Еңбек – адамды биікке жетелейтін ең асыл қасиет. Ал сол еңбегін ұрпақ тәрбиесіне арнап, саналы ғұмырын мектеппен байланыстырған жанның орны әрдайым ерекше. Осындай қадірлі жандардың бірі – Қостанай облысы әкімдігі білім басқармасының «Жангелдин ауданының білім бөлімінің Ы.Алтынсарин атындағы жалпы білім беретін мектебі» коммуналдық мемлекеттік мекемесінің физика пәнінің мұғалімі #Маханова Айнаш Мұхамбетжановна.
Айнаш Мұхамбетжановна 1965 жылдың 1 тамызында Торғай облысының Станция ауылында дүниеге келген. Балалық шағынан білімге құштар болып өскен ол ұстаздық жолды жүрек қалауымен таңдады. 1983 жылы Ы.Алтынсарин атындағы Арқалық педагогикалық институтына оқуға түсіп, 1988 жылы жоғары білім алып шықты. Содан бері ұстаздық атты ұлы жолдан айнымай, шәкірт тәрбиесіне саналы ғұмырын арнап келеді. Еңбек жолын 1989 жылы бастап, 2005 жылға дейін «Ш.Уәлиханов атындағы жалпы білім беретін мектебі» КММ-де математика пәнінің мұғалімі қызметін атқарды. Кейіннен Ы.Алтынсарин атындағы жалпы білім беретін мектебі ұжымына келіп қосылып, бүгінгі күнге дейін осы білім ордасында жемісті еңбек етіп келеді. Жалпы педагогикалық еңбек өтілі – 37 жыл болса, соның 20 жылы қазіргі ұжыммен тығыз байланысты.
Ұстаздық – тек сабақ берумен шектелмейтін, үздіксіз ізденіс пен кәсіби дамуды талап ететін мамандық. Бұл талапты терең түсінген Айнаш Мұхамбетжановна өз білімін ұдайы жетілдіріп келеді. 2022 жылы «10–11 сынып оқушыларының білім беру нәтижелерінің сапасын арттыру контексінде физика мұғалімдерінің пәндік құзыреттілігін дамыту» тақырыбындағы 80 сағаттық оқу курсын аяқтап, кәсіби біліктілігін арттырды.
Айнаш Мұхамбетжановнаның еңбегінің басты көрсеткіші – шәкірт жетістігі. Ұстаз дайындаған оқушылар түрлі деңгейдегі олимпиадалар мен байқауларда жоғары нәтижелер көрсетіп келеді. 2021 жылы облыстық юниорлық олимпиадада 8-сынып оқушысы Қуандық Арайлым ІІ орын иеленсе, кейін де шәкірті аудандық олимпиадаларда жүлделі орындардан көрінді. 2023 жылы Мырзатай Арайлым аудандық олимпиадада І орын алып, ұстаз мерейін үстем етті. Сонымен қатар Марқабай Нұрай, Маңабай Қарлығаш секілді оқушылары да білім додаларында жүлделі орындарға ие болды.
Шәкірттерінің шығармашылық және зияткерлік дамуына да ерекше көңіл бөлетін педагог республикалық және халықаралық деңгейдегі байқауларға оқушыларын қатыстыруда нәтижелі еңбек етіп келеді. Сапарғали Мұхтархан республикалық «Сиқырлы пластилин» интернет-байқауында І орын иеленсе, Сәбитбек Мәдина Санкт-Петербург мемлекеттік университеті ұйымдастырған физика пәні бойынша ғаламтор-олимпиадасына қатысып, білім көкжиегін кеңейтті.
Ұстаз еңбегі қашанда еленуге тиіс. Айнаш Мұхамбетжановнаның ауданның қоғамдық өміріне белсенді араласуы мен білім саласына қосқан үлесі де жоғары бағаланып, «Жангелдин ауданының құрылғанына 90 жыл» мерейтойлық төсбелгісімен марапатталды.
Айнаш Мұхамбетжановна – шәкірт жүрегіне жол таба білген, білім мен тәрбиені қатар ұстанған, еңбекке адал ұстаз. Оның ұзақ жылғы қызметі – жас педагогтерге үлгі, кейінгі буынға өнеге.
Еңбек адамы – атақпен емес, маңдай терімен танылады. Осы тұрғыдан алғанда Айнаш Мұхамбетжановнаның ғұмыры – ұстаздыққа адалдықтың, еңбекке беріктіктің және ұрпақ алдындағы жауапкершіліктің жарқын үлгісі.