Кейде бір ауыз сөз адам тағдырын айқындап жататыны рас. «Сенен нағыз мұғалім шығады» деген ұстаздарының сенімі сол кездегі 5-сынып оқушысы Райханның жүрегіне ұялап, өмірлік мақсатына айналды. Бүгінде Райхан Набиқызы
#Оспанова сол сенім үдесінен табылып, таңдаған жолының биігінен көрініп келеді.
Райхан Набиқызының еңбек жолы үздіксіз ізденіс пен бейімделу кезеңдерінен бастау алды. Педагогикалық училищені бастауыш сынып мұғалімі мамандығы бойынша тәмамдаған шағында тағдыр оны бірден мектеп табалдырығына жетелей қойған жоқ.
Мамандық бойынша бос орынның болмауына байланысты еңбек жолын пионер жетекшісі әрі ұзартылған күн тобының тәрбиешісі ретінде бастайды. Уақыт өте, декреттік демалыстан соң әріптестері қызметтеріне қайта оралған соң, Райхан Набиқызы балабақшаға бет бұруға мәжбүр болды. Алғашында бұл уақытша шешім сияқты көрінгенімен, шын мәнінде оның жүрек қалауына айналатынын сол кезде ешкім білген жоқ.
Бүгінде Райхан Набиқызы «Айгөлек» балабақшасында табан аудармастан 21 жыл еңбек етіп келеді. Бұл – бір ұжыммен біте қайнасқан, талай буынды тәрбиелеп өсірген, мағынасы терең жылдар легі. Жаны жайсаң әріптесім осынау балабақшаға алғаш келген сәтін әлі күнге дейін жылылықпен еске алады. Алғашқы тәрбиеленушілерінің әрбір қылығы мен мінез-құлқы оның жадында анық сақталған. Бүгінде қырықтың қырқасына шыққан сол бүлдіршіндердің ішінде сабырлы да зерек Ержаны, тентек болса да алғыр Медеті, тәрбиешісінен бір елі ажырамайтын Мараты бар.Жуас және момын балаларға қарағанда, тентектеу балалар тәрбиешінің жүрегінде ерекше орын алатынын айтады ол.Бұл тұжырыммен еріксіз келісесің. Неге десеңіз, дәл осындай балалармен жұмыс істеу – үнемі ізденісті, төзімділік пен шексіз мейірімді қажет етеді.
Жылдар жылжып, заман өзгерген сайын Райхан Набиқызының кәсібіне деген көзқарасы да тереңдей түскен. Қазіргі таңда балабақша жұмысының заманға сай жаңарып, жауапкершіліктің арта түскенін де ол жақсы түсінеді. Десе де, тәжірибелі тәрбиешілердің мол тәжірибесі мен жас мамандардың жаңашылдығы ұштасқан жерде ғана биік нәтижелер болатынына сенімді. Кезінде тәлім берген шәкірттері көшеде танып, ілтипат танытқанда, ерекше толқитынын жасырмайды.Себебі бұл – ешқандай марапатпен өлшенбейтін, тек жүрекпен берілетін үлкен баға.Таңдаған мамандығы емес, тағдырына айналған тәрбиешілік жолында ол әлі талай бүлдіршіннің жүрегіне ізгілік пен мейірім дәнін себуден жалықпақ емес.
Рузагуль НУРУШЕВА,
«Айгөлек» бөбекжайының
тәрбиешісі,
Әулиекөл ауданы