Ұрпақтар сабақтастығы – ұстаздық жолдың жалғасы

Қаратай Ұлмекен Талғатқызы 2003 жылы 31 қазанда Қостанай облысы, Амантоғай ауылында дүниеге келген. Ол білім берген ұстаздарының өнегесін жалғастырып, туған мектебіне қайта оралып, жас ұрпаққа сапалы білім мен саналы тәрбие беруді басты мақсат етіп келеді. 2010 жылы Амантоғай жалпы білім беретін мектебінің табалдырығын аттап, 1-сыныпқа қабылданды. Оның білімге деген қызығушылығын оятып, сауатын ашқан алғашқы ұстазы – Жүргінбекова Үміт Төкенқызы. Бастауыш сыныптан кейін 5–11 сыныптар аралығында сынып жетекшісі Едресова Жұлдызай Уәлиқызының тәлім-тәрбиесін алып, мектеп өміріне белсене араласты. Ұстаздарының өнегелі еңбегі мен берген тәрбиесі оның болашақ мамандық таңдауына үлкен әсер етті.
Мектеп қабырғасында жүріп қоғамдық жұмыстарға, мәдени және шығармашылық іс-шараларға белсенді қатысып, өз қабілетін көрсете білді. 2021 жылы мектепті сәтті аяқтап, білім берген ұстаздарының үлгісін бойына сіңіре отырып, ұстаздық жолды таңдады. Осы мақсатпен Ыбырай Алтынсарин атындағы Арқалық педагогикалық институтына «Музыка пәні мұғалімі» мамандығы бойынша оқуға түсті. Студенттік жылдары ол үшін кәсіби қалыптасудың маңызды кезеңі болды. Кураторы Шаяхметова Айгуль Асылхановнаның жетекшілігімен білім алып, фортепиано пәні бойынша кәсіби дағдыларын дамытты.
Ұстаздарының бағыт-бағдары мен қолдауы оның музыка саласындағы шеберлігін шыңдауға ықпал етті. 2025 жылы Ыбырай Алтынсарин атындағы Арқалық педагогикалық университетін сәтті аяқтап, бакалавр дәрежесін алып, музыка пәні мұғалімі мамандығын меңгеріп шықты. Еңбек жолын өзі білім алған Амантоғай жалпы білім беретін мектебінде бастады. Бір кездері оқушы болып білім алған алтын ұя мектебіне енді жас маман ретінде оралып, ұстаздарының жолын жалғастырды. Алғашында аға тәлімгер қызметін атқарып, оқушылардың шығармашылық және қоғамдық белсенділігін арттыру бағытында жұмыс жүргізді.
Қазіргі таңда Қаратай Ұлмекен Талғатқызы музыка пәні мұғалімі ретінде мектеп өміріне белсене араласып, оқушылардың өнерге, шығармашылыққа деген қызығушылығын арттыруға үлес қосып келеді. Ол мерекелік күндер мен атаулы шаралар аясында түрлі мәдени-көпшілік іс-шараларды ұйымдастырып, концерттер, байқаулар, тәрбиелік кештер өткізуге атсалысып жүр. 2025–2026 оқу жылында аға тәлімгер ретінде бірқатар жетістіктерге жетті. «Мектеп балалар көзімен» аудандық жобалар байқауына робототехника бағыты бойынша оқушыларын дайындап, бас жүлдені жеңіп алды. Облыстық кезеңде де жүлделі 1 орынды иеленіп, 3 миллион теңге сертификатына қол жеткізді. Сонымен қатар, «Оқушылардың өзін-өзі басқару көшбасшысы», «Армандастар», «Шексіз балалық шақ», «Ақ желкен» байқауларына оқушыларын дайындап, жоғары нәтижелер көрсетті.
Қаратай Ұлмекен Талғатқызы – өз ісіне жауапкершілікпен қарайтын, шығармашылық ізденістегі жас маман. Алдағы уақытта да білім мен өнерді ұштастыра отырып, оқушылардың жан-жақты дамуына үлес қосуды көздейді.