярлауды көздейтін техникалық және кәсіптік білім беретін оқу бағдарламалары болып бөлінеді.
Білім беретін оқу бағдарламаларының мазмұны:
жалпы кәсіптік және арнайы пәндерді табысты игеру, кәсіптік дағдыларды иелену жөнінде өндірістік оқудан өту үшін бейімдеуші болып табылатын жалпы білім беретін пәндер бойынша интеграцияланған курстарды зерделеуді;
оқыту аяқталғаннан кейін білім алушыларға нақты мамандық бойынша кәсіптік біліктіліктің (разряд, сынып, санат) қол жеткізілген деңгейін беруді көздейді.
2) жоғары технологиялармен және кәсіптік қызметпен байланысты экономиканың барлық салаларында техникалық және еңбек қызметін көрсететін жұмыстарды орындаудың неғұрлым күрделі (аралас) кәсіптерін, мамандықтары мен практикалық дағдыларын игеруді көздейтін техникалық және кәсіптік білім беру бағдарламаларын беруді көздейді.
Білім беретін оқу бағдарламалары:
жалпы гуманитарлық, экономикалық, жалпы кәсіптік, арнайы пәндерді зерделеуді, кәсіптік дағдыларды иемдену және бекіту жөнінде өндірістік оқудан және кәсіптік практикадан өтуді;
оқу аяқталғаннан кейін білім алушыларға нақты мамандық бойынша кәсіптік біліктіліктің жоғары деңгейін беруді көздейді.
3) техникалық еңбектің жоғары білікті мамандарын даярлауды қамтамасыз ететін техникалық және кәсіптік білім беру оларды қайта даярлауды және біліктілігін арттыруды көздейді.
Білім беретін оқу бағдарламаларының мазмұны:
техникалық университеттердің 1-2-курстарының білім беру бағдарламаларымен интеграцияланған жалпы гуманитарлық, экономикалық, техникалық, арнайы және инженерлік білім беру бағдарламаларын зерделеуді көздейді. Негізгі орта білім беру базасындағы оқытудың жалпы ұзақтығы кемінде 4 жыл.
Екі жылдық оқыту аяқтағаннан және қорытынды аттестаттаудан өткеннен кейін білім алушыларға нақты мамандық бойынша кәсіптік біліктіліктің қол жеткізген деңгейі (3-разрядтан, кластан, санаттан төмен емес) беріледі.
Үш жылдық оқытуды аяқтағаннан және қорытынды аттестаттаудан өткеннен кейін білім алушыларға нақты мамандық бойынша кәсіптік біліктіліктің жоғары деңгейі беріледі.
Оқытудың толық курсын аяқтағаннан (кемінде 4 жыл) және қорытынды аттестаттаудан өткеннен кейін білім алушыларға техникалық және жоғары басқыштағы еңбек қызметін көрсететін маман – техникалық мамандықтар бойынша кіші инженер біліктілігі беріледі.
3. Техникалық және кәсіптік білім берудің мәдениет және өнер мамандықтары бойынша кәсіптік оқу бағдарламалары көрсетілген мамандықтар бойынша білім алушылардың ерте мамандануын және даярлау ерекшеліктерін ескере отырып әзірленеді. Оқыту ұзақтығы оқу бағдарламасының күрделілігіне және берілетін біліктілік деңгейіне қатысты және тиісті мемлекеттік жалпыға міндетті білім беру стандартымен айқындалады.
4. Жалпы орта білімі бар адамдар үшін техникалық және кәсіптік білім берудің кәсіптік оқу бағдарламалары жалпы кәсіптік, экономикалық, арнайы пәндерді зерделеуді және таңдаған мамандығы бойынша болашақ кәсіптік қызметін айқындайтын оқу-өндірістік жұмыстарды орындауды көздейді.
5. Техникалық және кәсіптік білім берудің кәсіптік оқу бағдарламалары теориялық және өндірістік оқыту бағдарламаларынан тұрады.

      14-бап. Мамандандырылған жалпы білім беретін оқу
      бағдарламалары
Мамандандырылған жалпы білім беретін оқу бағдарламалары негізгі орта, жалпы орта білім берудің жалпы білім беретін оқу бағдарламалары негізінде әзірленеді және білім алушылардың ғылым, мәдениет өнер, спорт, әскери іс негіздерін терең игеруіне, олардың шығармашылық әлеуеттері мен дарын-қабілеттерін дамытуға бағытталған.
Мамандандырылған жалпы білім беретін оқу бағдарламалары дарынды балалар үшін мамандандырылған білім беру ұйымдарында, сондай-ақ шақыруға дейін терең даярлық беретін білім беру ұйымдарында және Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрлігінің мамандандырылған мектептерінде іске асырылады.

      15-бап. Арнайы жалпы білім беретін оқу бағдарламалары
1. Арнайы жалпы білім беретін оқу бағдарламалары жалпы білім беретін оқу бағдарламалары негізінде әзірленеді және мүмкіндігі шектеулі балаларды оқытуға және дамытуға бағытталған, білім алушылар мен тәрбиеленушілердің психологиялық-медициналық- педагогтік консультациялар ұсыныстарын ескере отырып айқындалатын білім алушылар мен тәрбиеленушілердің психикалық-физикалық ерекшеліктерін және танымдық мүмкіндіктерін ескереді.
2. Ұзақ уақыт емдеуді қажет ететін адамдар үшін, сондай-ақ даму мүмкіндіктері шектеулі балалар мен жасөспірімдер үшін жалпы білім беретін арнаулы түзеу оқу бағдарламалары әзірленеді және енгізіледі.
3. Арнайы жалпы білім беретін оқу бағдарламалары арнайы білім беру ұйымдарында іске асырылады.

      16-бап. Орта білім беруден кейінгі кәсіптік оқу
      бағдарламалары
1. Орта білім беруден кейінгі кәсіптік оқу бағдарламалары гуманитарлық мамандықтар бойынша орта білімі бар (жалпы орта немесе техникалық және кәсіптік) адамдар ішінен еңбек қызметін көрсететін мамандарды және басқарушылық еңбектің кіші мамандарын даярлауға бағытталады.
Жалпы орта білімі бар адамдардың орта білім беруден кейінгі кәсіптік оқу бағдарламаларын (медицина мамандықтарынан басқа) игеру мерзімі кемінде 2 жыл, ал техникалық және кәсіптік білімі бар адамдар үшін-кемінде 1 жыл.
2. Орта білім беруден кейінгі кәсіптік оқу бағдарламаларының мазмұны:
1) жоғары білім берудің 1-2 курстарының кәсіптік оқу бағдарламаларымен интеграцияланған кәсіптік, әлеуметтік-гуманитарлық және ғылыми жаратылыстану пәндерімен қатар зерделеп оқуды;
2) оқыту аяқталғаннан кейін еңбек қызметін көрсететін және басқарушылық еңбектің кіші маманы біліктілігін беруді көздейді.

      17-бап. Жоғары білім берудің кәсіптік оқу
      бағдарламалары
1. Жоғары білім берудің кәсіптік оқу бағдарламалары біліктілікті және/немесе «бакалавр» академиялық дәрежесін бере отырып мамандар даярлауға, олардың кәсіптік даярлығының деңгейін жүйелі арттыруға бағытталған.
«Бакалавр» академиялық дәрежесі берілген жоғары білім берудің кәсіптік оқу бағдарламасы бойынша оқуды аяқтаған адамдар біліктілік талаптары үшін жоғары білім болуы көзделген лауазымды атқара алады.
2. Жоғары білім берудің кәсіптік оқу бағдарламаларының мазмұны жалпы білім беретін пәндер циклін; базалық пәндердің циклін; бейіндеуші пәндердің циклін зерделеуді, сондай-ақ тиісті мамандықтар бойынша кәсіптік практикадан өтуді көздейді.
Пәндердің әрбір циклі міндетті компонент және таңдау бойынша компонент пәндерінен тұрады. Білім алушылардың таңдауы бойынша компоненттен тұратын пәндер әрбір циклде міндетті компоненттің пәндерін мазмұндық толықтыруы тиіс.
Университеттер конкурстық негізде оқытудың жаңа сапалық жетілдірілген технологиялары, әдістері мен нысандары бар инновациялық білім беру бағдарламаларын әзірлеуге және енгізуге құқылы.
3. Жоғары білім берудің кәсіптік оқу бағдарламаларын игеру мерзімі мемлекеттік жалпыға міндетті жоғары білім беру стандартымен айқындалады және кемінде 4 жыл болуға тиіс.
4. Техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі немесе жоғары білімі бар адамдар үшін жоғары оқу орындары оқыту мерзімін қысқартуды көздейтін кәсіптік оқу бағдарламаларын әзірлейді және іске асырады.
5. Жоғары әскери оқу орындары білім беру саласындағы уәкілетті органмен келісім бойынша әзірлеген және олардың органдары бекіткен әскери мамандықтар бойынша жоғары білім берудің кәсіптік оқу бағдарламаларын іске асырады.
6. Интернатураның кәсіптік оқу бағдарламасын игеру тізбесін денсаулық сақтау саласындағы уәкілетті орган бекіткен клиникалық мамандықтар бойынша жоғары медициналық білім алған адамдарды клиникалық практикаға жіберудің міндетті шарты болып табылады.
Интернатура туралы ережені денсаулық сақтау саласындағы уәкілетті орган бекітеді.

      18-бап. Жоғары білімнен кейінгі кәсіптік оқу
      бағдарламалары
1. Жоғары білімнен кейінгі кәсіптік оқу бағдарламалары жоғары білікті ғылыми және педагог кадрлар даярлауға, олардың ғылыми және педагогтік даярлық деңгейін жүйелі арттыруға бағытталған.
2. Жоғары білімнен кейінгі кәсіптік оқу бағдарламалары: базалық және бейіндік пәндерді қамтитын теориялық оқытуды; практиканы; диссертация жаза отырып ғылыми-зерттеу жұмыстарын жүргізуді көздейді.
3. Резидентураның кәсіптік оқу бағдарламаларын игеру тізбесін денсаулық сақтау саласындағы уәкілетті орган бекіткен клиникалық мамандықтар бойынша жоғары медициналық білім алған адамдарды клиникалық практикаға жіберудің міндетті шарты болып табылады.

      19- бап. Қосымша білім берудің білім беретін оқу
      бағдарламалары
1. Қосымша білім берудің білім беретін оқу бағдарламалары білім алушылардың білім алу және мәдени қажеттіліктерін жан-жақты қанағаттандыруға бағытталған.
2. Қосымша білім берудің білім беретін оқу бағдарламалары мазмұнына және бағытына қатысты:
1) білім алушылар мен тәрбиеленушілерге қосымша білім беру;
2) мамандарды қайта даярлау және біліктіліктерін арттыру оқу бағдарламалары болып бөлінеді.
3. Мемлекеттік білім беру ұйымдары іске асыратын қосымша білім берудің білім беретін оқу бағдарламаларын оларға қатысты мемлекеттік басқару органының функцияларын атқаратын органдар бекітеді.

      20-бап. Ересектерге білім беру
Ересектерге (он сегіз жасқа жеткен адамдарға) білім беру қоғамда өтіп жатқан әлеуметтік-экономикалық өзгерістерге сәйкес білімдер мен дағдылардың қосымша көлемін алу үшін олардың өмір бойы білімдік қажеттіліктерін қанағаттандыруға бағытталған.
Ересектерге білім беруді білім беру ұйымдары, сондай-ақ қосымша білім беру бағдарламаларын іске асыратын құрылымдық бөлімшелері бар заңды тұлғалар іске асырады.

      21-бап. Эксперименттік білім беретін оқу
      бағдарламалары
Эксперименттік білім беретін оқу бағдарламалары оқытудың жаңа технологияларын сынақтан өткізуге, білім берудің жаңа мазмұнын енгізуге бағытталған.

4-тарау. Білім беру қызметін ұйымдастыру

      22-бап. Білім алушылар мен тәрбиеленушілерді білім беру
      ұйымдарына қабылдауға қойылатын жалпы талаптар
1. Бастауыш, негізгі орта, жалпы орта, техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі, жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру ұйымдарына қабылдау тәртібі тиісті үлгідегі оқу орындарына қабылдаудың Үлгілік ережесімен белгіленеді.
2. Білім беру ұйымдарының қызмет көрсету аумақтарында тұратын барлық балаларды қабылдауды қамтамасыз ететін бастауыш, негізгі орта және жалпы орта білім беру ұйымдарына оқуға қабылдау тәртібі Үлгілік ереженің негізінде білім беруді басқарудың жергілікті атқарушы органдары бекіткен Қабылдау ережесімен белгіленеді.
3. Техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі, жоғары, жоғары оқу орнынан кейінгі кәсіптік оқу бағдарламаларын іске асыратын білім беру ұйымдарына оқуға қабылдау адамдардың өтініші бойынша конкурстық негізде жүзеге асырылады. Конкурстың шарттары білім алу құқықтарын сақтауға кепілдік беруге және неғұрлым қабілетті және тиісті деңгейдегі кәсіптік оқу бағдарламаларын меңгеруге даярлығы бар адамдарды қабылдауды қамтамасыз етуге тиіс.
4. Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен жыл сайын бекітілетін оқытудың күндізгі нысаны бойынша шетелдік жоғары оқу орындарында жоғары білім алу үшін мамандықтар тізбесіне сәйкес Қазақстан Республикасы азаматының «Болашақ» халықаралық стипендиясына конкурстық негізде тағайындалуына құқығы бар.
5. Білім беру гранттарын алуға, сондай-ақ техникалық және кәсіптік, орта білім беруден кейінгі және жоғары білімді кадрлар даярлауға мемлекеттік тапсырыс бойынша білім алушылардың құрамына тіркеуге конкурс өткізу кезінде:
1) «Алтын белгі» белгімен марапатталған адамдардың;
2) Қазақстан Республикасының білім беру саласындағы уәкілетті органы тізбесін айқындайтын жалпы білім беретін пәндер бойынша халықаралық олимпиадалар мен ғылыми жарыстардың (бірінші, екінші және үшінші дәрежелі дипломдармен марапатталған), республикалық және халықаралық орындаушылар конкурстары мен спорттық жарыстардың (бірінші, екінші және үшінші дәрежелі дипломдарымен марапатталған) соңғы үш жылдағы жеңімпаздары, сондай-ақ олар жеңімпазы болып табылатын өздері таңдаған мамандықтары олимпиадалардың, конкурстың немесе спорттық жарыстың пәніне сәйкес келген жағдайда, ағымдағы жылғы жалпы білім беретін пәндер бойынша республикалық олимпиадалар мен ғылыми жарыстардың (бірінші, екінші және үшінші дәрежелі дипломдармен марапатталған) жеңімпаздары;
Білім беру гранттарын алуға арналған конкурсты өткізу кезінде көрсеткіштер бірдей болған жағдайда жетім балалар мен ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалар, медициналық-әлеуметтік сараптаманың қорытындысына сәйкес тиісті білім беру ұйымдарында оқуға болатын жағдайда I және II топтағы мүгедектердің, жеңілдіктер мен кепілдіктер бойынша соғысқа қатысушылар мен соғыс мүгедектеріне теңестірілген адамдардың, бала кезінен мүгедектердің, мүгедек- балалардың және үздік білімі туралы құжаттары (куәліктері, аттестаттары, дипломдары) бар адамдардың басым құқығы бар.
6. Техникалық және кәсіптік білім алу үшін жоғары техникалық мектептерге оқуға қабылдау білім беру саласындағы уәкілетті орган айқындаған шарттармен жүзеге асырылады.
7. Жоғары оқу орнынан кейінгі кәсіптік білім алу үшін жоғары оқу орындарына және ғылыми-зерттеу ұйымдарына оқуға қабылдау білім беру саласындағы уәкілетті орган белгілеген тәртіппен конкурстық негізде адамдардың өтініштері бойынша жүзеге асырылады.
8. Техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі және жоғары білім беретін кәсіптік оқу бағдарламаларын іске асыратын білім беру ұйымдарына оқуға түсу кезінде:
1) I, II топтағы мүгедектер, бала кезінен мүгедектер, мүгедек-балалар арасынан шыққан адамдар үшін;
2) жеңілдіктер мен кепілдіктер бойынша соғысқа қатысушылар мен соғыс мүгедектеріне теңестірілген адамдар үшін;
3) ауылдың (селоның) әлеуметтік-экономикалық дамуын айқындайтын мамандықтар бойынша ауыл (село) жастары арасынан шыққан адамдар үшін;
4) Қазақстан Республикасының азаматтары болып табылмайтын ұлты қазақ адамдар үшін;
5) жетім балалар және ата-аналарының қамқорлығынсыз қалған балаларды қабылдау үшін квота көзделеді.
9. Арнаулы немесе шығармашылық дайындықты қажет ететін мамандықтарға оқуға қабылдау арнаулы немесе шығармашылық емтихандар нәтижелерін ескере отырып жүзеге асырылады. Мамандықтар тізбесі және арнаулы немесе шығармашылық емтихандарды өткізу тәртібі Үлгілік қабылдау ережесімен белгіленеді.
10. Медициналық мамандықтар бойынша оқуға қабылдау арнайы емтихандар нәтижелерін ескере отырып жүзеге асырылады. Арнайы емтихандар өткізілетін медициналық мамандықтардың тізбесі және оларды өткізу тәртібі Үлгілік қабылдау ережелерімен белгіленеді.
11. Рухани (діни) білім беру ұйымдарына оқуға қабылдау жалпы білімі бар адамдар арасынан жүзеге асырылады және құрылтайшы белгілеген тәртіппен жүзеге асырылады.
12. Мемлекеттік білім беру тапсырысы бойынша мемлекеттік құпиялармен жұмыс істеу талап етілетін техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі және жоғары білім берудің жекелеген мамандықтары бойынша мемлекеттік білім беру тапсырыстарымен оқуға қабылдау Қазақстан Республикасының мемлекеттік құпиялар туралы заңнамасына сәйкес ұлттық қауіпсіздік органдарының рұқсаты бар оқу орындарында жүзеге асырылады.
13. Білім беру ұйымдарына оқуға қабылдау тәртібін осы Заңмен және қабылдаудың тиісті Үлгілік ережесімен реттелмеген бөлігінде білім беру ұйымдарының құрылтайшысы/құрылтайшылары (мемлекеттік басқару органы) белгілейді.
14. Оқуға түскен адамдармен білім беру ұйымдары үлгі нысанын білім беру саласындағы уәкілетті орган бекітетін шарт жасасады.

      23-бап. Білім алу нысандары
Білім беретін оқу бағдарламаларының мазмұнына қатысты, білім берудің әрбір деңгейін алуға қол жеткізудің жағдайларын жасауға жеке адамның қажеттіліктері мен мүмкіндіктерін ескере отырып, оқыту күндізгі, кешкі оқу, сырттай және экстернат нысанында жүзеге асырылады.

      24-бап. Оқу және тәрбие процесін ұйымдастыру
1. Білім беру ұйымдарындағы оқу және тәрбие процесі жұмыстық оқу бағдарламалары мен жұмыстық оқу жоспарларына сәйкес жүзеге асырылады.
2. Білім беру ұйымдарында жүзеге асырылатын жоспарлау және оқу мен тәрбие жұмысын есепке алу оқу және тәрбие процесін ұйымдастырудың негізі болып табылады.
Оқу және тәрбие жұмыстарын жоспарлау оқу жоспарларының және бағдарламаларының толық көлемде уақтылы және сапалы орындалуын қамтамасыз етуге тиіс.
Білім беру ұйымдарындағы оқу және тәрбие жұмыстарын жоспарлау оқу жылына арналған оқу-тәрбие процесінің және теориялық және практикалық сабақтардың кестесін бекіту арқылы жүзеге асырылады.
Білім беру ұйымдарындағы оқу және тәрбие жұмыстарының есебі теориялық және өндірістік оқытудың есеп журналын және оқу сағаттарындағы оқу бағдарламаларының орындалуын есепке алу табелін жүргізу арқылы жүзеге асырылады.
3. Білім беру ұйымдарындағы тәрбие бағдарламалары оқу процесінің құрамдас бөлігі болып табылады және білім алушылардың, тәрбиеленушілердің патриоттық, азаматтық, интернационалдық, жоғары моральдық және адамгершілік сезімін қалыптастыруға, сондай-ақ жан-жақты қызығушылықтары мен қабілеттерін дамытуға бағытталады.
Білім беру ұйымдарында нәсілдік, ұлттық, діни, әлеуметтік ымырасыздық пен айырықшылықты насихаттауға, милитаристік және де халықаралық құқық пен ізгіліктің жалпы танылған принциптеріне қайшы келетін өзге де идеяларды таратуға тыйым салынады.
4. Оқу және тәрбие процесі білім алушылардың, тәрбиеленушілердің, педагог қызметкерлердің адамгершілік қадір-қасиетін өзара құрметтеу негізінде жүзеге асырылады.
Білім алушылар мен тәрбиеленушілерге қатысты күш көрсету, моральдық және психикалық қысым жасау әдістерін қолдануға жол берілмейді.
5. Білім беру ұйымдарындағы білім беруді ұйымдастырудың тәртібін, мерзімдік әскери қызметті өткеруге теңестірілетін азаматтардың күндізгі бөлімдердегі білім алу уақытын оларды мемлекеттік басқару органдары айқындайды.
6. Әскерге шақырылуға дейінгі және шақырылу жасындағы білім алушылардың негізгі орта білім беру базасындағы алғашқы әскери даярлығы – жалпы орта білім берудің жалпы орта білім беретін оқу бағдарламаларын, техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі білім беретін кәсіптік оқу бағдарламаларын жеке асыратын білім беру ұйымдарында (арнаулы оқу орындарынан басқа), ал жоғары білім беретін кәсіптік оқу бағдарламаларын іске асыратын білім беру ұйымдарында Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен әскери кафедраларда жүзеге асырылады.
7. Білім беру ұйымдары білім алушылардың білім беретін оқу бағдарламаларын меңгеруін бақылау мақсатында білім алушылардың үлгерімін ағымдағы бақылауды және білім алушыларды аралық аттестаттауды жүзеге асырады.
Білім беру ұйымдары білім алушылардың үлгеріміне ағымдағы бақылауды және білім алушыларды аралық аттестаттауды жүргізудің нысандарын, тәртібін және мерзімділігін таңдауда дербес болады.
8. Негізгі орта, жалпы орта, техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі, жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім беретін оқу бағдарламаларын меңгеру білім алушыларды міндетті қорытынды аттестаттаумен аяқталады.
9. Жалпы орта білім беру ұйымдарында білім алушыларды және оқуын бітіретін жылы орта білімнен кейінгі немесе жоғары білім беретін ұйымдарға оқуға түсуге ниет білдірушілерді қорытынды аттестаттау ұлттық бірыңғай тестілеу нысанында жүзеге асырылады.
10. Техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі ұйымдардың білім алушыларын қорытынды аттестаттау:
1) білім беру ұйымдарында білім алушыларды қорытынды аттестаттауды;
2) кәсіптік даярлығының деңгейін бағалауды және біліктілікті беруді қамтиды.
Жоғары білімнен кейінгі кәсіптік оқу бағдарламаларын меңгерген білім алушыларды қорытынды аттестаттау ерекшеліктерін білім беру саласындағы уәкілетті орган айқындайды.
11. Білім беру ұйымдары кәмелетке толмаған білім алушылардың, тәрбиеленушілердің ата-аналарына және өзге де заңды өкілдеріне оқу және тәрбие процесінің барысымен және мазмұнымен, сондай-ақ білім алушылардың үлгерімімен танысу мүмкіндігін қамтамасыз етеді.

      25-бап. Ғылыми және оқу-әдістемелік жұмысты ұйымдастыру
1. Ғылым мен білімді интеграциялау, оқу және тәрбие процесін қамтамасыз ету және жетілдіру, оқытудың жаңа технологияларын әзірлеу және енгізу, білім беру ұйымдарында және тиісті инфрақұрылымда педагог қызметкерлердің біліктілігін арттыруды қамтамасыз ету мақсатында ғылыми және оқу-әдістемелік жұмыс жүзеге асырылады.
2. Ғылыми және оқу-әдістемелік жұмыстарға басшылық ету:
жалпы орта білім беру ұйымдарында аудандық (қалалық) білім беру бөлімдерінің әдістемелік кабинеттеріне;
техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі ұйымдарда облыстық, (қалалық) білім департаменттерінің әдістемелік кабинеттеріне жүктеледі.
3. Білім беру ұйымдарында және тиісті инфрақұрылымда, оның ішінде ғылыми және оқу-әдістемелік қамтамасыз ету ұйымдарында ғылыми және оқу-әдістемелік қызметті үйлестіру білім беру саласындағы уәкілетті орган белгілеген тәртіппен жүзеге асырылады.

      26-бап. Мектепке дейінгі тәрбие мен оқыту
1. Бір жастан бес жасқа дейінгі балаларды мектепке дейінгі тәрбиелеу отбасында және (немесе) мектепке дейінгі ұйымдарда жүзеге асырылады.
2. Жергілікті атқарушы органдар отбасына және мектепке дейінгі ұйымдарға қажетті әдістемелік және консультациялық көмек ұйымдастырады.
4. Мектеп алды даярлық отбасында, мектепке дейінгі ұйымдарда, жалпы білім беретін мектептердің, лицейлердің және гимназиялардың мектеп алды сыныптарында жүзеге асырылады.
Мемлекеттік білім беру ұйымдарындағы мектеп алды даярлық тегін болып табылады.

      27-бап. Бастауыш, негізгі орта және жалпы орта білім
      беру
1. 1-сыныпта оқуға алты жастағы балалар қабылданады.
2. Бастауыш, негізгі орта, жалпы орта білім берудің жалпы білім беретін оқу бағдарламаларын іске асыратын орта білім беретін ұйымдардың негізгі түрлері мектеп, гимназия, лицей, бейіндік мектеп болып табылады.
3. Он алты жасқа дейінгі балаларды жалпы орта білім беретін мемлекеттік ұйымдардан шығаруға құқыққа қарсы әрекеттер жасағаны, білім беру ұйымдарының жарғысын өрескел және бірнеше рет бұзғаны үшін білім беру ұйымдарын мемлекеттік басқару органының шешімі бойынша ерекше жағдайларда рұқсат етіледі.
Жетім балаларды және ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларды шығару туралы шешім қорғаншы және қамқоршы ұйымдардың келісімімен қабылданады.

      28-бап. Техникалық және кәсіптік білім беру
1. Техникалық және кәсіптік білім беру негізгі орта және/немесе жалпы орта білім беру базасындағы кәсіптік лицейлерде, училищелерде, колледждерде және жоғары техникалық мектептерде жүзеге асырылады.
Техникалық және кәсіптік білім беретін ұйымдардағы оқу процесі оқу-өндірістік шеберханаларында, оқу шаруашылықтары мен оқу полигондарында өндірістік оқыту шеберінің басшылығымен орындалатын теориялық сабақтарды және өндірістік оқытуды қамтиды.
2. Кәсіптік оқыту білім беру қызметін жүзеге асыру құқығына белгіленген тәртіпте берілген лицензиясы бар болған кезде тікелей өндірісте, оқу-өндірістік комбинаттарында, оқу орталықтарында, курстарда және жұмысшылар даярлауды жүзеге асыратын заңды тұлғалардың оқу-өндірістік құрылымдарында жүзеге асырылуы мүмкін.

      29-бап. Орта білімнен кейінгі кәсіптік білім беру
Орта білімнен кейінгі кәсіптік оқу бағдарламалары негізгі түрі колледждер болып табылатын білім беру ұйымдарында іске асырылады.
Орта білімнен кейінгі кәсіптік оқу бағдарламалары бойынша мамандарды даярлау тізбесін білім беру саласындағы уәкілетті орган бекітетін гуманитарлық мамандықтар бойынша жүзеге асырылады.

      30-бап. Жоғары техникалық мектептер
Жоғары техникалық мектептер техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі интеграцияланған білім беретін оқу бағдарламаларын іске асырады.

      31-бап. Жоғары білім беру
1. Жоғары білімді жалпы орта немесе техникалық және кәсіптік немесе орта білімнен кейінгі білімі бар адамдар алады.
2. Жоғары білім берудің кәсіптік оқу бағдарламалары негізгі түрлері университет, академия, институт және оларға теңестірілгендер (консерватория, жоғары мектеп, жоғары училище) болып табылатын жоғары оқу орындарында іске асырылады.
Инновациялық білім беру бағдарламаларын енгізетін университеттер инновациялық университеттер болып табылады.
Жоғары оқу орындарының филиалдары, лицензиялануға жататын білім беру қызметінің кіші түрлерін қоспағанда, білім беру қызметін жүзеге асыруға құқылы.
3. Жоғары білім берудің кәсіптік оқу бағдарламалары бойынша қорытынды аттестаттаудан табысты өткен білім алушыға біліктілік және/немесе «бакалавр» академиялық дәрежесі беріледі.
4. Бірыңғай оқу-ғылыми-өндірістік кешен ретінде жұмыс істейтін жоғары оқу орнының құрамына оқу, ғылыми, өндірістік және жоғары оқу орнының немесе заңды тұлғаның құрылымдық бөлімшесінің мәртебесі бар басқа да бөлімшелер кіруі мүмкін.
5. Білім беру бағдарламаларын іске асыру және ғылыми қолданбалы зерттеулерді жүргізу үшін жоғары оқу орындары инновациялық-білім беру консорциумын құруға және/немесе оған кіруге құқылы.

      32-бап. Жоғары білімнен кейінгі білім беру
1. Жоғары білімнен кейінгі білімді жоғары білімі бар адамдар алады.
2. Ғылыми және педагог кадрларды даярлау жоғары оқу орындарының магистратурасы мен докторантурасында, сондай-ақ Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен жыл сайын бекітілетін мамандықтар тізбесіне сәйкес күндізгі оқыту нысаны бойынша шет елдердің жоғары оқу орындарына «Болашақ» халықаралық стипендиясының стипендияттарын оқуға жіберу арқылы жүзеге асырылады.
Әскери мамандықтар бойынша магистратураның кәсіптік оқу бағдарламаларын іске асыру әскери жоғары оқу орындарының адьюнктурасында жүзеге асырылады.
3. Кадрларды магистратурада даярлау жоғары білім берудің кәсіптік оқу бағдарламалары негізінде:
1) екі жылдық оқу мерзімімен ғылыми және педагогтік;
2) кемінде бір жыл оқыту мерзімімен бейіндік болып екі бағытта жүзеге асырылады.
Мемлекеттік қорытынды аттестаттаудан табысты өткен және магистрлік диссертациясын көпшілік алдында қорғаған білім алушыға тиісті мамандығы бойынша магистр академиялық дәрежесі беріледі.
4. Докторантурада магистратураның кәсіптік оқу бағдарламалары негізінде кемінде үш жыл оқу мерзімімен (Рh.D) философия докторлары мен бейіні бойынша докторлар даярлау жүзеге асырылады.
5. Жоғары білімнен кейінгі медициналық және фармацевтік білім беру резидентураны, магистратура мен докторантураны қамтиды.
Резидентурада мамандануына қатысты оқыту ұзақтығы 2 жылдан 4 жылға дейін клиникалық мамандықтар бойынша терең даярлау жүзеге асырылады. Резидентура туралы ережені денсаулық сақтау саласындағы уәкілетті орган бекітеді.

      33-бап. Қосымша білім беру
1. Білім алушылар мен тәрбиеленушілерге қосымша білім беру саласындағы уәкілетті орган түрлерін анықтайтын қосымша білім беру ұйымдарында жүзеге асырылады.
Қосымша білім берудің білім беретін оқу бағдарламалары бойынша білім алушыларға білім беру қызметтерін көрсетуді бастауыш, негізгі орта және жалпы орта білім берудің жалпы білім беретін оқу бағдарламаларын шартты негізде іске асыратын білім беру ұйымдары береді
2. Кадрлардың біліктілігін арттыру және қайта даярлау қосымша білім берудің білім беретін оқу бағдарламаларын іске асыратын білім беру ұйымдарында, ғылыми ұйымдарда, өндірісте жүзеге асырылады.
3. Білім беру ұйымдарының педагог және ғылыми-қызметкерлерінің біліктілігін арттыру бес жылда бір реттен кем емес жүзеге асырылады.

      34-бап. Білім алушылардың кәсіптік практикасы
1. Білім алушылардың кәсіптік практикасы мамандар даярлайтын кәсіптік оқу бағдарламаларының құрамдас бөлігі болып табылады.
Кәсіптік практика тиісті ұйымдарда жүргізіледі және білім беру ұйымдарындағы оқыту, практикалық дағдыларды иемдену және озық тәжірибені меңгеру процесінде алған білімдерді бекітуге бағытталған.
2. Кәсіптік практиканың түрлері, мерзімдері мен мазмұны жұмыстық оқу бағдарламаларымен және жұмыстық оқу жоспарларымен айқындалады.
3. Кәсіптік практиканы өткізу үшін білім беру ұйымы шарттық негізде практиканың базасы ретінде ұйымды айқындайды, олармен практиканы өткізудің келісілген бағдарламалары мен күнтізбелік кестелерін бекітеді.
Білім беру ұйымдарының, практиканың және білім алушылардың базасы болып табылатын ұйымдардың міндеттері мен жауапкершіліктері шарттарда айқындалады.
4. Кәсіптік практикаға кеткен шығындар білім беру ұйымдарында және практиканың базасы болып табылатын ұйымдарда көзделеді және жасасылған шарттармен айқындалады.
5. Практиканың базасы болып табылатын ұйымдармен жасасылатын шарттар білім алушылардың кәсіптік практикасын өткізуге арналған шарттың Үлгілік нысаны негізінде жасасылады.

      35-бап. Білім беру туралы құжаттар
1. Мемлекеттік аттестаттаудан өткен және негізгі орта, жалпы орта, техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі, жоғары, жоғары оқу орнынан кейінгі білім берудің білім беретін оқу бағдарламаларын іске асыратын лицензиясы бар білім беретін ұйымдар қорытынды аттестаттаудан өткен адамдарға білімі туралы мемлекеттік үлгідегі құжаттарды береді.
Білімі туралы мемлекеттік үлгідегі құжаттарды толтыруға қойылатын талаптарды білім беру саласындағы уәкілетті орган айқындайды.
2. Білімі туралы мемлекеттік үлгідегі құжат кейінгі деңгейдегі білім беретін ұйымдарда білім алуды жалғастыру үшін қажетті шарт болып табылады.
3. Білім алуды аяқтамаған не қорытынды атестаттаудан өтпеген адамдарға белгіленген үлгідегі анықтама беріледі.
4. Шетелдік білім беру ұйымдары берген білімі туралы құжаттар Қазақстан Республикасының аумағында халықаралық шарттар (келісімдер) негізінде танылады.
Халықаралық шарттар (келісімдер) болмаған жағдайда адамдардың шетелдік білім беру ұйымдарында алған білімі туралы құжаттарын нострификациялау және оларға тиісті куәліктерді беру білім беру саласындағы уәкілетті орган белгілеген тәртіппен жүзеге асырылады.

5-тарау. Білім беру қызметінің субъектілері

      36-бап. Білім беру ұйымдары
1. Бір немесе бірнеше білім беретін оқу бағдарламаларын іске асыратын және (немесе) білім алушыларды, тәрбиеленушілерді ұстау мен тәрбиелеуді қамтамасыз ететін заңды тұлғалар білім беру ұйымдары болып табылады.
Білім беру ұйымдарын Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес жеке және заңды тұлғалар (құрылтайшылар) құрады.
Білім беру ұйымдарының қызметі тиісті үлгідегі білім беру ұйымдары қызметінің Үлгілік ережелерімен және солардың негізінде әзірленген жарғылармен реттеледі.
2. Білім беру ұйымдарында білім беру қызметін жүргізу құқығы лицензия алған кезден бастап туындайды және Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен ол қайтарып алынған немесе жарамсыз деп танылған сәттен бастап тоқтатылады.
3. Білім беру ұйымының мәртебесін (үлгісін, түрін) оның құрылтайшылары айқындайды және осы Заңның талаптары, білім беру қызметін лицензиялау кезіндегі біліктілік талаптары, тиісті үлгідегі білім беру ұйымдары қызметінің Үлгілік ережелері ескеріле отырып, оның жарғыларында көрсетіледі.
4. Білім беру ұйымдары номенклатурасының үлгілерін және түрлерін білім беру саласындағы уәкілетті орган бекітеді.
5. Медициналық білім беру ұйымы Қазақстан Республикасының заңнамасында тыйым салынбаған көздерден қаржыландыру жүзеге асырылатын клиникалық базасы бар болған жағдайда ғана жұмыс істеуі мүмкін.
Клиникалық базалар туралы ережені денсаулық сақтау саласындағы уәкілетті орган бекітеді.

      37-бап. Білім беру ұйымдарының жарғысы
Білім беру ұйымдарының жарғысы, Қазақстан Республикасының азаматтық заңнамасында және Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген талаптардан басқа, мыналарды:
1) іске асырылатын білім беретін оқу бағдарламаларының тізбесін;
2) білім беру ұйымдарына қабылдау тәртібін;
3) білім беру процесін ұйымдастыру тәртібін (оның ішінде оқыту және тәрбиелеу тілін (тілдерін), білім алушылардың, тәрбиеленушілердің сабақ режимін);
4) білімдерді ағымдағы бақылау, білім алушыларды аралық аттестаттау жүйесін, оларды өткізудің нысандарын және тәртібін;
5) ақылы білім беру қызметін көрсетудің тізбесін және тәртібін;
6) білім беру ұйымдарының білім алушылармен, тәрбиеленушілермен және (немесе) олардың ата-аналарымен және өзге де заңды өкілдерімен қатынастарын ресімдеу тәртібін қамтуға тиіс.
2. Білім беру ұйымының жарғысында оның қызметіне қатысты және Қазақстан Республикасының заңнамасына қайшы келмейтін өзге де ережелер болуы мүмкін.
3. Білім беру ұйымының жарғысы Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен бекітіледі.

      38-бап. Білім беру ұйымдарын құру, қайта ұйымдастыру
      және тарату
1. Білім беру ұйымдарын құру, қайта ұйымдастыру және тарату Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес жүзеге асырылады.
2. Білім беру ұйымы таратылған жағдайда оның құрылтайшысы (құрылтайшылары) таратылған білім беру ұйымының білім алушыларына басқа білім беру ұйымдарында оқуын жалғастыру үшін шаралар қолданады.

      39-бап. Білім беру ұйымдарының құзыреті.
1. Білім беру ұйымдары Қазақстан Республикасының заңнамасында, тиісті үлгідегі білім беру ұйымдарының қызметін ұйымдастыру туралы Үлгілік ережелер мен білім беру ұйымдарының жарғыларында белгіленген шектерде оқу-тәрбие процестерін жүзеге асыруда, кадрларды іріктеу мен орналастыруда, ғылыми, қаржы-шаруашылық және өзге де қызметте дербес болады.
2. Білім беру ұйымдары өз қызметін жария түрде жүзеге асырады, жұртшылықты оқу, ғылыми-зерттеу және қаржы қызметі туралы хабардар етеді.
3. Білім беру ұйымының құзыретіне мынадай міндеттер:
1) ішкі тәртіп ережелерін әзірлеу және бекіту;
2) әскери мамандықтар бойынша жұмыстық оқу бағдарламалары мен жұмыстық оқу жоспарларынан басқа, жұмыстық оқу бағдарламалары мен жұмыстық оқу жоспарларын әзірлеу және бекіту;
3) егер осы Заңда және қабылдаудың Үлгілік ережесінде өзгеше көзделмесе, білім беру қызметін жүргізу құқығына берілген лицензияға сәйкес білім алушылардың, тәрбиеленушілердің контингентін қалыптастыру;
4) оқытудың жаңа технологияларын енгізу;
5) бірыңғай ұлттық тестілеуді және техникалық және еңбек қызметін көрсету кәсіптері (мамандықтары) бойынша біліктілікті беруді қоспағанда, білім алушылардың үлгерімін ағымдық бақылау, аралық және қорытынды аттестаттау жүргізу;
6) өздерінің жеке қаржы қаражаттары шектерінде Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен мемлекеттік білім беру ұйымдарындағы қызметкерлерге лауазымдық айлықақылар, (ставкалары) үстемеақылар және өзге де ынталандыратын төлемдер белгілеу;
7) Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен кадрлардың біліктілігін арттыруды және оларды қайта даярлауды қамтамасыз ету;
8) білім беру ұйымдарын материалдық-техникалық қамтамасыз ету, жарақтандыру мен жабдықтау;
9) Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен ақылы негізде жүзеге асырылатын қызметтер көрсету;
10) Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен жарғылық қызметті жүзеге асыру үшін қосымша қаржылық және материалдық қаражат көздерін тарту;
11) білім алушыларды тамақпен және медициналық қызмет көрсетумен қамтамасыз ету, білім алушылардың, тәрбиеленушілердің денсаулықтарын қорғауды және нығайтуды қамтамасыз ету;
12) білім алушылардың, тәрбиеленушілердің жекелеген санаттарына Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген қосымша жеңілдіктер мен материалдық қамтамасыз ету түрлерінің уақтылы берілуін қамтамасыз ету;
13) тәрбиеленушілер мен білім алушыларды ұстаудың және күнкөріс жағдайларының белгіленген нормалардан төмен болмауын қамтамасыз ету;
14) қоғамдық өзін-өзі басқару, қоғамдық бірлестіктер органдарының қызметіне жәрдемдесу;
15) қаржылық және шаруашылық қызметті қоса алғанда, жыл сайынғы есепті бұқаралық ақпарат құралдарында жариялау;
16) жоғары оқу орындарының ғылыми-педагог қызметкерлеріне тиісті оқу орнының доценті және профессоры академиялық атақтарын беру;
17) «магистр» академиялық дәрежелерін беру жатады.

      40-бап. Білім беру ұйымдарын басқару
1. Білім беру ұйымдарын басқару Қазақстан Республикасының заңнамасына, тиісті үлгідегі білім беру ұйымы қызметінің Үлгілік ережелері мен білім беру ұйымының жарғысына сәйкес жеке басқару және алқалық принциптермен жүзеге асырылады.
2. Білім беру ұйымын тікелей басқаруды оның басшысы жүзеге асырады.
3. Лауазымға тағайындау және лауазымынан босату тәртібін Қазақстан Республикасының Президенті айқындайтын жекелеген мемлекеттік жоғары оқу орындарының бірінші басшыларын қоспағанда, білім беру ұйымының басшысы Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен лауазымға тағайындалады және лауазымнан босатылады.
Бірінші басшыларын Қазақстан Республикасының Президенті лауазымға тағайындайтын және лауазымнан босататын жекелеген мемлекеттік жоғары оқу орындарының тізбесін Қазақстан Республикасының Президенті бекітеді.
Мемлекеттік орта білім беру ұйымдарының басшысы ұйымдастыру құқықтың нысанындағы мемлекеттік мекемеге педагогтік кеңестің ұсыныстары ескеріле отырып, конкурстық негізде лауазымдыққа тағайындалады.
4. Білім беру ұйымы басшысы лауазымының атауы, білім беру ұйымының алқалы органдарының құзыреті, құрылу және қызметінің тәртібі, олардың арасындағы өкілеттіктің ара жігін ажырату тиісті үлгідегі білім беру ұйымдары қызметінің Үлгілік ережелерімен айқындалады және олардың жарғыларымен бекітіледі.
5. Мемлекеттік білім беру ұйымының басшысы үш жылда бір рет Қазақстан Республикасының Үкіметі белгілеген тәртіппен аттестаттаудан өтеді.
Қазақстан Республикасының Президентінің лауазымға тағайындайтын және лауазымнан босататын жекелеген мемлекеттік жоғары оқу орындарының бірінші басшыларының аттестаттаудан өту тәртібін Қазақстан Республикасының Президенті айқындайды.
6. Мемлекеттік білім беру ұйымдарының (медициналық және фармацевтік білім беру ұйымдарынан басқа) басшысы мемлекеттік басқару органымен келісім бойынша өздерінің орынбасарларын және бас бухгалтерді лауазымға тағайындайды және одан босатады.
7. Мемлекеттік білім беру ұйымдарының басшыларына өздерінің қызметтерін білім беру ұйымдары ішіндегі немесе одан тыс жерлердегі басқа да басшылық (ғылыми және ғылыми-әдістемелік басшылықтан басқа) қызметтермен қоса атқаруға рұқсат етілмейді.
8. Мемлекеттік білім беру ұйымдарының басшылары лауазымдық міндеттерді қоса атқара алмайды.
9. Білім беру ұйымдарында алқалы басқару органдары құрылады.
Білім беру ұйымын алқалы басқарудың нысандары, оларды сайлау тәртібімен қоса, жұмысты ұйымдастырудың типтік ережелерін білім беру саласындағы уәкілетті орган бекітетін білім беру ұйымының кеңесі (ғылыми кеңес), қамқоршылық кеңес, педагогтік, әдістемелік (оқу-әдістемелік, ғылыми-әдістемелік) кеңестер және басқа да нысандар болып табылады.

      41-бап. Еңбек қатынастары және білім беру ұйымы
      басшысының жауапкершілігі
1. Қызметкер мен білім беру ұйымының еңбек қатынастары Қазақстан Республикасының еңбек заңнамасымен реттеледі.
Жоғары оқу орындарындағы ғылыми-педагогтік қызметкерлердің (профессорлық-оқытушылық құрамның, ғылыми қызметкерлердің) лауазымдарға орналасуы конкурстық негізде жүзеге асырылады.
2. Білім беру ұйымдарының басшылары мен профессорлық- оқытушылық құрамын лауазымға тағайындауды және олардың еңбек жағдайларын, мерзімдік әскери қызметті өткеруге теңестірілетін азаматтардың күндізгі бөлімдердегі білім алу уақытын Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес оларды мемлекеттік басқару органдары айқындайды.
3. Білім беру ұйымының басшысы Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен:
1) білім беру ұйымы білім алушыларының, тәрбиеленушілерінің, қызметкерлерінің құқықтары мен бостандықтарын бұзғаны;
2) өзінің құзыретіне жатқызылған міндеттерді орындамағаны;
3) мемлекеттік жалпыға міндетті білім беру стандартының талаптарын бұзғаны;
4) білім беру ұйымы тәрбиеленушілерінің, білім алушыларының және қызметкерлерінің оқу-тәрбие процесі кезіндегі өмірі мен денсаулығы;
5) қаржы-шаруашылық қызметінің жай-күйі, соның ішінде материалдық және ақша қаражаттарын нысаналы пайдаланбағаны;
6) нормативтік құқықтық актілерде және еңбек шартының талаптарында көзделген талаптарды өзге де бұзушылықтар үшін жауаптылықта болады.
4. Білім беру ұйымы басшысының міндетін орындамауы лауазымнан босатуға не Қазақстан Республикасының заңнамасында белгілеген тәртіппен өзге де тәртіптік жаза қолдануға әкеп соғады.

      42-бап. Білім беру жүйесіндегі бірлестіктер
Білім беру жүйесіндегі білім беру қызметі субъектілерінің мүдделерін Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес құрылған және жұмыс істеп тұрған олардың бірлестіктері білдіре алады.

      43-бап. Білім алушылар мен тәрбиеленушілердің
      құқықтары, міндеттері мен жауапкершілігі
1. Қазақстан Республикасы азаматтарының, Қазақстан Республикасында тұрақты тұратын шетелдіктер мен азаматтығы жоқ адамдардың қабылдау шарттарына сәйкес білім беру ұйымын және білім алу нысандарын таңдауға құқығы бар.
2. Білім алатын адамдар білім алушылар немесе тәрбиеленушілер болып табылады.
Білім алушыларға оқушылар, студенттер, магистранттар, адъюнкттар, курсанттар, тыңдаушылар және докторанттар жатады.
Тәрбиеленушілерге мектепке дейінгі, интернаттық ұйымдарда білім алушы және тәрбиеленуші адамдар жатады.
3. Білім алушылар мен тәрбиеленушілердің:
1) мемлекеттік жалпыға міндетті білім беру стандарттарына сәйкес сапалы білім алуға;
2) білім беру ұйымы кеңесінің шешімі бойынша жалпыға міндетті мемлекеттік білім беру стандарттары шеңберінде жеке оқу жоспарлары, қысқартылған білім беретін оқу бағдарламалары бойынша оқуға;
3) оқу жоспарларына сәйкес баламалы курстарды таңдауға;
4) өзінің бейімділігі мен қажеттеріне қарай қосымша білім беру қызметін, білімдерді арқылы негізде алуға;
5) білім беру ұйымдарын басқаруға қатысуға;
6) қайта қабылдануға және бір оқу орнынан басқасына, бір мамандықтан басқасына немесе оқудың бір нысанынан басқасына ауысуға;
7) Қазақстан Республикасының Үкіметі белгілеген тәртіппен білім беру ұйымдарында ақпараттық ресурстарды тегін пайдалануға, оқулықтармен, оқу-әдістемелік кешендермен және оқу-әдістемелік құралдармен қамтамасыз етілуге;
8) Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес халықты жұмыспен қамту саласындағы жағдай туралы ақпарат алуға;
9) өзінің пікірі мен сенімін еркін білдіруге;
10) өзінің адамгершілік қасиеттерінің құрметтелуіне;
11) оқудағы, ғылыми және шығармашылық қызметтегі табыстары үшін көтермеленуге және сыйақы алуға құқығы бар.
4. Меншік нысаны мен ведомстволық бағыныстылығына қарамастан, барлық білім беру ұйымдарының күндізгі оқу нысаны бойынша білім алушылары мен тәрбиеленушілерінің:
1) жергілікті өкілді органдардың шешімі бойынша қоғамдық көлікте (таксиден басқа) жеңілдікпен жол жүруге;
2) оқудан бос уақытта оқуды жұмыспен ұштастыруға;
3) Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес әскери қызметке шақырылу мерзімін кейінге қалдыруға құқығы бар.
5. Медициналық айғақтар бойынша және өзге де ерекше жағдайларда білім алушыға академиялық демалыс берілуі мүмкін.
6. Меншік нысандарына қарамастан, білім беру ұйымдарын бітірген адамдар келесі деңгейдегі білім беру ұйымына түсу кезінде бірдей құқықтарға ие болады.
7. Білім беру ұйымдарында білім алушылардың жекелеген санаттарына Қазақстан Республикасының Үкіметі белгілеген тәртіппен мемлекеттік стипендиялар төленеді.
Мемлекеттік атаулы стипендия жоғары оқу орындары мен ғылыми-зерттеу мекемелерінің неғұрлым дарынды магистранттарына және Қазақстан Республикасы жоғары оқу орындарының күндізгі оқу нысаны бойынша білім алушыларына жоғары оқу орындары мен ғылыми-зерттеу институттары ғылыми кеңестерінің шешімдері негізінде төленеді.
Жеке және заңды тұлғалар тағайындайтын атаулы стипендиялар техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі, жоғары және жоғары оқу орнынан келіп ұйымдарда оқытудың күндізгі нысаны бойынша білім алушыларға тағайындалады.
Атаулы стипендиялардың мөлшерін және оларды төлеу тәртібін оларды тағайындаған органдар мен тұлғалар айқындайды.
8. Жұмыстарының жоғары көрсеткіштері үшін мемлекеттік конкурс негізінде грант алған білім беретін мемлекеттік мекемелер гранттың есебінен аз қамтамасыз етілген отбастарынан шыққан білім алушыларға стипендия төлейді. Стипендияны төлеу тәртібін және оның мөлшерін Қазақстан Республикасының Үкіметі белгілейді.
9. Мемлекеттік білім беру тапсырысына сәйкес оқуға қабылданған білім алушыларды білім беру ұйымдары өздері белгілеген тәртіппен жатақханалардағы орындармен қамтамасыз етеді.
10. Білім алушылар мен тәрбиеленушілерді оқу процесінен алаңдатуға жол берілмейді.
11. Білім беру ұйымдарында жетім балалар мен ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларға арналған білім беру ұйымдарында білім алушы және/немесе тәрбиеленуші жетім балалар мен ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалар толық мемлекетте қамтамасыз етуде ұсталады.
12. Білім алушылар мен тәрбиеленушілердің жекелеген санаттарына Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес басқа да жеңілдіктер беріледі.
13. Орта білімнен кейінгі және жоғары білім беретін ұйымдарда мемлекеттік білім беру тапсырысы негізінде білім алушылардың қысқы және жазғы каникул кезінде қалааралық теміржол және автомобиль (таксиден басқа) көлігінде жеңілдікпен жол жүруге құқығы бар.
14. Білім алушылар мен тәрбиеленушілер мемлекеттік жалпыға міндетті білім беру стандарттарының талаптарына сәйкес білімді, шеберлік пен практикалық дағдыларды және біліктіліктерді меңгеруге, ішкі тәртіп ережелерін сақтауға, білім беру ұйымының жарғысында және білім беру қызметтерін көрсету туралы шартта көзделген басқа да талаптарды орындауға міндетті.
15. Білім алушылар мен тәрбиеленушілер өздерінің денсаулығы үшін қам жеуге, рухани және дене бітімін өздігінен жетілдіруге ұмтылуға міндетті.
16. Білім алушылар педагог қызметкердің қадір-қасиетін, өзі білім алатын және оның беделі туралы қам жейтін оқу орнының дәстүрлерін құрметтеуге міндетті.
17. Осы Заңның 22-бабы 8-тармағының 3) тармақшасында белгіленген квота шегінде педагогтік және медициналық мамандықтар бойынша оқуға түскен ауыл (село) жастары ішінен шыққан адамдар білім беру грантын беру ережелерінде және білім беру қызметтерін көрсету туралы шарт талаптарында көзделген тәртіппен жоғары оқу орнын аяқтағаннан кейін кемінде үш жыл ауылдық жерлерде орналасқан білім беру ұйымдары мен медициналық ұйымдарда жұмысты өтеуге міндетті.
Маманды жұмысқа жіберу, өз бетімен жұмысқа орналасу құқығын беру тәртібі білім беру грантын беру ережесімен айқындалады.
18. Білім алушылардың, тәрбиеленушілердің міндеттерін бұзғаны үшін оларға білім беру ұйымының ішкі тәртібінің ережесімен және жарғысымен көзделген тәртіптік ықпал ету шараларына білім беру қызметтерін беру туралы шартта көзделген өзге де шаралар қолданылуы мүмкін.

      44-бап. Білім алушылардың, тәрбиеленушілердің
      денсаулығын сақтау
1. Білім беру ұйымдарында білім алушылардың, тәрбиеленушілердің ауруға ұшырауын болдырмау, денсаулығын нығайту, дене бітімін жетілдіру, салауатты өмір салтына ынталандыру жөніндегі қажетті шаралардың орындалуы қамтамасыз етіледі.
2. Білім алушылардың, тәрбиеленушілердің оқу жүктемесі, сабақ режимі мемлекеттік жалпыға міндетті білім беру стандарттары, санитарлық-эпидемиологиялық ережелер мен нормалар, оқу жоспарларымен денсаулық сақтау және білім беру органдарының ұсыныстары негізінде әзірленген білім беру ұйымдары бекітетін ережелермен айқындалады.
3. Денсаулық сақтау жүйесінің ұйымдары білім алушылардың, тәрбиеленушілердің денсаулық жағдайына үнемі бақылау жасауды, оларға медициналық қызмет көрсетуді жүзеге асырады. Білім беру ұйымдары медициналық пункттер үшін орындар ұсынады.
Білім алушылардың, тәрбиеленушілердің денсаулығын сақтауды қамтамасыз ету мақсатында білім беру ұйымдары білім алушыларға және тәрбиеленушілерге медициналық қызмет көрсетуді қамтамасыз ететін құрылымдық бөлімше құруға құқылы.
4. Мектепке дейінгі және орта білім беретін ұйымдардың педагог қызметкерлері Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен жыл сайын тегін медициналық тексеруден етіп тұруға міндетті.
5. Білім беру ұйымдарындағы сабақ кестесі білім алушылар мен тәрбиеленушілердің тамақтануы және белсенді тынығуы үшін жеткілікті ұзақ үзіліс жасалуын көздеуге тиіс.
Білім беру ұйымдарында білім алушыларды тамақтандыруды ұйымдастыру үшін жағдай жасалады. Тамақ сапасын бақылау денсаулық сақтау органдарына жүктеледі.
6. Білім беру ұйымдарында оқытудың, тәрбиелеудің, еңбек пен тынығудың салауатты және қауіпсіз жағдайларын жасау үшін жауапкершілік олардың басшыларына жүктеледі.

      45-бап. Ата-аналардың және өзге де заңды өкілдердің
      құқықтары мен міндеттері
1. Кәмелетке толмаған балалардың ата-аналары мен өзге де заңды өкілдерінің:
1) баланың тілегін, жеке бейімділігі мен ерекшеліктерін ескере отырып білім беру ұйымын таңдауға;
2) ата-аналар Комитеттері арқылы білім беру ұйымдарын басқару органдарының жұмысына қатысуға;
3) білім беру ұйымдарынан өз балаларының үлгерімі, мінез-құлқы және оқу жағдайларына қатысты ақпарат алуға;
4) өз балаларын оқыту мен тәрбиелеу проблемалары жөнінде психологиялық-медициналық-педагогтік консультациялардан консультациялық көмек алуға;
5) өздерінің балаларына қосымша қызмет көрсетуді шартты негізде алуға құқығы бар.
2. Ата-аналар мен өзге де заңды өкілдер:
1) балаларға өмірі мен оқуы үшін салауатты және қауіпсіз жағдайлар жасауға, олардың зияткерлік және дене күшін дамытуды, адамгершілік қалыптасуын қамтамасыз етуге;
2) бес жастағы балалардың мектеп алды дайындығын қамтамасыз етуге, ал алты жастан бастап жалпы білім беретін мектепке беруге;
3) балаларды оқыту мен тәрбиелеуде білім беру ұйымдарына жәрдем көрсетуге;
4) балалардың оқу орнына барып тұруын қамтамасыз етуге міндетті.
3. Ата-аналар мен өзге де заңды өкілдердің балаларды тәрбиелеу және оқыту жөніндегі өздеріне жүктелген міндеттерді дәлелді себептерсіз орындамауы Қазақстан Республикасының заңдарында белгіленген жауапкершілікке әкеп соғады.

6-тарау. Педагог қызметкердің мәртебесі

      46-бап. Педагог қызметкердің мәртебесі
1. Білім беру ұйымдарында, сондай-ақ білім беру бағдарламаларын іске асыратын басқа да ұйымдарда білім алушылар мен тәрбиеленушілерді оқытуға және тәрбиелеуге қатысты білім беру қызметімен айналысатын адамдар педагог қызметкер қатарына жатады.
2. Мемлекет қоғамдағы педагог қызметкерлердің ерекше мәртебесін таниды және кәсіптік қызметін жүзеге асыруы үшін жағдайлар жасайды.

      47-бап. Педагог қызметкердің құқықтары, міндеттері мен
      жауапкершілігі.
1. Тиісті бейіні бойынша арнайы педагогтік немесе кәсіптік білімі бар адамдар педагогтік қызметпен айналысуға жіберіледі.
2. Педагог қызметкердің:
1) кәсіптік қызмет үшін жағдайларды қамтамасыз ете отырып педагогтік қызметпен айналысуға;
2) ғылыми-зертеу, тәжірибелік-эксперименттік жұмыспен айналысуға, педагогтік практикаға жаңа әдістер мен технологияларды енгізуге;
3) жеке педагогтік қызметке;
4) тиісті білім беру деңгейіндегі мемлекеттік жалпыға міндетті стандарт талаптары сақталған жағдайда педагогтік қызметті ұйымдастырудың әдістері мен нысандарын еркін таңдауға;
5) білім беру ұйымдарын басқарудың алқалы органдарының жұмысына қатысуға;
6) бес жылда кем дегенде бір рет ұзақтығы 4 айдан аспайтын біліктілігін арттыруға;
7) санатын арттыру мақсатында мерзімінен бұрын аттестатталуға;
8) педагогтік қызметтегі табыстары үшін мемлекеттік наградалар, құрметті атақтар, сыйақылар мен атаулы стипендиялар түріндегі материалдық және моральдық көтермеленуге;
9) өзінің кәсіптік абыройы мен қадір-қасиетін қорғауға;
10) әскери қызметке шақырылу мерзімін ұзартуға;
11) ғылыми қызметпен айналысу үшін педагогтік стажы сақтала отырып, шығармашылық демалыс алуға;
12) білім беру ұйымы әкімшілігінің бұйрықтары мен өкімдеріне шағымдануға құқығы бар.
3. Педагог қызметкер:
1) өзінің кәсіптік құзыреті саласында тиісті теориялық және практикалық білімді және оқыту дағдыларын меңгеруге;
2) мемлекеттік жалпыға міндетті білім беру стандарттарының талаптарына сәйкес көрсетілетін білім беру қызметтерінің сапасын қамтамасыз етуге;
3) білім алушыларды жоғары адамгершілік, ата-аналарына, этникалық мәдениет құндылықтарына құрмет көрсету рухында, қоршаған дүниеге ұқыпты қарауға тәрбиелеуге;
4) білім алушылардың өмірлік дағдыларын, біліктіліктерін, өздігінен жұмыс істеуін, шығармашылық қабілеттерін дамытуға;
5) өзінің кәсіптік шеберлігін, зияткерлігін, шығармашылық және жалпы ғылыми деңгейін үнемі жетілдіріп отыруға;
6) бес жылда кемінде бір рет аттестаттаудан етуге;
7) педагогтік әдеп нормаларын сақтауға;
8) оқушылардың, тәрбиеленушілердің және олардың ата-аналарының абыройы мен қадір-қасиетін құрметтеуге міндетті.
Міндеттері мен педагогтік әдеп нормаларын бұзғаны үшін педагог қызметкер Қазақстан Республикасының заңдарында және еңбек шартында көзделген жауаптылықта болады.
4. Педагог қызметкерлерді өздерінің кәсіптік міндеттерін орындаумен байланысы жоқ жұмыс түрлеріне тартуға жол берілмейді.
5. Білім беру ұйымына жұмыс істеуге педагогтік қызметіне сот үкімімен немесе медициналық қорытындымен тыйым салынған адамдар жіберілмейді.

      48-бап. Білім беру ұйымдары қызметкерлерінің еңбегіне
      ақы төлеу жүйесі
1. Мемлекеттік білім беру ұйымдары қызметкерлерінің еңбегіне төлеу жүйесі Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен айқындалады.
Мемлекеттік емес білім беру ұйымдары қызметкерлерінің еңбегіне ақы төлеуді Қазақстан Республикасының қолданыстағы заңнамасына сәйкес олардың құрылтайшылары немесе оған уәкілетті адам айқындайды.
2. Бюджет қаражаты есебінен қаржыландырылатын мемлекеттік білім беру ұйымдары қызметкерлеріне жалақыны есептеу ережесін еңбек саласындағы уәкілетті органмен келісім бойынша білім беру саласындағы уәкілетті орган бекітеді.
3. Білім беретін мемлекеттік мекемелер мен қазыналық кәсіпорындардың педагог қызметкерлерінің лауазымдық айлықақысы, қосымша ақылар мен үстеме ақылар, сондай-ақ ынталандыру сипатындағы басқа да төлемдер Қазақстан Республикасының заңнамасын айқындалады. Бюджет қаражаты есебінен ынталандыру сипатында төленетін төлемдер кредиторлық берешек болмаған жағдайда жүргізілуі мүмкін.
4. Білім беру ұйымдарының қызметкерлеріне Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен ауылдық жерде жұмыс істегені үшін, сынып жетекшілігі үшін, дәптерді, жазу жұмыстарын тексергені үшін, оқу кабинеттеріне меңгерушілік еткені, пәндерді тереңдеп оқытқаны үшін қосымша ақы және басқа да төлемдер төлеу жүргізіледі.
5. Ерекше мәртебесі бар жоғары оқу орындарының профессор- оқытушы құрамы мен басшы қызметкерлерінің лауазымдық айлықақысы арттырылып отыратын коэффициентті ескере отырып айқындалады.
6. Мемлекеттік білім беру ұйымдарының педагог қызметкерлеріне негізгі жұмыс орны бойынша ғылым кандидаты, философия докторы (РҺ.D), бейіні бойынша доктор және тиісті дипломы бар болғанда ғылым докторы ғылыми дәрежесі үшін: ғылым кандидаты, философия докторы (РҺ.D), бейіні бойынша доктор үшін бір айлық ең төменгі жалақы және ғылым докторы үшін екі айлық ең төменгі жалақы мөлшерінде қосымша ақы белгіленеді.
7. Мемлекеттік білім беру ұйымдарының педагог қызметкерлеріне айлық жалақыны есептеу үшін аптасына нормативтік оқу жүктемесі:
1) 18 сағаттан:
бастауыш, негізгі, жалпы орта, техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі ұйымдар үшін;
білім алушылар мен тәрбиеленушілерге қосымша білім беретін ұйымдар үшін;
мамандандырылған және арнайы білім беру ұйымдары үшін;
2) 24 сағаттан:
мектепке дейінгі тәрбие және оқыту ұйымдары мен мектеп алды топтары және жалпы орта білім беру ұйымдарының мектеп алды сыныптары үшін;
балалар мен жасөспірімдердің спорттық білім беру ұйымдары үшін;
3) 30 сағаттан аспайтындай – интернаттық ұйымдардың, демалыс лагерінің, техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі білім беру ұйымдары жатақханаларының тәрбиешілеріне белгіленеді.
Жоғары оқу орындарын қоспағанда, мемлекеттік білім беру ұйымдарындағы педагог қызметкерлердің лауазымдық міндетіне (біліктілік талаптарына) қатысты нормативтік оқу жүктемесін білім беру саласындағы уәкілетті органның ұсынысы бойынша Қазақстан Республикасының Үкіметі белгілейді.
Жоғары оқу орындары профессорлық-оқытушылық құрамынан жылдық оқу жүктемесі жұмыс уақытының жылдық нормасының шегінде белгіленеді және жоғары оқу орнының басшысы ғылыми кеңестің шешімі негізінде бекітеді.
8. Мемлекеттік тапсырысты айқындау кезінде мемлекеттік жоғары оқу орындары профессор-оқытушылар құрамының жалпы саны мынадай орташа арақатынасты негізге ала отырып есептеледі:
1) студенттер мен оқытушылар (бір оқытушыға келетін студенттердің ең төменгі орташа саны) тиісінше:
күндізгі оқу нысаны үшін – 8:1 (медициналық жоғары оқу орындары үшін-6:1);
кешкі оқу нысаны үшін – 16:1;
сырттай оқу нысаны үшін – 32:1;
2) магистранттар және оқытушылар – 4:1;
3) докторанттар және оқытушылар – 3:1.

      49-бап. Әлеуметтік кепілдіктер
1. Педагог қызметкерлердің мынадай әлеуметтік кепілдіктерге:
1) Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес тұрғын үйге, оның ішінде қызметтік үйге және/немесе жатақханаға;
2) жалпы орта, техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі, жоғары және жоғары білім беруден кейінгі ұйымдардың педагог қызметкерлері үшін ұзақтығы күнтізбелік – 56 күнге; оқу-әдістемелік қамтамасыз ету, мектепке дейінгі және қосымша білім беру ұйымдарының педагог қызметкерлері үшін – күнтізбелік 42 күнге ақы төленетін жыл сайынғы демалысқа ие болады.
2. Ауылдық жерде жұмыс істейтін білім берудің педагог қызметкерлеріне жергілікті өкілді органдардың шешімі бойынша:
1) қала жағдайында пегагогтік қызметпен айналысатын педагог қызметкерлердің ставкаларымен салыстырғанда айлықақылар мен тарифтік ставкалар кемінде жиырма бес процентке арттырылып белгіленеді;
2) коммуналдық қызмет көрсетулерге шығыстарды жабу үшін біржолғы ақшалай өтемақы төленеді және тұрғын үй-жайларды жылыту үшін отын сатып алуға жергілікті өкілді органдардың шешімі бойынша бюджет қаражаты есебінен әлеуметтік көмек беріледі;
3) жеке меншігінде малы барлар ауылшаруашылық ұйымдарының қызметкерлерімен бірдей жемшөппен, малын жаю және шөп шабу үшін жер учаскелерімен қамтамасыз етіледі.
3. Мемлекеттік білім беру ұйымдарының педагог қызметкерлеріне жыл сайын тиісті бюджет қаражаты есебінен:
1) оларға кезекті еңбек демалысын беру кезінде Қазақстан Республикасының еңбек туралы заңнамасымен айқындалған мөлшерде күнтізбелік жылда бір рет сауықтыруға жәрдемақы;
2) «Жоғары оқу орнының үздік оқытушысы» атағын иеленушіге 2000 еселенген айлық есеп көрсеткіші мөлшерінде мемлекеттік грант;
3) «Үздік педагог» атағын иеленушіге 1000 еселенген айлық есеп көрсеткіш мөлшерінде мемлекеттік грант төленеді.

7-тарау. Білім беру жүйесін басқару

      50-бап. Қазақстан Республикасы Президентінің құзыреті
Қазақстан Республикасының Президенті:
1) білім беру жүйесін дамытудың мемлекеттік бағдарламасын және стратегиялық жоспарын бекітеді;
2) атаулы стипендияларды, оның ішінде «Болашақ» халықаралық стипендиясын тағайындайды;
3) жекелеген мемлекеттік жоғары оқу орындарының бірінші басшыларын тағайындау, аттестаттаудан өту және лауазымнан босату тәртібін бекітеді;
4) білім беру ұйымдарына ерекше мәртебе береді, сондай-ақ Қазақстан Республикасының Президенті бірінші басшыларын тағайындайтын жекелеген мемлекеттік жоғары оқу орындарының тізбесін бекітеді.

      51-бап. Қазақстан Республикасы Үкіметінің білім беру
      саласындағы құзыреті
Қазақстан Республикасының Үкіметі:
1) білім беруді дамыту жөніндегі мемлекеттік саясатты әзірлейді және іске асырады;
2) білім беруді дамытудың мемлекеттік бағдарламаларын әзірлейді және оларды іске асыру жөніндегі шараларды жүзеге асырады;
3) еңбек нарығының кадрларға ағымдағы және преспективадағы қажеттігінің тұрақты мониторингі жүйесін қалыптастырады;
4) әлеуметтік әріптестердің кәсіптік білім беру проблемаларын шешуге қатысуын қамтамасыз етеді және жоғары, жоғары білімнен кейінгі, сондай-ақ республикалық бюджеттен қаржыландырылатын ұйымдарда (Қазақстан Республикасының Ұлттық қауіпсіздік комитетінің ұйымдарындағы мамандар даярлауды қоспағанда) орта білімнен кейінгі мамандар даярлауға мемлекеттік білім беру тапсырысын бекітеді;
5) білім беру грантын беру ережелерін бекітеді;
6) білім берудің жалпыға міндетті мемлекеттік стандарттарын әзірлеу, бекіту тәртібін және оның қолданылу мерзімдерін айқындайды;
7) білім беру ұйымдарын Мемлекеттік аттестаттау ережелерін және білім беру ұйымдарын Аккредиттеу ережелерін бекітеді;
8) біліктілік талаптарын және білім беру қызметін Лицензиялау ережелерін бекітеді;
9) мемлекеттік үлгідегі білім беру туралы құжаттардың түрлері мен нысандарын және олардың беру тәртібін анықтайды;
10) халықтың тығыздығына және елді мекендердің қашықтығына қарай білім беру ұйымдары желісінің кепілдік берілген мемлекеттік нормативін бекітеді;
11) мемлекеттік білім беру ұйымдары қызметкерлерінің үлгілік штаттарын, сондай-ақ педагог қызметкерлер мен оларға теңестірілген адамдар лауазымдарының тізбесін айқындайды;
12) Қазақстан Республикасының Президентіне жеке адамның тәрбиесіне, білім алуына және кәсіптік қалыптасуына көрнекті үлес қосқан жекелеген білім беру ұйымдарына ерекше мәртебе беру туралы ұсыныс енгізеді, Инновациялық университет туралы ережені бекітеді;
13) мемлекеттік басқару органының ұсынысы бойынша бюджет қаражаты есебінен қаржыландырылатын мемлекеттік білім беру ұйымдарын құрады, қайта ұйымдастырады және таратады;
14) білім беру мониторингін жүзеге асырудың тәртібін белгілейді;
15) «Болашақ» халықаралық стипендиясын беруге арналған Үміткерлерді іріктеу ережесін бекітеді;
16) мемлекеттік атаулы стипендияларды бекітеді;
17) «Алтын белгі» белгісі туралы ережені бекітеді;
18) «Жоғары оқу орнының үздік оқытушысы» және «Үздік педагог» атақтарын беру ережесін бекітеді;
19) тиісті үлгідегі білім беру ұйымы, оның ішінде балаларға арналған қосымша білім беру бағдарламаларын іске асыратын білім беру ұйымдары қызметінің Үлгілік ережесін бекітеді;
20) Дарынды балаларға арналған мамандандырылған білім беру ұйымдары қызметінің ережесін бекітеді;
21) Жалпыға міндетті орта білім беру қоры және олардың қаражаттарын жұмсау тәртібі туралы Үлгілік ережені бекітеді;
22) жұмысының жоғары көрсеткіші бар мемлекеттік білім беру мекемелеріне гранттарды беруге арналған Мемлекеттік конкурстарды өткізу ережесін және оларды пайдалану тәртібін бекітеді.

      52-бап. Білім беру саласындағы уәкілетті органның
      құзыреті
Білім беру саласындағы уәкілетті орган мынадай функцияларды орындайды:
1) азаматтардың білім беру саласындағы конституциялық құқықтары мен бостандықтарын сақтауды, олардың мемлекет кепілдік берген білім беру саласындағы ең төменгі әлеуметтік игіліктерді алуын қамтамасыз етеді;
2) білім беру саласындағы бірыңғай мемлекеттік саясатты асырады, білім беру саласындағы салааралық үйлестіруді жүзеге асырады, білім және ғылым саласындағы мақсатты және халықаралық бағдарламаларды әзірлейді және іске асырады;
3) қоғам мен мемлекетті білім беру жүйесінің жай-күйі және оның қызметінің білім беруді дамытудың жай-күйі туралы жыл сайын баяндаманы әзірлеу және жариялау арқылы тиімділігі туралы объективті ақпаратпен қамтамасыз етеді;
4) білім беру мониторингін және білім беруді басқару жүйесін ақпараттық қамтамасыз етуді жүзеге асырады, білім берудің бірыңғай ақпараттық жүйесінің ұйымдастыру және оның жұмыс істеу ережесін бекітеді;
5) білім беру сапасын басқаруды, білім беру ұйымдарына ұсынылатын білім беру қызметінің әдістемелік және әдіснамалық сапасын басқаруды жүзеге асырады;
6) білім берудің тиісті деңгейінің (медициналық және фармацевтік білім беруден басқа) мемлекеттік жалпыға міндетті білім беру стандарттарын әзірлеуді ұйымдастырады және бекітеді, білім берудің барлық деңгейінің үлгілік білім беретін оқу бағдарламаларын және үлгілік оқу жоспарларын бекітеді;
7) конкурстық іріктеу тәртібі мен критерийлерін бекітеді және инновациялық білім беру бағдарламаларын енгізетін университеттердің конкурс өткізеді;
8) білім беру қызметін жүзеге асыру құқығына лицензияны және (немесе) қосымшаларды:
жоғары және жоғары білімнен кейінгі кәсіптік оқу бағдарламаларын іске асыратын заңды тұлғаларға;
білім беретін және республикалық бюджет қаражаты есебінен қаржыландырылатын оқу бағдарламаларын іске асыратын заңды тұлғаларға;
рухани білім беретін оқу бағдарламаларын іске асыратын заңды тұлғаларға (рухани оқу орындары);
Қазақстан Республикасының аумағында қызметті жүзеге асыратын және білім беретін оқу бағдарламаларын іске асыратын халықаралық және шетелдік заңды тұлғаларға береді;
9) меншік нысандары мен ведомстволық бағыныстылығына қарамастан, жоғары және жоғары білімнен кейінгі кәсіптік оқу бағдарламаларын іске асыратын білім беру ұйымдарын (медициналық және фармацевтік білім беруді қоспағанда), сондай-ақ республикалық бюджеттен қаржыландырылатын білім беру ұйымдарын мемлекеттік аттестаттаудан өткізеді;
10) жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім берудің кәсіптік оқу бағдарламаларын іске асыратын білім беру ұйымдарын аккредиттеуді ұйымдастырады;
11) бастауыш, негізгі орта, жалпы орта білім берудің жалпы білім беретін оқу бағдарламаларын, техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі, жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім берудің кәсіптік оқу бағдарламалары іске асыратын білім беру ұйымдарына оқуға қабылдаудың үлгілік ережесін бекітеді.
12) бірыңғай ұлттық тестілеуді өткізу технологиясын, сондай-ақ кешенді тестілеуді әзірлейді және бекітеді;
13) мүдделі министрліктермен, өзге де орталық атқарушы органдармен, жұмыс берушілермен және басқа да әлеуметтік әріптестермен өзара іс-қимыл жасай отырып, кәсіптік оқу бағдарламаларының деңгейі бойынша кадрлар даярлау үшін кәсіптер мен мамандықтар тізбесін айқындайды және кәсіптер мен мамандықтардың сыныптауыштарын бекітеді;
14) меншік нысандарына және ведомостволық бағыныстылығына қарамастан, білім беру ұйымдарында оқу жылының басталу және аяқталу уақытын айқындайды;
15) сырттай, кешкі нысандарда және экстернат нысанында білім алуға жол берілмейтін және жоғары білім беретін білім беру ұйымдарында экстернат нысанында оқуға рұқсат берілетін кәсіптер мен мамандықтардың тізбесін белгілейді;
16) білім алушыларды білім беру ұйымдарының үлгісі бойынша ауыстырудың және қайта қабылдаудың ережелерін бекітеді;
17) білім алушыларға білім беру ұйымдарында академиялық демалыстар берудің тәртібін бекітеді;
18) мемлекеттік аралық бақылауды жүргізу ережесін және санының асып кетуі кезектен тыс мемлекеттік аттестаттауға әкеп соғатын мемлекеттік аралық бақылаудан өтпеген білім беру ұйымдарында білім алушылардың шекті санын бекітеді;
19) білім алушылардың үлгеріміне ағымдау бақылау, аралық және қорытынды аттестаттау өткізудің үлгілік ережесін бекітеді;
20) кәсіптік даярлық деңгейін растаудың және техникалық және еңбек қызметін көрсететін кәсіптер (мамандықтар) бойынша біліктілікті берудің тәртібін әзірлейді және бекітеді;
21) білім туралы құжаттарды тану және нострификациялау тәртібін белгілейді;
22) жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім беретін, ведомстволық бағынысты білім беру ұйымдарының кәсіптік оқу бағдарламаларын іске асыратын білім беру ұйымдарын мемлекеттік үлгідегі білім беру және (немесе) біліктілік туралы құжаттардың бланкасына тапсырысты және олармен қамтамасыз етуді ұйымдастырады және оларды пайдалануды бақылауды жүзеге асырады;
23) білім беру ұйымдары білім беру қызметінде пайдаланатын қатаң есептіліктегі құжаттардың нысанын әзірлейді және бекітеді, білім туралы құжаттарды ресімдеуге қойылатын талаптарды айқындайды; білім алуды аяқтамаған адамдарға берілетін анықтама нысанын бекітеді;
24) білім беру қызметтерін көрсетудің үлгілік шартының және кәсіптік практикадан өткізуге арналған үлгілік шарт нысандарын бекітеді.
25) басшылықты жүзеге асырады және оқу-әдістемелік жұмысты жүргізуді үйлестіреді, оқу-әдістемелік жұмысты ұйымдастырудың және жүзеге асырудың ережесін, оқытудың кредиттік технологиясы және қашықтықтан білім беру технологиялары бойынша оқу процесін ұйымдастырудың ережесін бекітеді;
26) республикалық орта білім беру ұйымдарын, сондай-ақ халықаралық келісімдерге сәйкес шетелдік мектептерде оқитын отандастарды оқулықтармен және оқу-әдістемелік кешендермен қамтамасыз етеді;
27) оқулықтарды, оқу-әдістемелік кешендері мен оқу-әдістемелік құралдарын әзірлеу, сараптама жасау және басып шығару жөніндегі жұмысты ұйымдастыру ережесін бекітеді және осы жұмысты ұйымдастырады; білім беру ұйымдары үшін оқулықтарды, оқу құралдары мен басқа да әдебиеттерді, оның ішінде электрондық тасымалдағыштардағы әдебиеттерді пайдалануға рұқсат етеді;
28) республикалық маңызы бар мектептен тыс іс-шаралар өткізуді ұйымдастырады;
29) жалпы білім беретін пәндер бойынша республикалық олимпиадалар мен ғылыми жарыстарды ұйымдастыру ережесін бекітеді және орындаушылардың және кәсіптік шеберліктің республикалық конкурстарын өткізуді ұйымдастырады;
30) ведомостволық бағынысты ұйымдарды белгіленген тәртіппен бюджет қаражаты есебінен қаржыландыруды жүзеге асырады;
31) ведомстволық бағынысты білім беру мекемелерінің жарғыларын бекітеді;
32) меншік нысандарына және ведомстволық бағыныстылығына қарамастан, Қазақстан Республикасының білім беру саласындағы заңнамасының және нормативтік құқықтық актілерінің, білім беру ұйымдарында мемлекеттік жалпыға міндетті білім беру стандарттарының, сондай-ақ Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес ведомстволық бағынысты ұйымдардағы бюджеттік және қаржылық тәртіптердің орындалуына мемлекеттік бақылау жасауды жүзеге асырады;
33) Қазақстан Республикасының Президенті лауазымға тағайындайтын және лауазымнан босататын жекелеген мемлекеттік жоғары оқу орындарының басшыларын қоспағанда, ведомстволық бағынысты білім беру ұйымдарының бірінші басшыларын лауазымға тағайындайды және лауазымнан босатады. Білім беретін ведомстволық бағынысты ұйымдарда басшылардың орынбасарларын және бас бухгалтерін тағайындауға келісім береді;
34) педагог қызметкерлер мен оларға теңестірілген адамдар лауазымдарының үлгілік біліктілік сипаттамаларын әзірлейді және бекітеді;
35) ұйымдастыру-құқықтық нысанындағы мемлекеттік мекемелерге мемлекеттік орта білім беретін ұйымдардың басшыларын конкурстық орналастыру ережесін бекітеді;
36) жоғары оқу орындарының профессор-оқытушылар құрамы мен ғылыми қызметкерлерін лауазымдарға конкурстық орналастыру ережесін бекітеді;
37) педагог қызметкерлерді аттестаттау ережесін бекітеді;
38) педагог кадрларды қайта даярлау мен олардың біліктілігін арттыруды ұйымдастырады;
39) салалық көтермелеу жүйесін әзірлейді және бекітеді;
40) шетелдік әріптестермен келіссөздер жүргізеді және өз құзыреті шегінде білім беру саласында, сондай-ақ ғылыми қызметте халықаралық шарттарға (келісімдерге) және бағдарламаларға қол қояды; білім беру ұйымдары жүзеге асыратын халықаралық ынтымақтастық ұйымдарының ережесін белгілейді және осы жұмысты үйлестіреді;
41) адамдарды шетелге оқытуға жіберу тәртібін белгілейді;
42) білім беру ұйымдарын мемлекеттік аттестаттауды және аккредиттеуді ұйымдастыру және оларды жүргізу жөніндегі нормативтік құқықтық актілерді бекітеді.

      53-бап. Білім беру саласындағы жергілікті өкілді және
      атқарушы органдардың құзыреті
1. Жергілікті өкілді органдар:
1) тиісті әкімшілік-аумақтық бірлік аумағындағы жергілікті атқарушы органдар ұсынған білім беруді дамыту бағдарламаларын бекітеді, олардың орындалуы туралы есептерді тыңдайды;
2) білім алушылардың қоғамдық көлікте жеңілдікпен жол жүруі туралы шешім қабылдайды.
2. Облыстың жергілікті атқарушы органы:
1) білім беруді дамыту бағдарламаларын әзірлейді және мәслихаттың бекітуіне енгізеді;
2) техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі білім беруді қамтамасыз етеді;
3) балаларды арнайы жалпы білім беретін оқу бағдарламалары бойынша оқытуды қамтамасыз етеді;
4) мамандандырылған білім беру ұйымдарында дарынды балаларды оқытуды қамтамасыз етеді;
5) негізгі орта, жалпы орта білім берудің жалпы білім беретін оқу бағдарламаларын және техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі білім берудің кәсіптік оқу бағдарламаларын іске асыратын білім беру ұйымдарын білім туралы мемлекеттік үлгідегі құжаттардың бланкілеріне тапсырысын және оларды қамтамасыз етуді ұйымдастырады және олардың пайдаланылуын бақылауды жүзеге асырады;
6) техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі, мамандандырылған білім беретін кәсіптік оқу бағдарламаларын және арнайы білім беретін оқу бағдарламаларын іске асыратын білім беру ұйымдарын, сондай-ақ балалар мен жасөспірімдердің спорт мектептерін Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен құрады, қайта құрады және таратады;
7) білім беру қызметін лицензиялауды, сондай-ақ техникалық кәсіптік, жалпы орта білім беретін кәсіптік оқу бағдарламаларын, сондай-ақ мамандандырылған және арнайы білім беретін оқу бағдарламаларын және балалар мен жасөспірімдерге арналған спорт бойынша қосымша білім беретін оқу бағдарламаларын іске асыратын заңды тұлғаларды мемлекеттік аттестаттаудан өткізуді ұйымдастырады;
8) орта білімнен кейінгі білімі бар мамандарды даярлауға арналған мемлекеттік білім беру тапсырысын бекітеді;
9) білім алушылардың бірыңғай ұлттық тестілеуге қатысуын ұйымдастырады;
10) техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі білім беретін кәсіптік оқу бағдарламаларын, сондай-ақ арнайы және мамандандырылған білім беретін оқу бағдарламаларын (қылмыстық- атқару жүйесінің түзеу мекемелеріндегі білім беру ұйымдарын қоспағанда) іске асыратын мемлекеттік білім беру ұйымдарына қолдау көрсетеді және оларды материалдық-техникалық қамтамасыз етуге жәрдем көрсетеді;
11) техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі кәсіптік оқу бағдарламаларын, сондай-ақ арнайы және мамандандырылған жалпы білім беретін оқу бағдарламаларын іске асыратын білім беру ұйымдары үшін оқулықтар мен оқу-әдістемелік кешендерін сатып алуды және жеткізуді қамтамасыз етеді;
12) облыс ауқымында мектеп олимпиадаларын өткізуді қамтамасыз етеді;
13) спорт бойынша балаларға қосымша білім беруді қамтамасыз етеді;
14) бюджет қаражаты есебінен қаржыландырылатын мемлекеттік білім беру ұйымдарының кадрларын қайта даярлауды және қызметкерлердің біліктілігін арттыруды ұйымдастырады;
15) балалар мен жасөспірімдердің психикалық денсаулығын тексеруді және халыққа психологиялық-медициналық-педагогтік консультациялық көмек көрсетуді қамтамасыз етеді;
16) дамуында проблемалар бар балалар мен жасөспірімдерді оңалтуды және әлеуметтік бейімдеуді қамтамасыз етеді;
17) жетім балаларды, ата-аналарының қамқорлығынсыз қалған балаларды белгіленген тәртіппен мемлекеттік қамтамасыз етуді, оларды міндетті жұмысқа орналастыруды және тұрғын үймен қамтамасыз етуді жүзеге асырады;
18) Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген тәртіппен білім алушылардың жекелеген санаттарын тегін және жеңілдікпен тамақтандыруды ұйымдастырады;
19) техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі кәсіптік оқу бағдарламаларын іске асыратын білім беру ұйымдарын мемлекеттік білім беру тапсырысының негізінде бітірген адамдарды жұмысқа орналастыруды қамтамасыз етеді;
20) білім алушылардың қоғамдық көлікте жеңілдікпен жол жүруі туралы мәслихатқа ұсыныс енгізеді;
21) білім беру саласындағы уәкілетті органмен келісім бойынша облыстық білім департаменттерінің бірінші басшысын тағайындайды.
3. Республикалық маңызы бар қаланың және астананың жергілікті атқарушы органы:
1) білім беруді дамыту бағдарламаларын әзірлейді және мәслихаттың бекітуіне енгізеді;
2) мектеп жасына дейінгі және мектеп жасындағы балаларды есепке алуды, оларды міндетті орта білім алғанға дейін оқытуды ұйымдастырады;
3) кешкі (ауысымды) оқыту нысанын және интернат үлгісіндегі ұйымдар арқылы ұсынылатын жалпы орта білім беруді қоса алғанда, міндетті жалпы орта білім беруді ұйымдастырады және қамтамасыз етеді;
4) техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейін білім алуды қамтамасыз етеді;
5) мектепке дейінгі тәрбие мен оқытудың, бастауыш, негізгі орта және жалпы орта, техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі, балаларға қосымша білім берудің білім беретін оқу бағдарламаларын іске асыратын білім беру ұйымдарын сондай-ақ арнайы және мамандандырылған жалпы білім беретін оқу бағдарламаларын іске асыратын білім беру ұйымдарын Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен құрады, қайта құрады және таратады;
6) білім беру қызметін лицензиялауды, сондай-ақ мектепке дейінгі тәрбие мен оқытуды, бастауыш, негізгі орта және жалпы орта, техникалық және кәсіптік білім беретін, балаларға, қосымша білім берудің білім беретін оқу бағдарламаларын іске асыратын заңды тұлғаларды, сондай-ақ арнайы және мамандандырылған жалпы білім беретін оқу бағдарламаларын іске асыратын білім беру ұйымдарын мемлекеттік аттестаттаудан өткізуді ұйымдастырады;
7) орта білімнен кейінгі білімі бар мамандарды даярлауға арналған мемлекеттік білім беру тапсырысын бекітеді;
8) білім алушылардың бірыңғай ұлттық тестілеуге қатысуын ұйымдастырады;
9) бастауыш, негізгі орта, жалпы орта білім беретін жалпы білім беретін оқу бағдарламаларына, техникалық және кәсіптік білім беретін кәсіптік оқу бағдарламаларын, сондай-ақ мамандандырылған және арнайы білім берудің жалпы білім беретін оқу бағдарламаларын іске асыратын мемлекеттік білім беру ұйымдары үшін оқулықтар мен оқу-әдістемелік кешендерін сатып алуды және жеткізуді ұйымдастырады;
10) балаларға арналған қосымша білім беруді қамтамасыз етеді;
11) мемлекеттік білім беру ұйымдарына және мектепке дейінгі тәрбие және оқыту ұйымдарына (қылмыстық-атқару жүйесінің түзеу мекемелеріндегі білім беру ұйымдарын қоспағанда) қолдау көрсетеді және оларды материалдық-техникалық қамтамасыз етуге жәрдемдеседі;
12) арнайы білім беретін оқу бағдарламалары бойынша адамдарды  оқытуды ұйымдастырады;
13) мамандандырылған білім беру ұйымдарында дарынды балаларды оқытуды қамтамасыз етеді;
14) республикалық маңызы бар қаланың, астананың ауқымында мектеп олимпиадаларын өткізуді қамтамасыз етеді;
15) балалар мен жасөспірімдердің психикалық денсаулығын тексеруді және халыққа психологиялық-медициналық-педагогтік консультациялық көмек көрсетуді қамтамасыз етеді;
16) дамуында проблемалары бар балалар мен жасөспірімдерді оңалтуды және әлеуметтік бейімдеуді қамтамасыз етеді;
17) кадрларды қайта даярлауды және бюджет қаражаты есебінен қаржыландырылатын мемлекеттік мекемелер қызметкерлерінің біліктілігін арттыруды ұйымдастырады;
18) жетім балаларды, ата-аналарының қамқорлығынсыз қалған балаларды белгіленген тәртіппен мемлекеттік қамтамасыз етуді, оларды міндетті жұмысқа орналастыруды және тұрғын үймен қамтамасыз етуді жүзеге асырады;
19) мектепке дейінгі білім беру ұйымдарын қоспағанда, Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен білім беру ұйымдарының білім алушылары мен тәрбиеленушілеріне медициналық қызмет көрсетуді ұйымдастырады;
20) Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен білім алушылар мен тәрбиеленушілердің жекелеген санаттарын тегін және жеңілдікпен тамақтандыруды ұйымдастырады;
21) техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі білім беретін кәсіптік оқу бағдарламаларын іске асыратын білім беру ұйымдарын мемлекеттік білім беру тапсырысының негізінде бітірген адамдарды жұмысқа орналастыруға жәрдемдеседі;
22) білім алушылардың қоғамдық көлікте жеңілдікпен жол жүруі туралы мәслихатқа ұсыныс енгізеді;
23) мектепке дейінгі тәрбие және оқыту ұйымдарына қажетті әдістемелік және консультациялық көмек көрсетеді;
24) білім беру саласындағы уәкілетті органмен келісім бойынша білім департаменттерінің бірінші басшыларын тағайындайды.
4. Ауданның (облыстық маңызы бар қаланың) жергілікті атқарушы органы:
1) білім беруді дамыту бағдарламаларын іске асырады;
2) кешкі (ауысымды) оқу нысанын және интернат үлгісіндегі ұйымдар арқылы ұсынылатын жалпы орта білім беруді қоса алғанда, азаматтарға бастауыш, негізгі орта және жалпы орта білім беруді қамтамасыз етеді;
3) білім алушылардың бірыңғай ұлттық тестілеуге қатысуын ұйымдастырады;
4) мектеп жасына дейінгі және мектеп жасындағы балаларды есепке алуды, оларды міндетті орта білім алғанға дейін оқытуды ұйымдастырады;
5) арнайы және мамандандырылған жалпы білім беретін оқу бағдарламаларын, сондай-ақ мектепке дейінгі тәрбиелеу мен оқыту және балаларға арналған қосымша білім беру бағдарламаларын іске асыратын білім беру ұйымдарын қоспағанда, бастауыш, негізгі орта және жалпы орта білім берудің жалпы білім беретін оқу бағдарламаларын іске асыратын білім беру ұйымдарын Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен құрады, қайта құрады және таратады;
6) білім беру қызметін лицензиялауды, сондай-ақ мектепке дейінгі тәрбие мен оқытуды, бастауыш, негізгі орта және жалпы орта білім беретін (арнайы және мамандандырылған жалпы білім беретін оқу бағдарламаларын іске асыратын білім беру ұйымдарын қоспағанда), сондай-ақ балаларға арналған қосымша білім беру бағдарламаларын (спорт бойынша балалар мен жасөспірімдерге арналған қосымша білім беру бағдарламаларын қоспағанда) іске асыратын заңды тұлғаларды мемлекеттік аттестаттаудан өткізуді ұйымдастырады;
7) бастауыш, негізгі орта және жалпы орта білім берудің жалпы білім беретін оқу бағдарламаларын іске асыратын мемлекеттік білім беру ұйымдарына (қылмыстық-атқару жүйесінің түзеу мекемелеріндегі білім беру ұйымдарын қоспағанда) қолдау көрсетеді және оларды материалдық-техникалық қамтамасыз етуге жәрдем көрсетеді;
8) мектеп алды даярлығын, бастауыш, негізгі орта және жалпы орта білім берудің жалпы білім беретін оқу бағдарламаларын іске асыратын білім беру ұйымдарына оқулықтар мен оқу-әдістемелік кешендерді сатып алуды және жеткізуді ұйымдастырады;
9) балалар үшін қосымша білім беруді қамтамасыз етеді;
10) аудан (қала) ауқымында мектеп олимпиадаларын өткізуді ұйымдастырады;
11) жетім балаларды, ата-аналарының қамқорлығынсыз қалған балаларды белгіленген тәртіппен мемлекеттік қамтамасыз етуді, оларды міндетті жұмысқа орналастыруды және тұрғын үймен қамтамасыз етуді жүзеге асырады;
12) мектепке дейінгі білім беру ұйымдарын қоспағанда, Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен білім беру ұйымдарының білім алушылары мен тәрбиеленушілеріне медициналық қызмет көрсетуді ұйымдастырады;
13) Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген тәртіппен білім алушылар мен тәрбиеленушілердің жекелеген санаттарын тегін және жеңілдікпен тамақтандыруды ұйымдастырады;
14) білім беру ұйымдарында оқуды бітірген адамдарды жұмысқа орналастыруға жәрдемдеседі;
15) ауылдық жердегі білім беру ұйымдарына жұмыс істеуге келген жас мамандарды тұрғын үй-тұрмыстық жағдайлармен қамтамасыз етуге жәрдемдеседі;
16) білім алушылардың қоғамдық көлікте жеңілдікпен жол жүруі туралы мәслихатқа ұсыныс енгізеді
17) мектепке дейінгі тәрбие және оқыту ұйымдарына және отбасыларына қажетті әдістемелік және консультациялық көмек көрсетеді;
18) білім беру саласындағы атқарушы органмен келісім бойынша аудандық (қалалық) білім бөлімдерінің бірінші басшысын тағайындайды.
5. Қаладағы ауданның, облыстық, аудандық маңызы бар қаланың, кенттің, ауылдың (селоның), ауылдық (селолық) округтің әкімі:
1) мектеп жасына дейінгі балаларды есепке алуды ұйымдастырады;
2) мектепке дейінгі тәрбие мен оқытуды қамтамасыз етеді, оның ішінде Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен мектепке дейінгі тәрбие және оқыту ұйымдарына медициналық қызмет көрсетуді ұйымдастырады.
Кенттің, ауылдың (селоның), ауылдық (селолық) округтің әкімі елді мекенде мектеп болмаған жағдайда білім алушыларды таяудағы мектепке дейін және кері тегін тасымалдауды ұйымдастырады.

      54-бап. Білім беру жүйесін басқару органдарын
      ақпараттық қамтамасыз ету
1. Білім беру жүйесін басқару органдарын толық, дұрыс, салыстырмалы ақпаратпен уақтылы қамтамасыз ету мақсатында Қазақстан Республикасында білім беруді тиімді басқарудың мүмкіндіктерін қамтамасыз ететін білім берудің бірыңғай ақпараттық жүйесі құрылады және жұмыс істейді.
2. Білім берудің бірыңғай ақпараттық жүйесі білім беру мониторингінің деректерін, оның ішінде ведомствалық байқауларды және білім беру саласындағы уәкілетті орган, жергілікті атқарушы органдар, білім беру ұйымдары өз міндеттерін жүзеге асыру кезінде алған өзге де деректерді қамтиды.

8-тарау. Білім беру саласындағы мемлекеттік реттеу

      55-бап. Білім беру саласындағы мемлекеттік реттеудің
      мақсаты мен нысаны
1. Білім беру саласындағы мемлекеттік реттеу білім алуға конституциялық құқықтарды іске асыруды қамтамасыз ететін жағдайларды жасауға және білім беру ұйымдары ұсынатын білім беру қызметінің жоғары сапасын қамтамасыз етуге бағытталған.
2. Білім беру саласындағы мемлекеттік реттеу құқықтық қамтамсыз ету, білім сапасын басқару, стандарттау, бақылау жүргізу арқылы жүзеге асырылады.

      56-бап. Білім беру сапасын басқару
1. Білім беру сапасын басқару білім беру саласындағы бірыңғай мемлекеттік саясатты іске асыруға бағытталған және білім сапасын бағалаудың бірыңғай ұлттық жүйесін құрайтын мемлекеттік және институционалдық құрылымдарды, білім беруді қаржыландыруға бөлінген қаражатты ұтымды пайдалануды және тұтастай білім беру жүйесінің жұмыс істеуін бағалауды қамтиды
2. Білім беру сапасын басқару білім беру мониторингі нәтижелерінің қорытындылары негізінде барлық деңгейлерде басқару шешімдерін қабылдау арқылы жүзеге асырылады.
3. Білім беру мониторингі білім сапасын сырттай және іштей бағалау әдістері арқылы өткізіледі.
Білім сапасын сырттай бағалау білім беру ұйымдарын лицензиялаудың, мемлекеттік аттестаттаудың, білім беру ұйымдарын аккредиттеудің рәсімдерін, бірыңғай ұлттық тестілеуді, мемлекеттік аралық бақылауды, сондай-ақ барлық үлгідегі және түрдегі білім беру ұйымдарын саралаудың және техникалық кәсіптік және орта білімнен кейінгі білім алушыларға біліктілік беру рәсімдерін қамтиды.
Білім сапасын іштей бағалау сапа менеджменті жүйесін, білім беру ұйымдары қызметінің барлық түрлерінің өзін-өзі бағалауының әртүрлі рәсімдерін, үлгерімді ағымдағы бақылауды, білім алушылардың білім алу жетістіктерін бағалауды қамтиды.
Жоғары оқу орындарының қызметін бағалау осы оқу орнындағы оқыту сапасы туралы студенттердің пікірін қамтиды.

      57-бап. Білім берудің мемлекеттік жалпыға міндетті
      стандарттары
1. Қазақстан Республикасында әрбір білім беру деңгейі бойынша
белгіленген:
1) білімнің мазмұнына;
2) білім алушылар мен тәрбиеленушілердің оқу жүктемесінің ең көп көлеміне;
3) білім алушылардың даярлық деңгейіне қойылатын жалпы талаптардың жиынтығын айқындайтын білім берудің мемлекеттік жалпыға міндетті стандарттары белгіленеді.
2. Тиісті білім беру деңгейлерінің мемлекеттік жалпыға міндетті стандарттары, меншік нысандарына, үлгілері мен түрлеріне қарамастан, барлық білім беру ұйымдары үшін міндетті.

      58-бап. Білім беру қызметін лицензиялау
1. Заңды тұлғалардың (бұдан әрі – лицензиат) білім беру қызметі Қазақстан Республикасының лицензиялау туралы заңнамасына сәйкес лицензиялануға жатады.
2. Техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі, жоғары, олар үшін жаңа кәсіптер мен мамандықтар бойынша жоғары оқу орнынан кейінгі білім беретін заңды тұлғаның қызметін лицензиялау, оларда лицензиялардың болуына қарамастан, жалпы негіздерде жүргізіледі.
3. Лицензиар лицензияны беру, оның қолданылуын тоқтата тұру мәселелерін алқалы және жария қарау үшін консультациялық-кеңесші орган құрады.
4. Лицензиардың білім беру қызметін жүргізуге құқық беретін лицензияның қолданылуын алты ай мерзімге дейін тоқтата тұруға құқығы бар.
5. Лицензияның қолданылуын тоқтата тұру үшін:
1) лицензиаттың біліктілік талаптарын сақтамауы;
2) ұсынылған білім беру қызметінің мемлекеттік жалпыға міндетті білім беру стандартына сәйкес келмеуі;
3) мемлекеттік жалпыға міндетті білім беру стандарттары талаптарының бұзылуы;
4) лицензиаттың білім беру ұйымдарына қабылдаудың үлгілік ережелері, білім беру ұйымдары қызметінің үлгілік ережелері, білім алушыларды ауыстыру және қайтадан қабылдау ережелері талаптарын бұзуы негіздеме болып табылады.
6. Лицензиядан айыру үшін:
1) лицензиаттың осы лицензиаланатын білім беру қызметінің кіші түріне қойылатын талаптарды орындамауы;
2) лицензияның қолданылуын лицензиар тоқтатқан себептердің жойылмауы;
3) лицензиатқа жүзеге асыруына лицензиясы бар қызмет түрімен айналысуына соттың тыйым салуы;
4) лицензиаттың лицензия алу кезінде көрінеу анық емес ақпарат беруі;
5) лицензияның қолданылуы бұрын тоқтатылған бұзушылықты лицензиаттың жыл ішінде қайталап жасауы негіздеме болып табылады.

      59-бап. Білім беру ұйымдарын аккредиттеу
1. Аккредиттеуді білім беру ұйымдарының өтініші негізінде, олардың ведомстволық бағыныстылығына және меншік нысандарына қарамастан, аккредиттеу органы бес жыл мерзімге жүзеге асырады.
Аккредиттеу институционалдық және мамандандырылған түрде жүзеге асырылады.
2. Қазақстан Республикасының аумағында құрылған халықаралық және шетелдік білім беру ұйымдары немесе олардың филиалдары Қазақстан Республикасының білім беру ұйымдары сияқты аккредиттеуден осындай шартпен және тәртіппен өткізіледі.
3. Білім беру ұйымдарын аккредиттеу білім беру ұйымдарының жеке қаражаттары есебінен өткізіледі.
4. Жоғары оқу орындары беделді шетел агенттігі жүзеге асыратын халықаралық аккредиттеуден өтуге құқылы.

      60-бап. Білім беру жүйесіндегі мемлекеттік бақылау
1. Білім беру жүйесіндегі мемлекеттік бақылау мемлекеттің білім алуға деген құқықты және білім беру бағдарламаларын іске асыратын заңды тұлғалардың өздері жүзеге асыратын білім беру қызметін Қазақстан Республикасының білім беру саласындағы заңнамасының талаптарына және лицензиялық ережелерге сәйкес сақтауын қамтамасыз етуге бағытталған және білім беру саласындағы уәкілетті орган мен жергілікті атқарушы органдар өз құзыреті шегінде жүзеге асырады.
2. Білім беру жүйесіндегі мемлекеттік бақылау объектілері:
1) білім беретін оқу бағдарламаларын іске асыратын заңды тұлғалардың білім беру қызметі;
2) білім алушылардың тиісті білім беретін оқу бағдарламаларын меңгеру деңгейі болып табылады.
3. Мемлекеттік бақылаудың негізгі түрлері:
1) білім беру ұйымдарын мемлекеттік аттестаттау;
2) мемлекеттік аралық бақылау;
3) Қазақстан Республикасының білім туралы заңнамасын және лицензиялық ережелердің сақталуын бақылау болып табылады.
4. Білім беру ұйымдарын мемлекеттік аттестаттауды, олардың ведомстволық бағыныстылығы мен меншік нысандарына қарамастан, білім беруді мемлекеттік басқару органдары өздерінің құзыретіне сәйкес жоспарлы түрде бес жылда бір рет өткізеді.
Медициналық және фармацевтік білім беру ұйымдарын мемлекеттік аттестаттауды денсаулық сақтау саласындағы уәкілетті орган жүзеге асырады.
Бірінші мемлекеттік аттестаттау жаңадан құрылған:
1) бастауыш, негізгі орта, жалпы орта білім берудің жалпы білім беретін оқу бағдарламаларын іске асыратын білім беру ұйымдарында төрт жылдан кейін;
2) техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі, жоғары және жоғары білім беруден кейінгі кәсіптік оқу бағдарламаларын іске асыратын білім беру ұйымдарында мамандардың алғашқы бітіруінен бір жылдан кейінге кешіктірілмей;
3) мектепке дейінгі және қосымша білім беретін ұйымдарда үш жылдан кейін өткізіледі.
5. Шетелдік білім беру ұйымдары мен халықаралық білім беру ұйымдарының филиалдарын аттестаттау, егер Қазақстан Республикасы ратификациялаған халықаралық шарттарда өзгеше белгіленбесе, онда осы Заңға сәйкес жүзеге асырылады.
6. Мемлекеттік аралық бақылау:
1) білім беру қызметтерінің сапасын бағалау және бастауыш және негізгі орта білім берудің жалпы білім беретін оқу бағдарламаларын жалпы орта білім беретін ұйымдар білім алушыларының меңгеру деңгейін айқындау мақсатында;
2) білім беру қызметтерінің сапасын бағалау және білім алушылардың оқытудың екінші курсын аяқтағаннан кейін (медициналық жоғары оқу орындарында – үшінші курсты аяқтағаннан кейін) жоғары білім берудің мемлекеттік жалпыға міндетті стандартының жалпы білім беретін және базалық пәндерінің циклына енетін жекелеген пәндерді меңгеру деңгейін айқындау мақсатында жүзеге асырылады.
7. Аралық мемлекеттік бақылаудан өтпеген білім алушылардың саны білім беру саласындағы уәкілетті орган белгілеген шекті саннан асатын білім беру ұйымдары кезектен тыс мемлекеттік аттестаттауға жатады.
8. Білім беру ұйымдарының Қазақстан Республикасының білім туралы заңнамасын және лицензиялық ережелердің сақталуын бақылау тексеріс нысанында жүзеге асырылады.
Қазақстан Республикасының білім туралы заңнамасын және лицензиялық ережелердің сақталуын тексеруге, меншік нысандары мен ведомстволық бағыныстылығына қарамастан, барлық білім беру ұйымдары жатады.
9. Тексеру мынадай түрлерге бөлінеді:
1) жоспарлы – алдыңғы тексерулерге қатысты Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген уақыт аралықтарын есепке ала отырып жүргізілетін білім беру саласындағы уәкілетті орган немесе жергілікті атқарушы органдар жоспарлаған тексеру;
2) жоспардан тыс – жеке және заңды тұлғалардың өтініштеріне дереу ден қою мақсатында тағайындалатын тексеру;
3) қарсы – егер тексеру жүргізу кезінде бақылаушы органдарда аталған адамдарға байланысты қосымша ақпарат алу қажеттігі туындаған жағдайда үшінші тұлғаларға қатысты жүргізілетін тексеру.
10. Жоспарлы тексеру мемлекеттік аттестаттаулар аралығында бір рет жүргізіледі.
11. Қазақстан Республикасының аумағында құрылған халықаралық және шетелдік білім беру ұйымдары мен олардың филиалдары Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес тексеріледі.
12. Білім беру ұйымдарын тексеру білім беру саласындағы уәкілетті органның немесе жергілікті атқарушы органның тексеру жүргізу туралы шешімінің негізінде жүргізіледі.
13. Тексеру жүргізу үшін комиссия құрылады. Комиссияның құрамын, тексеру жүргізу мерзімін, объектісін, тексерудің нысанасын білім беру саласындағы уәкілетті орган немесе жергілікті атқарушы орган бекітеді.
14. Тексеруге білім және ғылым ұйымдарының мамандары тартылуы мүмкін. Тексеру ұзақтығы жеті күннен аспауға тиіс. Тексерудің елеулі көлемі болуына не тексеру кезінде анықталған фактілерді қосымша зерттеу қажет болған жағдайда тексеру өткізу мерзімі ұзартылуы мүмкін, бірақ он күннен аспауға тиіс.
15. Тексеру жүргізу тексеру қорытындылары туралы анықтама жазумен аяқталады. Тексеру қорытындылары туралы анықтамаға жазылған фактілердің дұрыстығын растайтын құжаттардың көшірмесі қоса беріледі.
16. Комиссия дайындаған тексерудің қорытындылары туралы анықтамамен тексерілген ұйымның басшысы танысуға, оған өз қолын қойып, ұйымның мөрін басуға тиіс. Осы ретте ол тексеру нәтижелерімен тұтастай немесе жекелеген позициялары бойынша келіспейтіні туралы жазба жасауға құқылы.
Білім беру ұйымының басшысы немесе басшының міндетін атқарушы адам анықтамаға қол қоюдан бас тартқан немесе басшының немесе оның міндетін атқарушы адамның қолын қойғызу мүмкіндігі болмаған жағдайда комиссия төрағасы анықтамада тиісті жазба жасайды.
Анықтаманың бір данасы тексерілген ұйымда қалады.

      61-бап. Мемлекеттік бақылауды жүзеге асырушы лауазымды
      адамдардың құқықтары мен міндеттері
1. Білім беру саласындағы мемлекеттік бақылауды жүзеге асырушы лауазымды адам қажетті біліктілікке ие болуы және қосымша білім беру жүйесінде тиісті оқытудан 5 жылда бір реттен кем емес өтуі тиіс.
2. Білім беру саласындағы мемлекеттік бақылауды жүзеге асыратын лауазымды адамдардың:
1) білім беру ұйымдарына, мекемелеріне және кәсіпорындарына тексеру мақсатында қызметтік куәлікті көрсету арқылы кедергісіз кіруге, ал ведомстволық білім беру ұйымдарына – оларға кірудің белгіленген режимін ескере отырып кіруге;
2) тексеруді жүргізу кезінде кез келген қажетті ақпаратты сұратып алуға, тексеру нысанасына жататын құжаттардың түпнұсқасымен танысуға құқығы бар.
3. Білім беру саласындағы мемлекеттік бақылауды жүзеге асыратын лауазымды адамдар жүргізілетін тексерулердің материалдарын объективті дайындауға міндетті.
4. Білім беру саласындағы мемлекеттік бақылауды жүзеге асыратын лауазымды адамдардың іс-әрекетіне (шешімдеріне) және іс-әрекеттерді жасау (шешімдерді қабылдау) үшін негіздеме болған ақпаратқа мүдделі адамдар лауазымы жоғары адамға немесе сотқа шағымдануы мүмкін.

9-тарау. Білім беру жүйесін қаржылық қамтамасыз ету

      62-бап. Қаржыландыру жүйесі, принциптері мен көздері
1. Білім беруді қаржыландыру жүйесі – республикалық және жергілікті бюджеттердің, басқа да кіріс көздерінің жиынтығы.
2. Білім беруді қаржыландыру жүйесі:
1) тиімділік пен нәтижелілік;
2) басымдық;
3) ашықтық;
4) жауапкершілік;
5) бюджеттердің барлық деңгейлерінің ара жігін ажырату мен дербестік принциптеріне негізделеді.
3. Білім беру жүйесін қаржыландыру көздері:
1) мемлекеттік білім беру мекемелерін ұстауды бюджеттік қаржыландыру;
2) мемлекеттік білім беру тапсырысын бюджеттік қаржыландыру;
3) Қазақстан Республикасының заңнамасына қайшы келмейтін ақылы қызметтер көрсетуден түскен кірістер;
4) екінші деңгейдегі банктер кредиттері;
5) демеушілік және қайырымдылық көмек, өтемсіз аударымдар, гранттар болып табылады.

      63-бап. Білім беру ұйымдарын мемлекеттік қаржыландыру
1. Мемлекет білім беруге оның басымдылықтарын ескере отырып бюджеттік қаражаттардың бөлінуін қамтамасыз етеді.
2. Мемлекеттік білім беру ұйымдарын қаржыландыру білім беру деңгейлері бойынша мемлекеттік жалпыға міндетті білім беру стандарттарымен белгіленген талаптарды сақтай отырып республикалық және жергілікті бюджеттер есебінен және Қазақстан Республикасының заңнамасымен айқындалатын нормалар негізінде жүзеге асырылады.
3. Мемлекет Жалпыға бірдей міндетті орта білім беру қорына жалпы білім беретін мектептерді ағымдағы ұстауға жұмсалатын шығыстар сомасынан кемінде бір процент бюджеттік қаражаттардың жыл сайын бөлінуін қамтамасыз етеді.
4. Мемлекеттік білім беру мекемелерін мемлекеттік бюджет қаражаттарының есебінен қаржыландыру мекемелердің мемлекеттік жалпыға міндетті білім беру стандарттарына сәйкес ұсталуын және функцияларды орындауын қамтамасыз етеді.
Мемлекеттік білім беру ұйымдарына жұмыстағы жоғары көрсеткіштері үшін мемлекеттік конкурс негізінде грант берілуі мүмкін.
5. Мемлекеттік білім беру кәсіпорындарын, басқа да ұйымдық-құқықтық нысандағы білім беру ұйымдарын қаржыландыру мемлекеттік білім тапсырысы негізінде жүзеге асырылады.
6. Мемлекеттік білім беру тапсырысы мыналарды қамтуы тиіс:
1) мамандарды дайындау бағыттары;
2) оқыту нысаны бойынша мемлекеттік білім беру тапсырысының көлемі (грант, орын саны);
3) бір маманды оқытуға жұмсалатын қаржының орташа құны.
Білім беретін мемлекеттік мекемелерде жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білімі бар мамандарды даярлауға мемлекеттік білім беру тапсырысының орналастыру кезінде бюджеттік бағдарламаның әкімгері және жоғары оқу орнының атауы көрсетіледі.
Мемлекеттік білім беру тапсырысы Қазақстан Республикасымен келісілген халықаралық шарттармен көзделген оқу орындарында мамандарды даярлауды, сондай-ақ жоғары оқу орындарының дайындық бөлімдерінде шетелдіктер мен азаматтығы жоқ адамдары оқытуды қамтиды.
7. Жоғары білім беруді қаржыландыруға мемлекеттік білім беру тапсырысы білім беру гранттары түрінде орналастырылады.
Бір білім алушыға келетін білім беру гранттарының құнын мамандыққа, оқу орнының түрі мен мәртебесіне қатысты саралай отырып Қазақстан Республикасының Үкіметі айқындайды.
Орта білімнен кейінгі, жоғары және жоғары білім беруден кейінгі білім берудің кәсіптік оқу бағдарламаларын іске асыратын білім беру ұйымдарының білім беру қызметін көрсетудің ақылы шарты бойынша бір білім алушыға жұмсалатын шығындары білім беру грантының мөлшерінен кем болмайды.

      64-бап. Білім беру ұйымдарының ақылы қызметі
1. Мемлекеттік білім беру мекемелері мынадай ақылы негізде:
1) қосымша білім беретін оқу бағдарламалары бойынша оқытуға;
2) пәндердің арнайы курстары мен циклдерін қосымша оқыту бойынша;
3) жекелеген білім алушылармен оқу жоспары бойынша жеке тәртіппен пәндер бойынша сағаттар санынан тыс қосымша сабақтар өткізу бойынша;
4) пәндерді оқушылармен қосымша тереңдетіп оқып үйрену бойынша (мемлекеттік жалпыға міндетті стандарттардың тиісті білім беру бағдарламаларынан тыс);
5) балаларды қорғау және олардың денсаулығын нығайтуға бағытталған қосымша дене шынықтыру-сауықтыру бағдарламалары бойынша;
6) жазғы демалысты ұйымдастыру, оның ішінде мектеп жанындағы лагерлерді ұйымдастыру бойынша;
7) үйірме қызметтерін ұйымдастыру бойынша (базистік оқу жоспарынан тыс);
8) спорттық-бұқаралық іс-шараларды, төрешілік ету, оқушылар арасында спорттық іс-шараларға қатысушыларды тамақтандыру және медициналық қызмет көрсетулерді жүргізу бойынша;
9) мәдениет пен өнер саласында жоғары оқу орындары мен колледждердегі оқытушылардың біліктілігін арттыру бойынша;
10) техникалық және еңбек қызметін көрсететін мамандарды даярлау, қайта даярлау және біліктілігін арттыру бойынша;
11) музыкалық аспаптарды пайдалануға беру бойынша;
12) мемлекеттік білім мекемелерінің энергия қондырғылары мен қазандықтарына берілетін жылу энергиясын жіберу бойынша;
13) оқу-көмекші, оқу-тәжірибелік, қосалқы учаскелер мен шаруашылықтардың өнімдерін өндіру және өткізу бойынша;
14) оқу-әдістемелік әдебиеттерді тарату бойынша;
15) білім алушыларды тамақпен қамтамасыз ету бойынша;
16) Интернет-байланыс қызметтерін ұсыну бойынша қызмет түрлерін көрсетуге құқылы.
Ақылы негізде жүзеге асырылатын қызметтер көрсету мемлекеттік білім беру мекемелері жүзеге асыратын негізгі қызмет орнына көрсетіле алмайды.
2. Мемлекеттік білім беру ұйымдары ақылы негізде көрсететін қызметтердің бағалары Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен бекітілуге жатады.
3. Жеке меншік білім беру ұйымдары ақылы негізде көрсететін қызметтерден, оның ішінде мемлекеттік жалпыға міндетті білім беру стандарттарының шеңберінде оқытудан түскен кірістерді, құрылтайшылардың қаражаттарын және заңнамамен тыйым салынбаған басқа қаржыландыру көздерін дербес пайдаланады.
4. Ақылы негізде қызметтер көрсететін білім беру ұйымдарының және білім алушының, оның ата-анасының немесе өзге да заңды өкілдердің өзара қатынастары шартпен реттеледі. Ақылы негізде жүзеге асырылатын қызметтер көрсетуге арналған үлгілік шарттың нысанын білім беру саласындағы уәкілетті орган бекітеді.

      65-бап. Білім беру ұйымдарының материалдық-техникалық базасын дамыту.
1. Мемлекеттік білім беру ұйымдарының материалдық-техникалық базасын жасау және дамыту бюджет қаражаттары, ақылы негізде көрсетілетін қызметтер кірістерінен, Қазақстан Республикасының заңнамасымен тыйым салынбаған өзге де көздер есебінен жүзеге асырылады.
2. Білім беру ұйымдарының Қазақстан Республикасының заңнамасымен және өздерінің жарғыларымен айқындалатын тәртіппен мүліктерге иелік етуге және пайдалануға құқығы бар. Білім беру ұйымының мемлекеттік мүлкі білім беру ұйымының негізгі міндеттеріне қайшы келетін мақсаттарда алып қойылуға немесе пайдалануға жатпайды.
3. Білім беру ұйымдарын жекешелендіру заңнамаға сәйкес және білім беру саласындағы уәкілетті органмен келісім бойынша жүзеге асырылады.

10-тарау. Білім беру саласындағы халықаралық қызмет

      66-бап. Халықаралық ынтымақтастық және сыртқы экономикалық қызмет
1. Қазақстан Республикасының білім беру саласындағы халықаралық ынтымақтастығы Қазақстан Республикасының заңнамасы және Қазақстан Республикасының халықаралық шарттары негізінде жүзеге асырылады.
2. Білім беру саласындағы уәкілетті органмен келісім бойынша білім беру ұйымдарының өз жұмыстарының ерекшеліктеріне сәйкес шетелдік білім беру, ғылым және мәдениет ұйымдарымен, халықаралық ұйымдармен және қорлармен тікелей байланыстар орнатуға, ынтымақтастық туралы екі жақты және көп жақты шарттар жасасуға, студенттер, магистранттар, докторанттар, педагог және ғылыми қызметкерлер алмасудың халықаралық бағдарламаларына қатысуға, білім беру саласындағы халықаралық үкіметтік емес ұйымдарға (қауымдастықтарға) кіруге құқығы бар.
Әскери оқу орындарының халықаралық шарттар мен келісім-шарттарға сәйкес шетелдік азаматтардың арасынан мамандар даярлауды жүзеге асыруға құқығы бар.
Білім беру ұйымдары Қазақстан Республикасының заңнамасында және білім беру ұйымдарының жарғысында белгіленген тәртіппен сыртқы экономикалық қызметпен айналысуға құқылы.
3. Қазақстан Республикасы білім беру ұйымдарының халықаралық ынтымақтастықты жүзеге асыру тәртібін білім беру саласындағы уәкілетті орган белгілейді.
4. Қазақстан Республикасында халықаралық және шетелдік оқу орындарын және/немесе олардың филиалдарын құру халықаралық шарттардың негізінде немесе Қазақстан Республикасы Үкіметінің шешімі бойынша жүзеге асырылады.
5. Халықаралық оқу орындарын және Қазақстан Республикасының аумағында басқа мемлекеттердің немесе олардың заңды және жеке тұлғалары құрған оқу орындарын, олардың филиалдарының білім беру қызметін лицензиялау, сондай-ақ оларды мемлекеттік аттестаттау мен аккредиттеу, егер Қазақстан Республикасы ратификациялаған халықаралық шарттарда өзгеше көзделмесе, Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес жүзеге асырылады.

      67-бап. Шетелдік қазақ диаспорасының білім алу
      қажеттіліктерін қанағаттандыру
1. Қазақстан Республикасының азаматтары болып табылмайтын қазақ ұлтының өкілдерінің Қазақстан Республикасында білім алуға құқығы бар.
2. Мемлекет шетелдік қазақ диаспорасының білім алуға қажеттіліктерін қанағаттандыруға жәрдемдеседі.
3. Шетелдегі қазақ диаспорасы үшін білім беру ұйымдарын құру және оған қаржылық-материалдық көмек көрсету халықаралық шарттарда белгіленген тәртіппен жүзеге асырылады.

11-тарау. Қазақстан Республикасының білім беру саласындағы заңнамасын бұзғаны үшін жауаптылық

      68-бап. Қазақстан Республикасының білім беру
      саласындағы заңнамасын бұзғаны үшін жауаптылық
1. Қазақстан Республикасының білім беру саласындағы заңнамасын бұзуға кінәлі адамдар Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес жауаптылықта болады.

12-тарау. Қорытынды ережелер

      69-бап. Осы Заңның қолданысқа енгізілуі
1. Осы Заң ресми жарияланған күнінен бастап, 2008 жылғы 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізілетін 48-баптың 7-тармағының 1) тармақшасын және 49-баптың 3-тармағының 1) тармақшасын қоспағанда, қолданысқа енгізіледі.
2. Осы Заң қолданысқа енгізілгенге дейін білім беру ұйымдарына оқуға түскен адамдар оқуға түскен сәтте қолданыста болған білім беру бағдарламалары бойынша белгіленген үлгідегі білім туралы құжат беріле отырып, оқуын бітіреді.
«Білім туралы» 1999 жылғы 7 маусымдағы Қазақстан Республикасы Заңының күші жойылды деп танылсын (Қазақстан Республикасы Парламентінің Жаршысы, 1999 ж., N 13, 429-құжат; N 23, 927-құжат; 2001 ж., N 13-14, 173-құжат; N 24, 338-құжат; 2004 ж., N 18, 111-құжат; N 23, 142-құжат; 2006 ж., N 1, 5-құжат; N 3, 22-құжат; N 12, 71-құжат; N 15, 92-құжат; 2007 ж., N 2, 18-құжат; 2007 жылғы 22 мамырда «Егемен Қазақстан» және «Казахстанская правда» газеттерінде жарияланған «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне еңбекті реттеу мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» 2007 жылғы 15 мамырдағы Қазақстан Республикасының Заңы).

      Қазақстан Республикасының
      Президенті