Келісу комиссиясы – екі тарап арасындағы еңбек дауларын диалог арқылы шешудің алғашқы қадамы

ҚР Еңбек кодексінің 159-бабының 8-тармағына сәйкес, келісу комиссияларының мүшелері Қазақстан Республикасының еңбек заңнамасын қолдану, келіссөздер жүргізу және еңбек дауларында ортақ келісімге келу дағдыларын дамыту бойынша жыл сайын оқудан өтуге міндетті.
Осындай оқытуды Қостанай облысының білім және ғылым ұйымдары қызметкерлерінің жергілікті кәсіподағы білім беру ұйымдарының жұмыс ерекшеліктерін ескере отырып, келісу комиссияларының мүшелері үшін жыл сайын тегін ұйымдастырады.
27 қазанда онлайн оқытуға Алтынсарин, Амангелді, Денисов, Қостанай, Сарыкөл және Федоров аудандарынан, сондай-ақ Қостанай қаласынан 500-ден астам адам қатысты.
Оқыту барысында Жергілікті кәсіподақтың заң клиникасының жетекшісі Нина Суворова келісу комиссиялары қызметінің негіздері туралы айтып, сот тәжірибесіндегі нақты еңбек дауларының мысалдарын және кәсіподақ мүшелерінен келіп түскен өтініштерді талдады.
Тыңдаушылар өздерін қызықтырған сұрақтарын қойып, тәжірибеде қолдануға болатын нақты түсіндірмелер алды.
Алғашқы пікірлер де келіп түсті:
— Мазмұнды әрі нәтижелі оқыту үшін алғысымызды білдіреміз!
— Барлығы түсінікті, қолжетімді тілде, тәжірибеден алынған мысалдармен жеткізілді. Өте пайдалы ақпарат!
Оқыту 28 және 29 қазанда жалғасады. Оған облыстың басқа аудандары мен қалаларындағы, сондай-ақ облыстық білім беру ұйымдарындағы келісу комиссияларының мүшелері қатысады.
Жалпы алғанда, 2000-ға жуық адамды оқытумен қамту жоспарланып отыр.