Қазақстан Республикасы Кәсіподақтар федерациясының орталық аппаратында кәсіподақ көшбасшылары мектебінің алғашқы түлектеріне, соның ішінде біздің бірлестіктің бастауыш кәсіподақ ұйымдарының төрағаларына сертификаттар табыстау рәсімі өтті.
Мектептің алғашқы түлектеріне жылы лебізін білдірген ҚРКФ төрағасы Сатыбалды Дәулеталин бастауыш кәсіподақ ұйымы жалпы кәсіподақ қозғалысының негізі және жұмысшы тұлғаның басты тірегі болып табылатынын атап өтті.
«Кәсіподақ бүгінде жұмыскерлердің құқықтары мен мүдделерін қорғаумен кәсіби түрде айналысатын бірден-бір ұйым болып табылады. Жаңа Қазақстан – тыңдай да, ести де білетін демократиялық мемлекет. Ал, кәсіподақтар – ең демократиялық ұйым, онда барлық шешімдер алқалы түрде, барлық қатысушылардың пікірлері ескеріле отырып қабылданады. Сондықтан кәсіподақ елдегі барлық қоғамдық -саяси өзгерістердің локомотиві болуы керек» – деді ҚРКФ басшысы.
Өз кезегінде, Білім және ғылым қызметкерлерінің республикалық салалық кәсіподағының төрағасы Айгүл Мұқашева Кәсіподақ көшбасшысы мектебін құру бастамасы үшін Сатыбалды Дәулеталинге алғысын білдіріп, аталған білім беру жобасының өзектілігін атап өтті.
Айта кетер жайт, Қостанай облысы білім және ғылыми ұйымдары қызметкерлерінің жергілікті кәсіподағы «Кәсіподақ белсенділерінің онлайн мектебі» жобасын жүзеге асыруда, онда 150-ге жуық кәсіподақ белсенділері оқиды.
Оқуды аяқтағаннан кейін ағымдағы жылдың желтоқсан айында мектеп түлектеріне салтанатты түрде сертификаттар табыс етіледі.