Қанатқызы Айым 2001 жылдың 31 тамызында Қостанай облысы, Амангелді ауданы, Амантоғай ауылында дүниеге келген. Туған жері – оның өміріндегі ең қымбат әрі жүрегіне жақын мекен. Балалық шағының әрбір сәті, алғашқы арман-мақсаттары осы ауыл мен тығыз байланысты. Ауыл оған қарапайымдылықты, еңбекқорлықты және адамгершілік құндылықтарды бойына сіңірді.
2019–2023 жылдар аралығында Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінде «Есептеу техникасы және бағдарламалық қамтамасыз ету» мамандығы бойынша білім алған. Университет қабырғасында тек кәсіби білім алып қана қоймай, заманауи ақпараттық технологияларды меңгеріп, бағдарламалау, логикалық ойлау және цифрлық сауаттылық бағытында жан-жақты дамыды. Бұл кезең оның тұлғалық әрі кәсіби қалыптасуының берік іргетасына айналды.
Алғашында педагог болу оның жоспарында болмаған. Алайда 2024 жылы әкесінің өмірден өтуі оның өмірлік бағытына үлкен өзгеріс әкелді. Отбасына қолдау көрсету мақсатында туған ауылына оралып, Амантоғай жалпы білім беретін мектебіне іс қағаздарын жүргізуші қызметіне орналасты. Мектеп ұжымымен, ұстаздармен және оқушылармен күнделікті қарым-қатынас жасау барысында ол өзін осы ортада ерекше жайлы сезіне бастады. Балалардың шынайылығы мен білімге деген қызығушылығы оны терең ойға жетелеп, өзінің шынайы миссиясы – ұстаз болу екенін түсінді.
Осылайша, 2024–2025 жылдар аралығында Қостанай өңірлік университетінде педагогтерді қайта даярлау курсынан өтіп, педагогикалық білімін толықтырды. 2025 жылдың қыркүйек айынан бастап Амантоғай жалпы білім беретін мектебінде информатика пәні мұғалімі ретінде еңбек жолын бастады. Бұл ол үшін жай ғана мамандық емес, үлкен жауапкершілік пен сенім жүктейтін қасиетті жол.
Қазіргі таңда оның басты мақсаты – оқушыларға сапалы білім беру ғана емес, олардың цифрлық сауаттылығын арттырып, заман талабына сай ойлай алатын, шығармашыл тұлға қалыптастыру. Сабақ барысында түрлі интерактивті әдістерді, цифрлық платформаларды тиімді пайдаланып, әр оқушының қызығушылығын оятуға тырысады. Ол үшін әр бала – жеке тұлға, әрқайсысының өзіне тән қабілеті мен мүмкіндігі бар. Сол қабілеттерді ашу – ұстаз ретіндегі басты міндеті.
Еңбегінің нәтижесінде белгілі бір жетістіктерге қолжеткізді. 2026 жылы 18 ақпанда Тасты ауылында өткен «Смарт бала» байқауында шәкірті Марғұланқызы Риза «Цифрлық жоба» аталымы бойынша ІІ орын иеленіп, арнайы дипломмен марапатталды. Сонымен қатар, «Ақбота-2025» зияткерлік олимпиадасында Бахыт Абдуллаh жеңімпаз атанып, Елеубаев Жанарыс пен Елеубаев Бекарыс ІІІ орын иеленді. Ал өзі «Жаңа мектепке – жаңашыл ұстаз» VIII республикалық байқауының аудандық кезеңінде «Ізденімпаз ұстаз» номинациясына ие болды. Бұл жетістіктер – оның еңбегінің ғана емес, оқушыларымен бірлескен жұмысының нәтижесі.
Бос уақытында кітап оқуды, жаңа технологияларды зерттеуді және кәсіби біліктілігін арттыруға бағытталған курстарға қатысуды ұнатады. Себебі бүгінгі ұстаз – үнемі ізденісте болатын, өз білімін тоқтаусыз жетілдіретін тұлға болуы тиіс. Сонымен қатар, оқушылармен түрлі зияткерлік ойындар ұйымдастырып, олардың логикалық ойлау қабілетін дамытуға ерекше мән береді.
Ол үшін ұстаз болу – жай ғана мамандық емес, болашақты қалыптастыру миссиясы. Әр сабақ – ертеңгі күнге салынған инвестиция, әр оқушы – ел болашағының айнасы. Сондықтан ол әр күнін жауапкершілікпен өткізіп, өз ісіне адал болуға тырысады.
Өмірдегі ең басты құндылықтары – отбасы, еңбек және үздіксіз даму. Қандай қиындық болса да, алға ұмтылып, өзін жетілдіру – оның өмірлік ұстанымы. Болашақта білікті ұстаз ретінде қалыптасып, ауыл жастарының сапалы білім алуына өз үлесін қосу – оның ең үлкен мақсаты. Ол шынайы ниет пен тынымсыз еңбек кез келген биікке жетелейтінін есенеді.